Қазақстанның өңірлерінде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны қаупі бар аумақтарды тексеріп, су нысандарының жай-күйіне мониторинг жүргізуде және инженерлік инфрақұрылымның дайындық деңгейін бағалауда.
Астана қаласында ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев әкімдік өкілдерімен бірге су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Іс-шаралардың мақсаты су тасқыны жағдайын бағалау, қар жамылғысының жай-күйін және оның еру барысын бақылау, еріген судың жиналуы мүмкін орындар мен қауіпті учаскелерді анықтау. Қазіргі уақытта елордадағы су тасқыны жағдайы толық бақылауда, барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Ақмола облысында ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басқармасының басшысы Магомет Ахриев су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалу барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында жағалауларды бекіту, өзен арналарын тереңдету, бөгеттерді қайта жаңарту, қорғаныш білектерін салу және су бұру арналарын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан қауіпті учаскелер қаралды. Сонымен қатар инженерлік және су сору техникасының дайындығы тексерілді. Тексеру қорытындысы бойынша су тасқынына қарсы шараларды күшейту және қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру жөнінде ұсыныстар берілді.
Ақтөбе облысында ТЖД мен «Қазгидромет» РМК филиалы бірлесіп Елек, Қарғалы, Ембі, Темір, Ойыл және Үлкен Қобда өзендерінің жоғарғы ағысында маршруттық зерттеулер жүргізді. Тексеру барысында қар жамылғысының қалыңдығы мен тығыздығы өлшеніп, өзен арналарының жай-күйі, мұздың түзілуі және су өткізу қабілеті бағаланды. Алынған деректер су тасқыны жағдайына қатысты болжамды нақтылауға және қауіп аймақтарын алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында су тасқынына дайындық ерекше бақылауда. ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров өңірдегі су тасқыны қаупі бар елді мекендерді аралады. Тексеру барысында қорғаныш білектерінің, су бұру арналарының және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бағалап, анықталған мәселелер бойынша жедел шешімдер қабылдануда.
Қостанай облысында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар су тасқыны қаупі бар аумақтарды тексеру, қорғаныш біліктері мен бөгендердің, су бұру арналары мен гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін бағалау, сондай-ақ өзен арналарын тазалау және тереңдету жұмыстарын қамтиды. ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бірқатар аудандар мен елді мекендердегі қауіп деңгейін бағалады. Тексеру барысында тұрғын үйлерді, автомобиль жолдарын және инженерлік инфрақұрылымды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Тексеру қорытындысы бойынша су тасқынына қарсы шараларды күшейту, қорғаныш құрылыстарының жарамды жай-күйін қамтамасыз ету және көктемгі су тасу кезеңінде жедел әрекет етуге қызметтердің дайындығын арттыру бойынша ұсынымдар берілді.
Түркістан облысында ТЖД бастығы Бағдат Чайзада су қоймалары мен гидротехникалық нысандардың жағдайын тексерді. Салалық мамандардың қатысуымен мониторинг жүргізіліп, су деңгейі, қорғаныш бөгендерінің беріктігі және су өткізу құрылғыларының жұмысқа жарамдылығы зерделенді. Су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге және гидротехникалық нысандарды тұрақты бақылауда ұстауға ерекше назар аударылды.
Барлық өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда және тиісті қызметтердің қатаң бақылауында.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.