Әзірбайжан мен Өзбекстан ИЫҰ–ның бұл мамандандырылған институтының Жарғысына қол қою арқылы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының толыққанды мүшесі болды.
Әзірбайжан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының (АҚИҰ) Жарғысына қол қою арқылы Қазақстан Республикасының бастамасымен құрылған, штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан осы халықаралық ұйымға мүше елдердің қатарына қосылды.
Жарғыға Баку қаласында өтіп жатқан 19-шы Әзірбайжан Халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі мен форумы аясында Әзірбайжанның Ауыл шаруашылығы министрі Мажнун Мамедов мырза мен Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахманов мырза қол қойды.
Қол қою рәсіміне АҚИҰ Бас директоры Елші Берік Арын, ИЫҰ Бас хатшылығының өкілі Нура Әл-Захрани, Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, сондай-ақ форумға қатысушы елдер мен ұйымдар делегацияларының басшылары мен өкілдері куә болды.
АҚИҰ үшін бұл айтулы оқиғаға орай Берік Арын: «Әзербайжан мен Өзбекстанның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына қосылуы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал беріп, тұрақты және тиімді азық-түлік жүйелерін құру бойынша бірлескен күш-жігерді ілгерілетеді» – деп атап өтті.
Сондай-ақ, АҚИҰ Бас директоры Әзірбайжан мен Өзбекстанның ендігі уақытта 43 мемлекетті біріктіретін Ұйым қызметіне қатысуы аймақтық даму бастамаларын жүзеге асыруда басқа мүше мемлекеттермен ықпалдасу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.
АҚИҰ-ға мүшелік жаңа қосылған мемлекеттерге халықаралық ынтымақтастық тетіктері мен техникалық бағдарламалардың кең ауқымына, соның ішінде әлеуетті арттыру бастамаларына, саяси диалог алаңдарына және ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін басқару жүйелерін жақсартуға және агро азық-түлік секторына инновацияларды енгізуге бағытталған аймақтық жобаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Қазақстан Республикасының бастамасымен құрылып, өз қызметін ресми түрде 2016 жылы бастады. Штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан Ұйым азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және тұрақты ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтарды дамыту бойынша ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың платформасы ретінде қызмет етеді.
АҚИҰ қызметі Азия, Африка және Араб әлемі мемлекеттерін қоса алғанда, ИЫҰ елдерінің кең географиялық аймағын қамтиды. Ұйым ауыл шаруашылығының тұрақтылығын жақсарту, білім алмасуды ынталандыру және тұрақты азық-түлік жүйелерін қолдау мақсатында мүше мемлекеттермен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
