Қазақстанның ТЖМ тарапынан дауыс зорайтқыш құрылғымен жабдықталған дронды пайдалана отырып профилактикалық іс-шара өткізілді.
Күн жылына басталғалы ТЖМ балалардың терезеден құлауына байланысты жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмысты күшейтті.
Маусымдық жылынуға байланысты тұрғындар үйлерін желдету үшін терезелерді жиі ашады. Осы ретте жыл сайын биіктіктен құлау салдарынан балалардың жарақаттану және қайтыс болу жағдайлары тіркеледі. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖМ бөлімшелері тарапынан халық арасында кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Профилактикалық іс-шара аясында ТЖМ қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, балалар тұратын бөлмелердегі терезелерді қауіпсіз пайдалану ережелерін азаматтарға түсіндірді. Терезенің ашылуын шектейтін құрылғыларды, қорғаныш торларды және баланың ашық терезеге еркін қол жеткізуіне жол бермейтін басқа да құралдарды орнату қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Қосымша ретінде жұмыс барысында дауыс зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) пайдаланылды. Олардың көмегімен көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарына қауіпсіздік бойынша қысқаша нұсқаулықтар мен ықтимал қауіптер туралы ескертулер жеткізілді. Бейнематериалдарда қызметкерлердің халықпен жүргізген профилактикалық әңгімелері, қорғаныш элементтерін орнату тәсілдері, сондай-ақ ҰҰА қолдану арқылы тұрғын аудандардың панорамалық түсірілімдері көрсетілген.
ТЖМ ата-аналар мен заңды өкілдерді, әсіресе терезелері ашық бөлмелерде балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды алдын ала қабылдауға шақырады.
