фото:ашықдереккөз
Елдің экономикалық әлеуетін айқындайтын әуелгі өлшемнің бірі – өңірлердің даму көрсеткіші. Бүгінде Қазақстанның әр аймағының даму қарқыны әркелкі: бір өңір инвестиция тартып, жаңа өндіріс ашып жатса, екіншісінде инфрақұрылым мен жұмыс орындары әлі де шешімін күтуде. Бірақ аймақтардың табысты дамуы тек қаржыға ғана емес, жергілікті биліктің тиімділігіне, халықтың белсенділігі мен кәсіпкерліктің қарқынына да байланысты. Еліміздің тұрақты дамуы үшін өңірлер арасындағы теңгерім сақталуы маңызды. Себебі қуатты өңір – қуатты мемлекет. Сондықтан бүгінде аймақтардың экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту – мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр.
Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 6,3% құраған болатын. Үкімет басшысы Олжас Бектенов отырыста экономиканың ары қарай да орнықты дамуы үшін, ең алдымен, өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында қарқынды арттыру қажеттігін айтты. Мұндай оң өзгерістердің өзегі әрине өңірлердегі экономикалық белсенділіктің артуы. Қалай болғанда да негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша 11 өңірде оң динамика байқалған. Десе де, өңірлер бойынша қалыптасқан көрініс ел экономикасының әркелкі даму қарқынын айқын көрсетеді. Мысалы, Астана (+19,4%) – іскерлік белсенділіктің басты орталығына айналып келеді. Мұнда қызмет көрсету, IT және құрылыс секторының үлесі артуда. Ал Түркістан облысы (+14,8%) мен Шымкент (+13,7%) оңтүстіктің жаңа экономикалық осін қалыптастыруда. Бұл аймақта құрылыс қарқыны, логистика мен агроөнеркәсіптің дамуы қатар жүріп жатыр. Атырау облысы (+13,6%) мұнай-газ циклінің жалғасуы мен өңдеу саласының жаңғыртылуын көрсетуде. Ал Шығыс Қазақстан облысы (-2,2%) мен Ұлытау облысы (-0,9%) әзірге артта қалу аймағында қалып отыр. Tengenomika сараптама арнасының авторы, экономист Ғалымжан Айтқазиннің пайымдауынша, 9 пайыздық өсім – бұл мықты нәтиже. Бірақ негізгі сұрақ – бұл өсімнің сапасы қандай?
“Егер оның қозғаушы күші көлік, құрылыс пен сауда болса, онда экономика көлемге сүйеніп, тиімділікке емес, шамадан тыс кеңеюге негізделіп отыр деген сөз. Мұндай өсім қысқа мерзімде жұмыспен қамтуды және қозғалысты қамтамасыз еткенімен, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа кепіл бола алмайды. Сапалы өсімге көшу үшін басымдықтарды өзгерту қажет. Біріншіден, экстенсивті құрылыстан – энергия үнемдейтін және инновациялық жобаларға көшу, екіншіден, көлік инфрақұрылымының өркендеуінен – бағыт бойындағы қосылған құнды өндіруге бет бұру. Сонымен қатар саудадан – өз өндірісін және өңделген өнім экспортын дамытуға басымдық беріп, ЖІӨ-нің сандық ұлғаюынан – еңбек өнімділігі мен адами капиталдың сапасын арттыруға басымдық беру қажет”, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, қалай болғанда да 2025 жылы еліміз экономикалық өсімге жылдам қол жеткізу мүмкін екенін дәлелдеді. Демек, келесі 2026 жыл бұл көрсеткішке байыппен қол жеткізуге болатынын көрсету қажет. Ол үшін ең алдымен ел өңірлеріндегі инженерлік инфрақұрылымдарды жаңарту қажеттігі талай мінберден сөз болғаны белгілі. Дегенмен бұл бағытта да жетістіктер жоқ емес. Мысалы, жақында Энергетика министрлігі Ақмола облысының әкімдігі және ұлттық “QazaqGaz” компаниясымен бірлесіп, Ақмола облысының Талапкер және Алтынсарин ауылдарында жаңа газбен қамту нысандарын іске қосты. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы 13,8 мыңнан астам тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде ауыл халқының өмір сапасын арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және өңірдің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
«Өңірімізде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Жолдарды жөндеу, сумен, электрмен және қазір міне, табиғи газбен қамтамасыз ету – мұның бәрі тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға арналған. Бүгін баршамыз үшін маңызы зор оқиға орын алды – Ыбырай Алтынсарин және Талапкер ауылдарына газ келді. Барлығыңызды шын жүректен құттықтаймын», – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Ұзындығы 200 шақырым асатын құбырлар желісі сағатына 26,7 мың текше метр газ тасымалдауды қамтамасыз етеді. Сала өкілдерінің айтуынша, газ қысымын реттеп, тарату қосындары екі ауылдағы 7 мыңдай үйді көгілдір отынмен тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал бұл еліміздің орталығындағы суық ауа райында өте өзекті болып отыр.
