Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарЖаңалықтарРуханият

Қазақы тазы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей мәдени және тарихи мұра

Астана қаласында «Астана Виннер 2026» халықаралық кинологиялық көрмесі аясында қазақтың ұлттық ит тұқымы – тазыға арналған «Kazakh Tazy» монопородалық көрмесі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты. Сонымен қатар, көрмеге Халықаралық кинология федерациясының (FCI) өкілдері, отандық және шетелдік кинологтар мен тазы тұқымының жанашырлары жиналды.

Министр өз сөзінде Халықаралық кинология федерациясының қазақ тазы тұқымын алдын ала мойындауы ұлттық ит шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық ұйым өкілдеріне осы бағыттағы қолдауы үшін алғыс білдірді.

CACIB деңгейінде ұйымдастырылған бұл көрме халықаралық кинология жүйесіндегі маңызды оқиғалардың бірі болып табылады. Іс-шара асыл тұқымдық жұмысты дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ұлттық тұқымдарды дәріптеуге бағытталған.

Аталған көрме аясында өткен «Kazakh Tazy» монопородалық көрмесінің маңызы ерекше. Бұл бастама ұлттық ит тұқымдарын сақтау мен дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың маңызды бөлігі саналады.

Қазақ тазысы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан бірегей мәдени және тарихи мұрасы. Ол – қазақтың жеті қазынасының бірі ретінде ұлттық құндылықтардың маңызды символы.

Бүгінде бұл тұқымды дамытуға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде заңнамалық база жетілдіріліп, Қазақ ит тұқымдарының ұлттық орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, тазы тұқымын сақтау және дамыту бойынша ұзақ мерзімді жоспарлар бекітілген.

Мұндай көрмелер генофондты сақтау, ұлттық тұқымдарға қызығушылықты арттыру және оларды халықаралық деңгейде танытуда маңызды рөл атқарады.

Іс-шара соңында қатысушыларға алғыс білдіріліп, үздік иттер мен олардың иелері марапатталды.

Ұқсас жаңалықтар

Ұлытау облысында алаяқ әйел ұсталды

admin_altyalash

Алматыда Республика күніне орай төрт жаңа мектеп ашылды

admin_altyalash

Президент «Астана» халықаралық қаржы орталығының басшысы Ренат Бектұровты қабылдады

admin_altyalash