фото:ашықдереккөз
Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Дегенмен бұл өсім барлық өңірге бірдей таралып отырған жоқ. Кей аймақтар қарқынды ілгерілесе, енді бірі инвестициялық белсенділіктен шет қалып отыр. Сарапшылар мұны елдегі индустриялық дамудың теңгерімсіздігімен байланыстырады.
Жыл басындағы деректерге қарағанда, инвестициялардың басым бөлігі әлі де санаулы өңірлердің үлесінде. Екінші деңгейдегі аймақтардың өзінде жағдай әркелкі. Мәселен, Ақмола облысы инвестицияны 2,4 есеге ұлғайтып, өткен жылдың 14 пайызына жеткен. Қызылорда облысы ерекше қарқын көрсетіп отыр – өсім 343,3 пайызға жетіп, екі айдың ішінде жылдық көлемнің үштен біріне жуық нәтиже тіркелген. Ал Түркістан облысында керісінше құлдырау байқалады – өткен жылмен салыстырғанда небәрі 29,1 пайыз ғана.
Орта топтағы өңірлерде де баяулау бар. Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары, Шымкент, Астана және Солтүстік Қазақстан облысында инвестиция қарқыны төмендеген. Әсіресе Қостанай облысындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді – өткен жылдың деңгейінің тек 14,6 пайызы ғана. Индустриялық әлеуеті жоғары өңір үшін бұл елеулі төмендеу саналады.
Тізімнің төменгі бөлігінде Маңғыстау, Абай, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласы орналасқан. Мұнда да айырмашылық байқалады: Маңғыстауда өсім бар, бірақ жалпы үлесі төмен. Ал Алматы қаласы ел экономикасының ірі орталығы бола тұра, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция көлемі 42,9 пайызға дейін қысқарған. Бұл мегаполис үшін әлсіз нәтиже ретінде бағаланып отыр.
Ең төмен көрсеткіштер Ұлытау, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Әсіресе Батыс Қазақстан облысында инвестиция көлемі республика бойынша небәрі 0,3 пайызды құрайды. Бұл өңірдің өңдеу секторындағы негізгі үрдістерден тыс қалып отырғанын аңғартады.
Economykz порталының негізін қалаушы, экономист Руслан Сұлтанов бұл үрдіске мынадай баға береді: «Қаңтар-ақпан қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар өсіп жатыр, бірақ бұл өсім өте шоғырланған. Төрт өңір ғана барлық инвестицияның шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Яғни нәтиженің басым бөлігі аз ғана көшбасшы аймақтардың үлесінде», – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, бірқатар ірі индустриялық өңірлердің көрсеткіші әлсіреген: «Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан және Алматы өңірлерінде инвестиция қарқыны төмендегені байқалады. Бұл өңдеу өнеркәсібі кең ауқымда емес, жекелеген инвестициялық нүктелер арқылы ғана өсіп жатқанын көрсетеді», – дейді экономист.
Жалпы алғанда, елде өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы саясат жүйелі түрде жалғасып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес, экономиканы әртараптандыру және шикізатқа тәуелділікті азайту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Осы мақсатта терең өңдеу, жаңа өндірістер ашу және отандық өнім үлесін арттыруға ерекше мән беріліп отыр.
Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 12,7 пайызға жетті. Салада машина жасау 12,9 пайызға, химия өнеркәсібі 9,8 пайызға, құрылыс материалдары өндірісі 9,7 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 13,2 пайызға өскен. Бұл бағыттар ел экономикасының жаңа тіректеріне айналып келеді.
Сонымен қатар өткен жылы жалпы құны 1,5 трлн теңгеге жуық 190 жоба іске қосылып, 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Ал 2026 жылы шамамен 1,7 трлн теңгеге 200-ге жуық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірлердегі өндірістік белсенділікті арттыруға ықпал етуі тиіс.
Тағы бір маңызды бағыт – шикізатты ел ішінде өңдеуді күшейту. Осы мақсатта «отандық шикізатпен қамтамасыз ету» тетігі енгізіліп, ірі өндірушілер алдымен ішкі нарықты қамтуға міндеттелген. Бұл тәсіл металлургия, машина жасау және басқа да салаларда қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік беріп отыр.
Соған қарамастан, сарапшылар негізгі мәселе ретінде өңірлер арасындағы теңсіздікті атап өтеді. Егер инвестиция бірнеше аймақтың айналасында ғана шоғырлана берсе, өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті толық ашылмайды. Сондықтан алдағы кезеңде инвестицияны өңірлерге тең бөлу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жергілікті жобаларды қолдау басты міндеттердің біріне айналмақ.
altyalash.kz

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінде тіркеліп ақпараттық агенттігі ретінде № KZ44VPY00041335 куәлігі берілді.