Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары ғылыми-техникалық қызметті дамыту және жоғары оқу орындарының экономиканың нақты секторымен байланысын күшейту мәселелері бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді.
Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп кездесуді аша келіп, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту уақыт талабы екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне келіп, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға ұмтылуда. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ету үшін ғылымның нақты сектормен тиімді, жүйелі және институционалды түрде бекітілген өзара байланысы қажет.
«Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың әлсіздігі әлі де шешілмеген негізгі мәселенің бірі болып табылады. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі экономикаға нашар енгізіледі және университеттегі инновациялық жобалардың көпшілігі іс жүзінде қолдануға жетпейтінін деректер көрсетіп отыр. Бұл қолдану мәселелерін шешуде отандық ғылымның тиімді құрал болуына жол бермейді. Осыған байланысты ғылыми-техникалық қызметті жандандыру және жоғары оқу орындарының нақты сектормен өзара жүйелі іс-қимылы стратегиялық сипатқа ие болады», – деді Нұртөре Жүсіп.
Сонымен қатар, Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Абай Серікқанов Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуын тежейтін жүйелі кедергілер туралы баяндама жасады. Ол білім экономикасына жаһандық көшу мен технологиялық егемендік жағдайында елімізге тиімді, стратегиялық басымдыққа ие ғылым жүйесі қажет екенін атап өтті. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру деңгейінің төмендігі, ғылыми әзірлемелерді коммерциялаудың әлсіздігі, білікті инженерлердің тапшылығы және жоғары оқу орындарының нақты сектордан алшақтығы негізгі проблемалардың қатарында аталды.
Шараға сонымен қатар денсаулық сақтау, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, энергетика министрліктерінің, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері және ғылым саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.
Суретті түсірген: А.Байжұманов