Этномедиацияның басты мақсаты – қоғамдағы әлеуметтік қақтығыстардың этносаралық қақтығыстарға айналып кетуіне жол бермеу, этносаралық шиеленіске жеткізбей, алдын алу, татуластыққа қол жеткізу.
Сәуір айында өткен Қазақстан Халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қ.К.Тоқаев: «Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және солай болып қала береді»,-деп атап көрсете отырып, «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Ішкі істер, Әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен бірлесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетсін, «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтсін», -деп тапсырма берді.
Маңғыстау облысы бойынша этномедиация бағытында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Солардың бірі – «Ассамблея.Парламент.Маслихат» жобасы. Ол бойынша Маңғыстау облыстық мәслихаты Қазақстан Халқы Ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс жасап жатыр. Аталған жоба аясында облыс, аудан, қала депутаттарынан ҚХА-ның депутаттық тобы құрылып, аталған топтың жұмыс жоспарына сәйкес қабылдаулар жүргізілуде. Қабылдауда депутаттармен бірге этномедиаторлар да жұмыс жасайды. Себебі, депутаттардың қабылдауына арыз-шағыммен келген тұрғындардың этносаралық қатынастарға қатысы бар, жоғы зерделеніп отырады. Ол бүгінгі таңда өзінің нәтижесін беріп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы Ақтау қаласының түркі әлемінің мәдени астанасы болып белгіленуіне орай, Маңғыстау облысының этномедиациясын дамыту және шетелдегі әріптестермен тәжірибе алмасу жұмыстары да жоспарланып отыр. Осы орайда айта кету керек, Алматы қаласында Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Академиясы базасында 2024 жылдың 23-27 желтоқсаны аралығында өткен курста 2 этномедиатор біліктілігін арттырса, 23-27 маусым аралығында тағы да 4 этномедиатор өз біліктіліктерін шыңдады. Одан бөлек, биылғы жылы тағы да этномедиаторлардың біліктілігін арттыру мақсатында 28 шілде мен 8 тамыз аралығында30 этномедиатор жалпы және арнайы курстардан өтіп, «Парасат» медиация және құқық орталығының сертификатын алды.
ҚХА-ның 13 жобасының бірі – «Елдесу және татуласу» жобасы бойынша жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс жасап отырмыз. Осы орайда 23 мамыр күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, облыстық мәслихат және этномедиация кеңесінің төрағасы, Маңғыстау облыстық Прокуратура, сот және білім басқармасы, Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы, облыстық полиция департаменті, Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, этномедиаторлар, мәслихат депутаттары, саяси партиялар, Ассамблея жастары қатысқан дөңгелек үстел өткізіліп, Маңғыстау облыстық Этномедиация кеңесі мен Маңғыстау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының және «Қоғамдық келісім» мекемесі мен облыстық білім басқармасының арасында жасалған меморандумдарға қол қойылды.
Әрине, Ассамблеяның барлық бағыты маңызды, себебі олардың әрқайсысында халықтың тарихы, абыройы мен қадір-қасиеті көрініс табады. Ал этномедиаторлардың тарихи жадыны сақтаушы әрі келісім мен бейбітшілік мәдениетін қалыптастыра алатын, өткенді шынайы түсіну мен мәдени алуандылықты құрметтеуге негізделген дәнекер тұлғалар ретіндегі рөлі ерекше.
Ел Президентінің «Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту»,-деп атап көрсеткеніндей, Қазақстан Халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясында берілген тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, құқықтық мемлекет қалыптастыру, ағартушылық қызмет, қақтығыстардың алдын алу және әрбір азаматты қоғамдық келісімді нығайту үдерісіне тарту арқылы татулық пен ауызбіршілік жолындағы қызметімізді жалғастыра береміз.
Жаңбырбай Матаев – Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы, ҚХА медиация кеңесінің төрағасы