Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Региональные новостиОбразованиеОбщество

Қозыбаев университетінде өңірлік білім беруді дамыту мәселелеріне арналған педагогикалық форум өтті

Қозыбаев университеті базасында өңірлік білім беруді дамыту мәселелеріне арналған педагогикалық форум өтті. Ауқымды іс-шараға 500-ден астам қатысушы – педагогтер, мектеп директорлары, әдіскерлер, студенттер және мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Форум кадрларды даярлау, оқушыларға кәсіптік бағдар беру, сондай-ақ университеттегі педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселелеріне арналды. Биыл екінші рет ұйымдастырылған алаң білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.

Іс-шараға онлайн форматта қатысқан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мемлекет тарапынан педагог мәртебесін арттыруға бағытталған саясаттың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік және кәсіптік қолдау шараларын күшейту, еңбек жағдайларын жетілдіру, педагогтердің кәсіби өсуі мен құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейту – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

«Қозыбаев университеті заманауи білім беру технологияларын табысты енгізу арқылы Қазақстанның білім беру кеңістігінде ерекше орын алып отыр. Бүгінде университет мыңдаған студент пен оқытушыны біріктіріп, ғылыми мектептерді, цифрлық технологияларды, инклюзивті білім беруді және педагогикалық инновацияларды дамытады. Форум үздік тәжірибелермен алмасуға, кадр даярлаудың өзекті мәселелерін талқылауға және білім сапасын арттыруға бағытталған жаңа идеяларды қалыптастыруға мүмкіндік берді», – деді вице-министр.

Форум аясында өңірдің білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар тәжірибелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіптік бағдар берушілеріне арналған тренинг, педагогикалық мамандықтар студенттерінің аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен кездесуі, инновациялық мектептер мұғалімдерінің қатысуымен диалог алаңы және университеттің заманауи зертханаларына экскурсиялар өтті.

Сондай-ақ Республикалық академиялық адалдық лигасының жобалық кеңсесінің басшысы Нұргүл Нұрлан мектеп директорларына арналған «ДНҚ мектебі – Адалдық манифесті» атты жаңарту сессиясын өткізіп, қатысушыларды академиялық адалдық стандарттарының негізгі қағидаларымен таныстырды.

Форумның маңызды кезеңдерінің бірі педагогикалық бағыттағы жоғары оқу орындары түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болды. Оған Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысы аудандарындағы 20-ға жуық білім беру ұйымы қатысты.

СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов мұндай форумдардың жас мамандарды жұмысқа орналастыруға және университет пен білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған форум нәтижесінде университеттің 493 түлегінің 490-ы жұмысқа орналастырылды. Биылғы жәрмеңкеге 500-ге жуық болашақ педагог қатысты», – деді ол.

Форум барысында заманауи педагогикалық кадрларды даярлау, жас мамандарды қолдау, бейіндік оқытуды дамыту және өңірлік білім беру жүйесіне инновациялық тәжірибелерді енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Айта кетейік, университетте педагог кадрларын даярлау 1937 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда педагогикалық бағыттағы 38 білім беру бағдарламасы бойынша 2433 студент пен 187 магистрант білім алады.

Ұқсас жаңалықтар

Год рабочих профессий: Роль железнодорожников и ценности труда обсудили в Алматы

admin_altyalash

Молодежная политика Казахстана: трудоустройство, жилье и карьерный рост

admin_altyalash

В Кызылорде прошёл Национальный курултай

admin_altyalash