Ақкөл қаласында «Агро Протеин» ЖШС жүзеге асырған мал азығына арналған протеин өндіретін жаңа зауыттың салтанатты ашылуы өтті. Аталған инвестициялық жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және жемшөп қоспаларының импорттық тәуелділігін азайтуға бағытталған.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты айына 150 тоннадан астам шикізатты құрайды. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, екінші желіні іске қосу жоспарланған. Бұл құрамажем мен монокорм шығаруға мүмкіндік береді. Өндірістің негізі – ірі қара малдың, жылқылардың және өзге де жануарлардың терілерін қайта өңдеу. Зауыт шығаратын протеин құсқа, балыққа, жылқыға, қойға және ірі қара малға қолданылады. Рационға протеин қосу дәстүрлі жемнің тиімділігін 40%-ға дейін арттырады, бұл өз кезегінде мал және балық шаруашылықтарының өнімділігін едәуір көбейтеді.
Заманауи жабдықтар мен инновациялық тәсілдер жоғары сапалы өнім шығаруға мүмкіндік береді. Өнімге мал шаруашылығында ғана емес, аква мәдениетте де сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде балық өсіру кәсіпорындарымен алғашқы келісімшарттар жасалды, сүт саласы бойынша да жұмыстар жүргізілуде.
Жоба «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Сондай-ақ, Ақкөл ауданының әкімдігі жер телімін бөлуге, инженерлік желілерді тартуға және өндірісті іске қосуға қажетті инфрақұрылымды жасауға қолдау көрсетті.
Салтанатты шарада Ақкөл ауданының әкімі Біржан Абдрахманов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақмола филиалының директоры Дархан Тапанбаев, сондай-ақ «Агро Протеин» ЖШС бас директоры Асхат Мадиев құттықтау сөз сөйледі.
Зауыттың іске қосылуы жоғары инвестициялық маңызға ие. Ол өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін береді; жемшөп қоспаларының қолжетімділігі есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуін ынталандырады және жаңа жұмыс орындарын ашады – алғашқы кезеңнің өзінде аудан тұрғындарының ондағаны жұмысқа орналасты, ал болашақта өндірістің кеңеюіне байланысты штаттың ұлғаюы жоспарлануда.