Одан кейінгі орында кей өңірлерде Кеңес дәуірінен келе жатқан ТКШ инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары тұр. Үкімет басшысы осыған дейін тариф саясатын ұстамды жүргізіп, ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін тартуға және монополистердің операциялық шығындарын қайта қарауға ниетті екенін мәлімдеген болатын. “Жыл соңына дейін коммуналдық қызмет тарифтері көтерілмейді. Болашақта кез келген өзгеріс әлеуметтік сезімталдықты ескере отырып жасалуы тиіс”, – деді О.Бектенов.
Сондай-ақ, ол экономиканы әртараптандыру мен өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін нақты қадамдар қажеттігін айтты. “Бізге терең өңдеу және ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім шығару маңызды. Сала министрлері мен ұлттық компания басшылары жергілікті өндірушілердің тапсырыспен қамтылуын жеке бақылауға алуы керек”, – деді ол.
Сонымен қатар өңірлерді ауыз сумен қамту да осы уақытқа дейін күн тәртібінен түспеген тақырып болатын. Бірақ бүгінде қала халқының 99,3%-ы және ауыл тұрғындарының 97,5%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілгені белгілі болып отыр. Өйткені жазда Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 10 өңірде бұл көрсеткіш 100%-ға жеткенін жария еткен. “Бұлар -Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарының қалалары мен Маңғыстау облысының ауылдары”, деді ведомство басшысы.
Ауыз суды айтып, инвестицияны айналып өту мүмкін емес. Себебі тіршілік бар жерге қара су қалай керек болса, экономиканың ары қарай өркендеп қанат жаюы үшін тартылған қаражаттың ауқымды болуы солай қажет. Өңірлеріміз бұл салаға келкенде батыл қадамдарға бара алмай отыр. Өйткені инвестиция тарту жоспары 93,3%-ға орындалғанымен, 9 өңір межеге жете алмаған. Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға жобаларды сапалы сүйемелдеу мен дер кезінде іске асыруды қамтамасыз ету жүктелді. Көлік саласында да қозғалыс бар. Елдің транзиттік әлеуетін көтеру үшін Алматы айналма жолының құрылысы жалғасып жатыр, ал “Достық-Мойынты” бағыты бойынша тасымалдар көлемі артады. Сонымен бірге, шетелдік рұқсат қағаздарын электронды форматқа көшіру жұмыстары да жүріп жатыр.
Қорытындылай айтқанда, ауыл шаруашылығы, көлік және сауда секторы ел экономикасының тірегі болып қала береді. Ендігі мақсат – осы бағыттардағы жетістікті ұзақмерзімді нәтижеге айналдыру. Экономикалық өсім сандармен ғана емес, халықтың тұрмыс сапасымен де өлшенетінін ұмытпаған абзал.
Өркен Жайылған
altyalash.kz