Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарЭкономика

Үкіметте балық шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланды

Ukimet

Балық шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және саланы қаржыландыру мәселелері Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен кеңесте қаралды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, сондай-ақ QR-кодтау арқылы балық аулау торларын бақылау жүйесін енгізуді қоса алғанда, балық шаруашылығы саласын цифрландыру шаралары туралы баяндады.

2026–2030 жылдарға арналған кезеңге жалпы инвестиция көлемі шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде балық өсіру көлемін қосымша 14 мың тоннаға, өңдеу көлемін 10 мың тоннаға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ жылына 30 мың тоннаға дейін жем өндіруді жолға қоюға мүмкіндік туады.

Саланы қолдау мақсатында 2024 жылдан бастап балық өсіру және өңдеу жобаларын жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу тетігі іске қосылды. Бүгінде 10 балық шаруашылығы субъектісі 5,7 млрд теңге көлемінде қаржы алды.

Кеңес барысында өткен жылы қабылданған «Акваөсіру туралы» заңды жүзеге асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Заң аясында 60-тан астам нормативтік құқықтық акт қабылданды. Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары қатарында айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5% мөлшерлемемен несие беру, 6% мөлшерлемемен инвестициялық қарыздар ұсыну, балық өсіруге арналған жер учаскелерін беру және басқа да тетіктер бар.

Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, салада заңсыз балық аулаудың жоғары деңгейі, инспекциялық бақылау мүмкіндіктерінің шектеулілігі және аулау құралдарын есепке алудың бірыңғай цифрлық инфрақұрылымының болмауы сияқты жүйелі мәселелер сақталуда.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі QR-кодтау арқылы балық аулау торлары мен өзге де аулау құралдарын цифрлық сәйкестендіру жүйесін енгізуді ұсынып отыр.

2025 жылы мемлекеттік деректер базаларымен интеграцияланған және заңсыз балық өнімдерінің айналымына тосқауыл қоюға бағытталған E-fish ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Жүйеде саланың 100% қатысушылары — 1210 балық шаруашылығы және акваөсіру субъектісі тіркелген. Бұл «көлеңкелі» балық өнімдері айналымын 2 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік берді.

Цифрландырудың келесі кезеңі балық аулау торларының қадағалану жүйесін енгізу болмақ. Торларды иесі мен аулау құралының сипаттамалары туралы мәліметтерді қамтитын QR-коды бар арнайы биркалармен жабдықтап, кейіннен деректерді бірыңғай электрондық тізілімге енгізу ұсынылды.

Кеңеске қатысушылар балық шаруашылығы кешенін одан әрі дамытуға қажетті қаржыландыру мәселелерін де талқылады.

Сондай-ақ кеңесте AY Capital компаниясының өкілдері Қазақстан аумағында балық аулау торларын өндіру жобасын таныстырып, жобаны жүзеге асыру үшін шешуді талап ететін мәселелерді көтерді. Вице-премьер аталған мәселелерді, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ деңгейінде пысықтауды және балық шаруашылығы саласын одан әрі дамыту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Ұқсас жаңалықтар

Сенат Қазақстан мен Қытай арасында азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы заңды мақұлдады

admin_altyalash

Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

admin_altyalash

Бұл – тілді түсінетін, оны дұрыс қолдана алатын интеллектуалды платформа

admin_altyalash