Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының базасында омыртқа нейрохирургиясына арналған Kazakh Spine Days 2026 халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс-шара жетекші отандық және шетелдік нейрохирургтерді, омыртқа хирургиясы саласының мамандарын, зерттеушілер мен жас дәрігерлерді біріктірді.
Конференция омыртқа ауруларын емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауға, клиникалық тәжірибе алмасуға және жоғары технологиялық медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған өңірдегі ең ірі кәсіби алаңдардың біріне айналды.
Конференцияға Түркия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай, Пәкістан және басқа да елдерден сарапшылар қатысты. Бұл қазақстандық нейрохирургияның халықаралық беделінің артып келе жатқанын және отандық омыртқа хирургиясы мектебінің жоғары деңгейін көрсетті.
Негізгі спикерлер қатарында:
Yahya Güvenç — омыртқа хирургиясы саласындағы мамандарды біріктіретін International Spine Society (ISS) халықаралық қоғамының президенті (Түркия); Mehmet Zileli — Дүниежүзілік нейрохирургиялық қоғамдар федерациясының (WFNS) Омыртқа хирургиясы комитетінің негізін қалаушы және алғашқы төрағасы, WFNS-тің құрметті мүшесі (Түркия); Серік Ақшолақов — Қазақ нейрохирургтар қауымдастығы мен Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті, еліміздің бас штаттан тыс нейрохирургы, профессор, ҚР ҰҒА академигі болды.
Ғылыми бағдарлама қазіргі заманғы омыртқа нейрохирургиясының өзекті бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, омыртқаның аз инвазивті және эндоскопиялық хирургиясы, дегенеративті ауруларды емдеу, омыртқа деформацияларын түзету, жұлын жарақаттары және омыртқа ісіктерін емдеудің заманауи әдістері талқыланды.
Конференцияның практикалық бөлігіне ерекше назар аударылды. Hands-on workshop on models шеңберінде қатысушылар халықаралық сарапшылардың жетекшілігімен анатомиялық макеттер мен симуляциялық модельдерде заманауи хирургиялық әдістерді меңгерді. Корпорэктомия, остеотомия және омыртқаны бұрандалы фиксациялау технологиялары ұсынылды.
Kazakh Spine Days 2026 конференциясының өтуі отандық нейрохирургияны дамытудағы маңызды қадам болды және Қазақстанның халықаралық тәжірибе алмасу мен инновациялық технологияларды енгізу жоғары кәсіби деңгейде жүзеге асырылатын жоғары технологиялық медицинаның өңірлік орталығы ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанын растады.
