Қазақстан мектептерінде балалар әдебиетіне арналған онкүндік басталды. Бұл шара «Адал азамат» бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Негізгі мақсат – балаларды кітап оқуға жақындату, олардың ойлауын дамыту және рухани дүниесін байыту.
Онкүндік барысында елдің әр өңіріндегі мектептерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Кітап көрмелері ашылып, ертегі оқу сағаттары, әдеби кездесулер, пікірталастар мен шығармашылық байқаулар өтуде. Мұғалімдер мен кітапханашылар оқушыларды тек оқуға емес, оқығанын түсініп, ой қорытуға баулуға басымдық беріп отыр.
Оқу-ағарту министрлігі бұл бастаманың жай ғана акция емес атап өтті. «Бұл жоба балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың ойлау қабілетін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Көркем және ғылыми әдебиет арқылы бала өзін де, қоғамды да түсіне бастайды», – делінген ресми мәлімдемеде.
Шаралар Ұлттық кітап күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай бірқатар мектептерде мазмұны жағынан жаңаша форматтағы кездесулер өтуде. Мысалы, Ақтөбедегі №84 мектепте «Яссауидің рухани мұрасы» атты көрме ұйымдастырылып, бастауыш сынып оқушылары Абай шығармашылығына арналған жобаларын қорғады. Сонымен қатар, оқушылар ғалымдармен кездесіп, ашық диалог алаңында ғылым мен білімнің маңызы туралы пікір алмасты.
«Ғылым – болашақтың кілті» атты кездесуде оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тікелей жауап алды. Мұндай формат балалардың тек тыңдаушы емес, пікір білдіретін белсенді қатысушы болуына мүмкіндік беріп отыр.
Ал Ұлытау облысында өткен республикалық семинар ауыл мектептерінің мәселесіне арналды. «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» атты жиында білім сапасын арттыру, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты азайту жолдары талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова ауыл мектебінің болашағына тоқталды. «Біздің мақсат – әрбір ауыл мектебін заманға сай білім ордасына айналдыру. Балалар қай жерде оқыса да, сапалы білім алуға тиіс. Бүгінгі шара осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі», – деді ол.
Жиында сөз алған Ұлттық комиссия мүшесі Айгерім Сәрсенбаева қазіргі заманда бала тәрбиесіне жаңа қауіптер әсер етіп отырғанын айтты.
«Қазір бала тек білім алып қана қоймай, түрлі цифрлық қауіптерге де тап болады. Кибербуллинг, ойынға тәуелділік сияқты мәселелерге бейжай қарауға болмайды. Сондықтан біз рухани тәрбиені күшейтуіміз керек», – деді ол.
Семинарға қатысушылар ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мәселесіне бей-жай қарамайтынын жеткізген болатын. Мәселен, «Ауыл» партиясының өкілі Еламан Елемес ауыл мен қала мектебінің арасындағы айырмашылықты азайту – басты міндеттің бірі екенін, ол үшін мұғалімдерге жаңа әдістер мен заманауи құралдарды меңгеруге жағдай жасау керектігіне назар аудартты.
Жиын барысында қатысушылар бірнеше бағыт бойынша тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, балалардың гаджетке тәуелділігінің алдын алу, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу, киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, ауыл мектептерінің халықаралық білім бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері де сөз болды.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамалар мектеп кітапханасының рөлін де күшейтеді. Кітапхана енді тек кітап сақтайтын орын емес, оқушының ойы мен қызығушылығын дамытатын орталыққа айналуы тиіс.
«Баланың кітапқа деген қызығушылығы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан ата-аналардың да бұл процеске қатысуы маңызды. Бірге кітап оқу мәдениетін қайта жандандыру қажет», – делінген мәлімдемеде.
Жалпы, жобаға 1-11 сынып оқушылары, мұғалімдер, кітапханашылар және ата-аналар қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар бұл бастама балалардың тек білімін емес, тұлғалық дамуын да қолдауға бағытталғанын айтады.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы жылдары балалардың кітап оқуға қызығушылығы төмендеп кеткені жиі айтылады. Сондықтан мұндай нақты қадамдар жағдайды өзгертуге ықпал етуі мүмкін. Ең бастысы – кітапты міндет емес, қызықты дүниеге айналдыру.
Осы тұрғыдан алғанда, мектептердегі кітап онкүндігі жай шара емес, балалардың бойына адалдық принципін сіңіріп, оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
altyalash.kz
