Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі басқару органдарының, күштері мен құралдарының қысқы кезең жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде «Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізілуде. Оқу-жаттығулар мемлекеттік органдардың, шұғыл ден қою қызметтерінің және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарының қыс мезгіліне тән төтенше жағдайларды жою кезіндегі өзара іс-қимылын пысықтауға бағытталған.
Астанада жедел ден қою біріккен жасағының дайындығы тексерілді, жылыту, тамақтандыру және алғашқы медициналық көмек көрсету пункттері бар шатырлы лагерь орнатылды. №29 орта мектеп базасында зардап шеккендерді қабылдау пункті ұйымдастырылды. Іс-шараға ұлттық ұлан, полиция бөлімшелері, волонтерлік ұйымдар мен коммуналдық қызметтер қатысты. Барлығы 46 бірлік техника және жеке құрамнан 135 адам жұмылдырылды.
Алматы қаласында жылу электр орталығындағы шартты аварияны жою, тұрғын үй кешенін авариялық жылумен қамтамасыз ету, зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пунктін орналастыру, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенінің аспалы жолында құтқару жұмыстары мен көшкін жүру кезіндегі іс-қимылдарды қоса алғанда, тоғыз тактикалық кіріспе пысықтаумен аумақтық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығудың нәтижесі қаладағы жедел қызметтердің үйлесімділігі мен кәсіби дайындығын арттыру болды.
Көкшетау қаласында тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығу аңызы бойынша РК-2 қазандық станциясында қазанның бу жарылысы орын алып, соның салдарынан өрт шығып, 17 500 абонентке жылу беру тоқтатылды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті сөндіру және құтқару жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері мен коммуналдық қызметтер авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын орындады. «Көкшетау–Омбы» автожолындағы көлік кептелістері кезіндегі іс-қимылдар және азаматтарды жылыту пункттеріне эвакуациялау шаралары қосымша пысықталды.
Ақтөбе облысында оқу-жаттығулар барысында боран мен қатты аяз кезіндегі іс-қимылдар, жол қозғалысын қалпына келтіру, жылыту пункттерін ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шаралары пысықталды. Өңірдің күштері мен қызметтері қысқы кезеңге дайын екенін растады.
Тараз қаласында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылдарға күштердің дайындығын тексеру мақсатында қалалық жедел жен қою жасағының саптық байқауы өткізілді. Саптық байқауға қалалық жедел бөлімшелердің құрамынан 88 адам және 32 бірлік техника қатысты. «№1 аудандық қазандық» аумағында шартты өртті жою практикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Ұлытау облысында көлік жолдарының және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысы бұзылған жағдайда іс-қимыл жасауға азаматтық қорғау органдары мен күштерінің дайындығы тексерілді, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдарының жедел штабтарының жұмысы ұйымдастырылды. Оқу-жаттығуға 30 бірлік техника және жеке құрамнан 80 адам жұмылдырылды. Барлық қызметтер қысқы кезеңде туындауы ықтимал төтенше жағдайларға дайындық деңгейін көрсетті.
«Қыс-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуларын өткізу қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмдерін пысықтауға, жеделдік, үйлестіру және қолайсыз ауа райы жағдайларындағы іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік берілді.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.