Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау тұрғындарын таза ауыз сумен жақын арада қамтамасыз етуді тапсырды.
Жұмыс сапары аясында өңір басшысы тәулігіне 30 мың текше метрді құрайтын су тазарту құрылғыларының қайта жаңғыртылу барысымен танысты. Бүгінде зертхана ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қажетті жабдықтар жеткізілген.
Жобаға биыл облыстық бюджеттен 800 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Жаңа нысанды іске қосу Көкшетау қаласының ауыз суға деген сұранысы толық қамтамасыз етіледі. Сумен қамту Шағалалы су қоймасы есебінен жүзеге асырылады.
Бұған дейін мердігер ұйым жұмысты мамыр айына дейін аяқтауды жоспарлаған. Алайда мерзім маусым айына шегерілді. Осыған байланысты облыс әкімі қайта жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді қатаң талап етті.
Айта кетейік, Шағалалы суының бір текше метрі 2 теңге болса, резервтік Сергеев су қоймасындағы судың құны – 312 теңгені құрайды. Егер жоба 1 маусымға дейін аяқталмаса, облыс әкімі Марат Ахметжанов мердігер ұйым — «Caspian Contractors Trust» ЖШС-ін ай сайын шамамен 135 миллион теңге көлемінде шығын айырмасын өтеуге міндеттеді.
«Қала тұрғындарын таза ауыз сумен жедел қамтамасыз ету — басты міндет. Егер нысанды 1 маусымға дейін аяқтамасаңыздар, барлық қосымша шығынды мердігер өтейді. 1 мамырдан бастап Сергеев желісі арқылы су беруді бастаңыздар, ал маусым айында жоба толық аяқталуы тиіс», — деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Жаңа су тазарту құрылыстарын пайдалануға беру Көкшетау қаласының ауыз суға деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға құрылыс жұмыстарына тартылған жұмысшылар санын және жұмыс барысының орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.