Бүгін Орал қаласында «Қоғам үні: еңбек адамы және аймақтық даму» атты XII Азаматтық форумы өтті. Бұл форум – өңірдің азаматтық қоғамының жетістіктерін қорытындылап, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларға жол ашатын маңызды алаң.
Форум аясында азаматтық сектордың аймақтық дамудағы рөлі, мемлекеттік құрылымдармен тиімді серіктестік орнату жолдары мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру тәжірибелері талқыланды. Қатысушылар қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде:
«Азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал етеді» – деген болатын. Бұл сөздер бүгінгі форумда көтерілген мәселелермен үндесіп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында азаматтық сектор орнықты жүйеге айналып келеді. Өңірде ресми тіркелген 678 үкіметтік емес ұйымның шамамен 100-і белсенді жұмыс жүргізуде. Облыс көлемінде сондай-ақ 7 саяси партияның филиалы, 54 этномәдени бірлестік және 14 Қоғамдық кеңес бар.
Азаматтық ресурстық орталығы облыстағы үкіметтік емес ұйымдарға консультативтік және әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Соңғы екі жылда орталық 350-ден астам кеңес өткізді. Биыл өңірлік ұйымдарға арналған тәжірибе алмасу мақсатындағы «стади-турлар» ұйымдастыру жоспарланған.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі де айтарлықтай артты. Егер 2021 жылы бұл мақсатқа 774 млн теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл сома 1,4 млрд теңгеге жетіп отыр. Әлеуметтік жобаларды іске асыруға 160 жоба енгізілген. Бұл бағытта 4 басқарма, Орал қаласы және 12 аудан әкімдіктері белсенді жұмыс жасауда.
2025 жыл – Қазақстан үшін тарихи мәні бар атаулы оқиғаларға толы. Атап айтсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы және Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы секілді мерейтойлар аталып өтеді. Осы мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу ісінде азаматтық сектордың үлесі айрықша болмақ.
Форумда айтылғандай, үкіметтік емес ұйымдар – бұл қоғамның ар-ожданы мен азаматтық санасының айнасы. Олар билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Облыс орталығынан бөлек, ауылдық жерлердегі мәселелерді де шешуде осы ұйымдардың белсенділігі жоғары.
Батыс Қазақстан облысында азаматтық қоғамның дамуы қарқынды. Алдағы уақытта да азаматтық бастамалар мен қоғамдық пікірлер ел болашағын айқындайтын маңызды фактор ретінде бағаланбақ.