Елордада тұрғындарға жаңа мамандықтарды меңгеруге, жұмыс табуға және табысын арттыруға мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жалғасып жатыр. Бағдарлама түлектерінің бірі Әлия Нажбиева жоба бойынша оқудың оған кәсібін кеңейтуге қалай көмектескенін айтып берді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Әлия бірнеше жылдан бері тапсырыспен түрлі бұйымдар тігіп келеді. Ол жеке кәсіпкерлігін ашып, Kaspi платформасында дүкенін жүргізуде. JOLTAP жобасына ол кәсібін кеңейту мақсатымен келген.
«Жоба туралы Instagram-нан білдім де, бағымды сынап көргім келді. Үйімнің жанынан модульдік пунктерді көріп, кіріп едім, нәтижесінде бірден екі курсқа жазылдым: «Kaspi дүкеніндегі сауда» және «Бухгалтерлік есептің негіздері», – деді астаналық тұрғын.
Оның айтуынша, оқу тәжірибеге негізделген, пайдасы мол болды, теориямен қатар практика да болған.
Әлия қазір де Kaspi арқылы саудасын жалғастырып, дүкенін жүргізіп отыр және салық органдарына есепті дұрыс тапсыруды біледі.
Оның білімі басқа кәсіпкерлерге де қажет болып шықты. Енді оған бухгалтерлік есеп жүргізу бойынша кеңес пен көмек сұрап жүгінетіндер көбейген.
«Алдағы уақытта тек тігіп, бұйымдарды сатумен ғана емес, сонымен қатар ЖК мен ЖШС-ге бухгалтерлік қызмет көрсетумен айналысуды жоспарлап отырмын. Бұл менің жеке дамуыма жаңа мүмкіндіктер ашады», — деп атап өтті Әлия.