Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Татарстанның халық әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Габдулла Тукай атындағы Татарстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Альбина Шагимуратова мен Михаил Глинка атындағы халықаралық вокалистер байқауының лауреаттарының концерті өтті.
Алматыдағы концерт Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Армения және Беларусьті қамтитын халықаралық гастрольдік тур аясында ұйымдастырылды. Жоба көрнекті әнші, байқаудың негізін қалаушы және көп жылдар бойы көркемдік жетекшісі болған Ирина Архипованың 100 жылдығына арналды.
«Бұл гастроль біз үшін Алматыны, Астананы және жалпы Қазақстанды танып-білуге, жаңа мәдениет пен көрермендермен жүздесуге тамаша мүмкіндік болды. Мұндай кездесулер тек музыка үшін ғана емес, өмірдің өзі үшін де маңызды», — деді Альбина Шагимуратова.
Концерт бағдарламасында Моцарт, Верди, Беллини, Доницетти, Россини, Бородин, Римский-Корсаков, Стравинский және басқа да композиторлардың операларынан ариялар мен ансамбльдер орындалды.
Альбина Шагимуратовамен бірге сахнаға Глинка атындағы байқаудың лауреаттары шықты: Екатерина Савникова (сопрано, III сыйлық), Екатерина Лукаш (меццо-сопрано, I сыйлық), Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Отабек Назиров (тенор, I сыйлық), Константин Федотов (бас, II сыйлық) және Кирилл Попов (тенор, дипломант). Абай атындағы ҚазҰОБТ симфониялық оркестрін Татарстанның халық әртісі Ренат Салаватов басқарды.
Күрделі опералық партиялардың ең үздік орындаушыларының бірі ретінде танылған Альбина Шагимуратова Беллинидің «Норма» операсындағы Норманың каватинасын — «Casta diva» және Вердидің «Отелло» операсындағы Дездемонаның сахнасын орындады.
Кештің финалы Вердидің «Травиата» операсындағы әйгілі «Застольнаямен» аяқталды. Бұл шығарманы әнші жас лауреаттармен бірге орындады