Астанадағы Nazarbayev University базасында робототехникадан «Robotek Grand Tournament Astana 2026» V халықаралық чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биыл турнир алғаш рет «TurkTime!» президенттік бастамасы аясында түркітілдес елдерден келген үздік жас инженерлер мен әзірлеушілердің басын бір алаңға қосты.
Чемпионатқа қатысу үшін Астанаға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан командалары келді.
Биылғы турнир өткізілу тарихындағы ең ауқымдысы болды – оған 45-тен астам шетелдік команда қатысып жатыр.
Чемпионат Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі саналады.
Сонымен қатар жарыс регламенттерінің барлығы қазақстандық мамандар әзірлеген авторлық ережелер негізінде ұйымдастырылған.
Турнир Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Астана әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.
Іс-шараны «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Nazarbayev University, NU Impact Foundation және Robotek робототехника мектебі бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Жарысқа Қазақстанның 20 өңірінен облыстық кезеңдердің жеңімпаздары қатысуда. 9 бен 17 жас аралығындағы шамамен 220 команда тоғыз бағыт бойынша сынға түсіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық сайыс түрі Қазақстанда әзірленген инженерлік шешімдер мен білім беру тәсілдеріне негізделген.
Негізгі марапаттардан бөлек, қатысушылар «Үздік ауыл командасы», «Үздік шетелдік команда», «Үздік инженерлік шешім» және «Үздік қыздар командасы» аталымдары бойынша да бақ сынап жатыр.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және серіктес жоғары оқу орындарының білім гранттарымен марапатталады. Атап айтқанда, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті және Торайғыров университеті гранттар ұсынады.
«Біздің чемпионат мазмұны жағынан толықтай отандық жоба болып саналады. Бұл елдегі робототехниканы дамытудағы жоғары стандарттарға сай келеді.
Бүгінде STEM-білім беру саласындағы қазақстандық жетістіктер көптеген елдің оқушыларын шабыттандырып отыр. Сондықтан Made in Kazakhstan форматындағы ауқымды жобаларға сұраныс артып келеді», – деді Robotek компаниясының бас директоры Санжар Шалқарбеков.
Robotek компаниясы соңғы он жыл бойы елімізде STEM-білім беру мен робототехника саласындағы ірі білім беру бастамаларын жүзеге асырып келеді.
«Crazy Force» командасының мүшелері Қырғызстаннан келген. Олар жарысқа сұрыптаушы робот жобасын алып келген. Команда капитаны Айбар Тыныштықбековтің айтуынша, олар турнирге екі ай бойы жаттықтырушымен бірге дайындалған.
«Біздің сұрыптаушы роботтың қызықты мүмкіндігі бар – ол текшелерді түсіне қарай ажыратады. Бұл біздің алғашқы жарысымыз емес.
Команда 2024 жылы және оған дейін де екі рет осындай турнирлерге қатысқан. Командада бар болғаны екі адам бар. Мен капитан, бас инженер әрі код жазушы міндетін атқарамын.
Бүгін басқа қатысушыларға жанкүйер боламыз, ал ертең өзіміз жарысқа шығамыз», – деді Қырғызстаннан келген қатысушы.
Турнир 12 және 13 мамыр күндері өтеді.
