2026 жылғы 28 мамырда Астана қаласында Еуразиялық экономикалық форум аясында Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған «Жасанды интеллект және бәсекелестіктің жаңа парадигмасы: ЕАЭО трансшекаралық нарықтарын дамытудың қатері ме әлде драйвері ме?» атты панельдік сессия өтті.
Сессияға қатысушылар жасанды интеллект технологияларының нарықтарды трансформациялауға, цифрлық экожүйелерді дамытуға әсерін және жаңа цифрлық экономика жағдайында монополияға қарсы реттеу тәсілдерінің өзгеруін талқылады.
Бүгінде ЖИ бизнес-модельдерді ғана емес, бәсекелестіктің өз логикасын да өзгертуде. Алгоритмдер компанияларға нарықтарды тезірек талдауға, процестерді оңтайландыруға, сұранысты болжауға және сервистерді ауқымдандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жабық цифрлық экожүйелер, алгоритмдік баға белгілеу, деректердің шоғырлануы және бәсекелестікті шектеу тәуекелдері сияқты жаңа сын-қатерлерді туындатуда.
Сессия барысында Қазақстан цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаттарынан бастап кадрлар даярлауға, заңнамалық базаға және халықаралық ынтымақтастыққа дейін — жасанды интеллектті толыққанды ұлттық экожүйесін жүйелі түрде қалыптастырып жатқаны атап өтті.
Бүгінгі таңда Қазақстан цифрлық даму деңгейі мен жасанды интеллектті енгізуге дайындығы бойынша Орталық Азияда көшбасшылық позицияға ие. 2025 жылы ел ЖИ-ге дайындықтың жаһандық индексінде 195 мемлекеттің ішінде 58-орынды иеленді, сондай-ақ, электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кірді, атап айтқанда БҰҰ Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орын және БҰҰ Онлайн-сервистер индексінде 10-орындарды иеленеді.
Мемлекеттік деректердің орталықтандырылған және қауіпсіз интеграциясын қамтамасыз ететін Smart Data Ukimet мемлекеттік платформасы ЖИ-ді енгізудің негізгі іргетасына айналды. Осының арқасында Қазақстан жекелеген цифрлық сервистерден data-driven мемлекетін құруға және мемлекеттік басқаруға ЖИ-ні жүйелі түрде енгізуге көшуде.
Заманауи реттеушілік ортаны қалыптастыруға маңызды мән беріледі. Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» жаңа Заңы саланың дамуы үшін ашық әрі түсінікті ережелер құруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ, әзірлеушілер мен халықаралық инвесторлар үшін болжамды ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Цифрлық егемендікті қамтамасыз ету үшін Қазақстан өзінің есептеу инфрақұрылымын белсенді түрде дамытуда. Елде NVIDIA H200 жаңа чиптері негізінде екі жоғары өнімді суперкомпьютерлік кластер жұмыс істеп тұр.
Мемлекеттік секторға, университеттер мен стартаптарға бағытталған alem.cloud кластері өңірдегі ең ірі суперкомпьютерлік кластерге айналды және әлемдік TOP500 рейтингіне кірді. «Қазақтелеком» іске қосқан екінші кластер — AI-Farabi корпоративтік секторға, банк индустриясына және экспорттық нарықтарға бағытталған. Оның өнімділігі 103 PFLOPS-тан асады, бұл оған әлемдік TOP500 рейтингіне кіруге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, Қазақстан үшін адами капиталды дамыту басым міндеттердің бірі болып қала береді. Елде халықты жасанды интеллектімен жұмыс істеудің негізгі дағдыларына оқытуға бағытталған AI Movement бастамасы іске асырылуда. Astana Hub базасында Tomorrow School — Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект мектебі жұмыс істейді, ал университеттерде студенттер арасында ЖИ-компетенциялары мен кәсіпкерлік ойлауды қалыптастыруға бағытталған AI Sana бағдарламасы дамып келеді.
Дискуссияға қатысушылар ЖИ-ні реттеудің халықаралық тәжірибесін, әлеуетті бәсекелестікке қарсы практикалардың жаңа нысандарын, алгоритмдердің ашықтығы қажеттілігін, сондай-ақ ЖИ-жүйелеріне тәуелсіз аудит жүргізу үшін монополияға қарсы органдардың құзыреттерін дамытуды талқылады.
Тараптар сондай-ақ, мемлекеттердің технологиялық егемендігі мен қауіпсіздігіне қатер төндірмей, бәсекелестік пен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды ЖИ-ге инновациялар мен инвестицияларды ынталандырумен қалай теңгерімдеу керектігін талқылады.
Қатысушылар жасанды интеллект экономикалық өсудің, өнімділікті арттырудың және трансшекаралық цифрлық нарықтарды дамытудың қуатты драйвері болып қала беретінін атап өтті.
Қазақстан жасанды интеллект саласындағы белсенді халықаралық ынтымақтастыққа дайындығын растайды және ЖИ-ді сенімділік, ашықтық, қауіпсіздік пен бірлесіп даму принциптері негізінде дамытуды құптайды.
Бүгінде Қазақстан өзін ЖИ-инновациялардың өңірлік орталығы және жаһандық технологиялық қоғамдастық үшін сенімді серіктес ретінде танытуда.
