Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Атамекен-ай» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш барысында әртістерге көрсетілген ерекше құрмет белгісі ретінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ықылас гүлі табысталды. Іс-шара барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары оқылды. Арнайы мерейтойлық кешке ақынның жары Жұмагүл Сариева қатысты.
Кеш барысында ақынның ел жадында сақталған таңдаулы туындылары орындалды. Сахнадан «Айналдым сенен, атамекен-ай», «Қазақ елі», «Домбыра туралы баллада», «Өмір-өзен», «Сағындым, сағым жылдар», «Аяулым», «Сен мұңыңды бер маған», «Еркеледің сен», «Өкінбе сен» сынды халық арасында кең таралған әндер шырқалды.
Шығармашылық кешке елге белгілі өнер иелері, мәдениет қайраткерлері, түрлі байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Сондай-ақ «Gulder» ансамблі, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі мен «Astana Musical» мемлекеттік театрының ұжымы өнер көрсетті. Бас дирижер – Дастан Ибрагимов.
Шөмішбай Сариев – қазақ әдебиеті мен ән өнерінің дамуына, аударма ісінің өрістеуіне сүбелі үлес қосқан қаламгер. Оның шығармалары бірқатар шет тілдерге аударылып, шетел оқырманына жол тартқан. 2000 жылы Шөмішбай Сариев Бухарестте «ЮНЕСКО» ұйымдастырған дүниежүзілік ақындар симпозиумына Қазақстан мен Орта Азия атынан барған санаулы тұлғалардың бірі болды. Сонымен қатар, қазақ ақындары арасында тұңғыш рет «Ғашықтар жыры» және «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспалары жарық көрген.
