Қазақстанда көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына шамамен 760 млрд теңге бағытталмақ. Бұл қаражат ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жылдық 5 пайызбен ұсынылады. Экономист, Әнел Дәулетқалиева мұндай қолдау ауыл шаруашылығы үшін маңызды болғанымен, қаржының тиімді жұмсалуы негізгі мәселе болып қала беретінін айтады.
Оның мәліметінше, бүгінде жеңілдетілген несие 4,5 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне берілген. Жалпы сомасы 612 млрд теңгені құрайтын бұл қаржы 7,2 млн гектар егіс алқабын қамтыған.
«Көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруалар үшін арзан несие аса қажет. Өйткені тұқым, жанармай, тыңайтқыш пен техника шығыны жыл сайын өсіп келеді. 5 пайыздық мөлшерлеме – нарықтағы жағдаймен салыстырғанда тиімді құрал. Бұл егіс науқанын уақытылы өткізуге, өндіріс көлемін сақтауға және ішкі нарықтағы бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Бірақ бөлінген қаржы нақты нәтиже беруі үшін оның мақсатты жұмсалуы шешуші рөл атқарады. Тек ақша бөлу жеткіліксіз, әр теңгенің қайтарымы болуы тиіс», – дейді сарапшы.
Әнел Дәулетқалиеваның айтуынша, 2022-2023 жылдары ауыл шаруашылығын қолдауға 943 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 30 пайызы мал шаруашылығына, 25 пайызы өсімдік шаруашылығына, 42 пайызы қаржылық құралдарға, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге небәрі 3 пайызы бағытталған.
Сарапшы мұндай құрылымда өңдеу саласына бөлінетін қаржы көлемі аз екенін айтады. Оның пікірінше, қосылған құны жоғары өнім өндіру үшін қайта өңдеу бағытын күшейту қажет.
«Егер қаржының басым бөлігі тек бастапқы өндіріске кетсе, ұзақ мерзімді экономикалық тиімділік шектеулі болады. Ауыл шаруашылығы тек шикізат өндірумен шектелмеуі керек. Ет, сүт, астық және майлы дақылдарды өңдеп, дайын өнім шығаруға басымдық берілсе, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл экспортты арттырып, ауылдағы табысты көбейтеді. Сондықтан субсидия құрылымын қайта қарау маңызды. Қайта өңдеуге көбірек назар аударылса, нәтиже әлдеқайда жоғары болар еді», – дейді ол.
Сонымен қатар сарапшы саладағы аудит қорытындылары алаңдатарлық екенін жеткізді. Бұған дейін тексеріс барысында 142 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны және 2 млрд теңге көлемінде қаржылық заңбұзушылық анықталған. Сондай-ақ мыңдаған субъектіге берілген субсидиялардың экономикаға нақты үлес қоспағаны белгілі болған.
«Бұл мәселе тек қаржы көлемінде емес, оны басқару сапасында екенін көрсетеді. Егер субсидия жұмыс істемейтін компанияларға, банкрот ұйымдарға немесе талапқа сай келмейтін субъектілерге кетсе, мемлекет қолдауының мәні жоғалады. Сондықтан цифрлық бақылауды күшейтіп, ашықтықты арттыру қажет. Ауыл шаруашылығына бөлінген қаражат нақты өндіріс пен өнімге жұмыс істеуі тиіс», – дейді Әнел Дәулетқалиева.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан агросекторды қолдауды жалғастыруы керек. Алайда ендігі басымдық қаржы көлемінде емес, оның тиімділігі мен нақты экономикалық нәтижесінде болуы тиіс.
altyalash.kz
