Орал қаласындағы Атамекен өнер ордасында «ECOBATYS – ерте жастан еңбекке баулу: дәстүрлі және заманауи педагогикалық технологиялардың интеграциясы» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың экологиялық сауаттылығын қалыптастыру мен еңбекке баулуда дәстүрлі және заманауи педагогикалық технологияларды тиімді ықпалдастыру тәжірибесін тарату, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және үздік тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік жасау болды.
Семинар жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институтының өкілдері, облыстық және қалалық білім басқармаларының мамандары, әдіскерлер, мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары мен педагогтері қатысты. Жалпы саны 200-ге жуық педагог бас қосып, мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа бағыттарды талқылады.
Бағдарлама аясында мектепке дейінгі ұйымдардың балаларды ерте жастан еңбекке баулу және экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы инновациялық тәжірибелері таныстырылды. Сонымен қатар педагогтердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар назарына үздік әдістемелік әзірлемелер ұсынылды.
Семинар барысында мектепке дейінгі білім беруді дамытудың басым бағыттары, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісінде қолдану тәжірибесі, әлеуметтік серіктестік пен желілік қауымдастықтардың тиімді жұмысы туралы мазмұнды баяндамалар жасалды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, кәсіби пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара соңында мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға, балалардың еңбекке деген қызығушылығын қалыптастыруға және экологиялық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін бірқатар педагогтер марапатталды. Белсенді қатысушыларға алғыс хаттар мен дипломдар табысталып, үздік тәжірибелер көрсеткен мамандардың еңбектері жоғары бағаланды. Сондай-ақ шығармашылық көрмеге қатысқан педагогтер арнайы номинациялар бойынша марапаттарға ие болды.
Республикалық семинар өз мақсатына жетіп, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды алаң ретінде өз жұмысын табысты қорытындылады.
