ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаментінің мамандары Тараз қаласындағы М-1 және М-3 жылу магистральдерін қайта жаңғырту барысымен танысты.
М-1 магистраліндегі жұмыстар Сыпатай батыр, Төле би және Тұрысов көшелерін қамтиды. Жалпы ұзындығы – 6 шақырымнан асады. Өткен жылы басталған жоба аясында бүгінде 4,6 шақырым құбыр жаңартылды. Биыл тағы 1,5 шақырым құбыр ауыстыру жоспарланған. Құбырларды монтаждау және бөлшектеу жұмыстары аяқталып, бүгінде кері көму жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс 26 сәуірде басталды, тамыз айының соңына дейін аяқталмақ. Гидравликалық сынақтар техникалық талаптарға сай өткізілді.
М-3 жылу магистралі Жамбыл даңғылы, Қонаев және Сейфуллин көшелерін қамтиды. Жалпы ұзындығы – 1,4 шақырым. Биыл 650 метр құбырды ауыстыру жоспарланып, соның 526 метрі орнатылды. Жұмыстарды қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.
Қайта жаңғырту жобалары 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық шеңберінде қала тұрғындарын сенімді және тиімді жылумен қамтамасыз етуге бағытталған. Энергетика министрлігі жобаларды жүзеге асыру барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.