Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарБілімЖаңалықтар

Аида Балаева: Қазақстанда 700 білім беру бағдарламасы жабылып, жаңа бағыттар іске қосылады

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанның білім беру жүйесі кадр даярлау ісін экономиканың және технологиялық дамудың заманауи талаптарына сай қайта бейімдеуге бағытталған терең трансформация кезеңіне қадам басты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің бейнеүндеуінде мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, жүзеге асырылған саяси реформалар мен жаңа Конституция адами капиталды, ғылым мен инновацияны дамыту бағытын одан әрі күшейтті. Бұл ретте білім беру жүйесі елдің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып отыр.

Қазіргі ахуалды бағалау мақсатында Үкімет 73 мыңнан астам кәсіпорын арасында ауқымды сауалнама жүргізіп, білім беру бағдарламаларына талдау жасаған. Нәтижесінде жүйелі сипаттағы бірқатар мәселелер анықталды.

Атап айтқанда, кадрлардың қартаю үдерісі байқалады. Мамандардың едәуір бөлігі 40-59 жас аралығында. Жекелеген өңірлерде, мәселен, Павлодар облысында бұл көрсеткіш 50 пайызға жуықтайды. Бұл алдағы 7-10 жыл ішінде білікті мамандар тапшылығының туындау қаупін күшейтеді.

Сонымен қатар мамандар даярлау жүйесі мен экономиканың нақты қажеттіліктері арасында елеулі теңгерімсіздік бары да анықталды.

«Мәселен, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласына 800 маман қажет болса, білім беру жүйесі бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Ал, Қарағанды облысында 351 IT вакансияға 2,5 мыңнан астам студент даярланып жатыр», – деді Аида Балаева.

Үкімет басшысының орынбасары тағы бір өзекті мәселе ретінде білім беру бағдарламаларының шамадан тыс көптігін және олардың тәжірибеден алшақтығын атады. Бүгінде жоғары оқу орындарында экономика бағыты бойынша 140-тан астам, құқықтану саласы бойынша 100-ден аса білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Олардың басым бөлігі бірін-бірі қайталап, мазмұндық тұрғыдан ұқсас болып келеді.

Анықталған сын-қатерлерге жауап ретінде Үкімет 700-ден астам білім беру бағдарламасын жабу туралы шешім қабылдады. Бұл ретте қазір білім алып жатқан барлық студенттің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағыттар бойынша жаңа қабылдау тоқтатылады.

Оның орнына AI мен Data, биоинжиниринг, smart agriculture, білім беру технологиялары секілді 21 басым даярлық бағыты іске қосылады. Сонымен қатар 35 бағыт бойынша тәжірибеге бағдарланған оқытуға басымдық бере отырып, терең жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Халықаралық ұсынымдарға сәйкес, жұмыс орнындағы оқытудың үлесі бакалавриатта 20 пайызға, магистратурада 40 пайызға дейін ұлғайтылатын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік білім беру гранттары өңірлік экономикалардың нақты сұраныстарымен тікелей сабақтастырылатын болады.

Сонымен қоса, педагогикалық білім беруге айрықша мән берілмек. Педагогикалық жоғары оқу орындарын адами капиталды дамыту мен заманауи білім беру технологияларын, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізудің орталықтарына айналдыру жоспарлануда.

«Бүгін біз түбегейлі таңдау жасап, бір реттік шешімдерден – жүйелі саясатқа, жағдайға бейімделуден – алдын ала әрекет етуге, кадр даярлаудан – болашақты қалыптастыруға бет бұрдық», – деп түйіндеді Аида Балаева.

 

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ЖЫЛЫЖАЙ САЛЫНАДЫ

admin_altyalash

Qazaq Air вьетнамдық инвесторға сатылады

admin_altyalash

Алаяқтар қазір жасанды интеллектінің көмегімен алдайтын болған — сарапшы

admin_altyalash