2023 жылдан бері елімізде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» стратегиялық жобасы іске асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан жоба басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған.
Жаңа форматтағы «Келешек мектептеріне» баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында Қазақстанның түкпір-түкіпірен ашылатын 217 білім ордасы ұлттың озық білім мен тың мүмкіндік ортасы болмақ. Жаңа мекептер қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған. Бұл жоба әр баланың толыққанды дамуына зор мүмкіндік береді. Жалпы Атырау облысында 16 мыңға жуық оқушы орнына арналған 9 мектептің құрылысы жоспарланған, оның төртеуі пайдалануға берілген.
Қазіргі заман – үнемі дамуды, бейімделуді және жаңашылдықты талап ететін кезең. Әсіресе, білім беру саласы қоғамның дамуымен қатар ілесіп, үнемі жаңарып отыруы тиіс. Бұл өзгерістерді іске асырып, ұжымды, оқушыларды және ата-аналарды жаңа бағыттарға бастап апаратын негізгі тұлға – мектеп директоры. Сондықтан да бүгінгі мектеп директоры – жай ғана әкімшілік қызметкер емес, өзгерістердің көшбасшысы ретінде танылады.
Қоғам дамыған сайын білім беру саласына қойылатын талаптар да артып келеді. Мектеп басшысы ретінде менің алдымда заман ағымын дәл түсініп, білім ордасын жаңаша басқару талабы тұр. Бүгінгі таңда еліміздегі білім беру жүйесінде терең реформалар жүргізілуде. Жаңартылған білім мазмұны, цифрлық технологияларды енгізу, инклюзивті білім беру, құндылықтарға негізделген тәрбие – мұның бәрі мектеп өміріне тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Бұл үдерістерді мектеп деңгейінде тиімді жүзеге асыру – ең алдымен мектеп директорына байланысты.
Мектеп басшысы тек құжаттармен айналысатын тұлға емес. Ол – педагогтер ұжымының көшбасшысы, оқушылар мен ата-аналардың сенімді серігі, қоғаммен тиімді байланыс орната алатын ұйымдастырушы. Директор жаңашыл болса, мектеп те жаңарады. Директор үнемі ізденісте жүрсе, мұғалім де, оқушы да дамуға ұмытылады. Ең алдымен ол – стратег. Болашақты болжай алатын, мектеп дамуының нақты бағытын айқындай алатын тұлға. Ашық диалог орнатып, әр ұстаздың, оқушының және де ата-ана пікіріне құлақ асып, ұжымда сенім мен қолдау мәдениетін қалыптастыруы қажет. Уақыт талабына сай жаңа технологиялар мен әдістемелерді енгізіп, заманауи білім беруге жол аша білуі тиіс.
Ал, мектеп – бұл тек білім ордасы ғана емес, үлкен әлеуметтік орта. Бұл ортада өзара сенім, серіктестік пен қолдау болса, білім беру сапасы да соғұрлым артады. Сондықтан да, менің ойымша, директор – ұжымды алға жетелейтін, өзгерістерге бастайтын, нағыз көшбасшы болуы тиіс. Өзгеріс көшбасшысы ретінде білім сапасын арттыру, заманауи технологияларды енгізу, мұғалімдердің кәсіби дамуына қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келемін.. Мектептің материалдық-техникалық базасы керекті құрал-жабдықтармен түгел қамтылған. Оқушылардың қабілетін ашуға бағытталған жобалар мен шығармашылық орталарды дамыту аясында мектебімізде көптеген үйірмелер жұмыс жасайды.
Қорыта айтқанда, мектеп директорының көшбасшылық рөлі – білім беру сапасының басты кепілі. Өзгерістерге бастай алатын, білім трендтерін қолдана алатын, уақыт талабына сай бейімделе білетін басшы ғана – болашаққа сенімді қадам жасай алатынына сенімім мол. Қарыштап дамып бара жатан заманда осындай өзгеріске бейім көшбасшылар көп болса, еліміздегі білім саласының болашағы жарқын болады.
Хуандыкова Орынгүл Хаджыгалиевна,
Атырау облысы, Атырау қаласы,
№48 жалпы орта білім беретін мектептің директоры

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.