Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарЖаңалықтарСпорт

Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдесін иеленді

10 мамыр күні Алматыда өткен “Asia Rugby Emirates Women’s Championship” халықаралық турнирі мәресіне жетті. Байрақты бәсеке нәтижесінде Қазақстан әйелдер құрамасы регбиден Азия чемпионатының күміс медалін жеңіп алды.

Турнирдің соңғы матчында қазақстандық спортшылар Гонконг құрамасымен кездесіп, тартысты ойында 26:26 есебімен тең түсті.

Күміс жүлденің тағдыры Жапония құрамасына қарсы өткен ойындардағы ұпай айырмасына байланысты шешілді. Қазақстан құрамасы бұл көрсеткіш бойынша қарсыластарынан сәл ғана басым түсіп, қажетті нәтижені сақтап қала алды.

Нөсер жауын мен қолайсыз ауа райына қарамастан, ұлттық құрама ойын барысында жоғары дайындық пен табандылық танытып, құрлықтағы мықты командалардың бірі екенін дәлелдеді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының сапындағы 26 спортшының 16-сы Алматы қаласының өкілдері.

Алматы қаласы Спорт басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бұл жетістік команда ішіндегі ауызбіршілік пен спортшылар және жаттықтырушылар штабының қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Турнир қорытындысында Жапония құрамасы чемпион атанса, Қазақстанға екінші орын бұйырды. Ал Гонконг құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Өз алаңында өткен Азия чемпионатындағы күміс жүлде қазақстандық әйелдер регбиі үшін маңызды тарихи нәтиже саналып, ұлттық құраманың халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте көрсетті.

Ұқсас жаңалықтар

Заманауи мектеп — балалардың табысты дамуының берік негізі

admin_altyalash

Олимпиада-2024: Қазақстан ауыр атлеттері Әлем кубогына қатысып жатыр

admin_altyalash

Шавкат Рахмонов ирландиялық файтер Иэн Гэрриді жеңді

admin_altyalash