Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетРуханият

Бүгін әдебиет пен мәдениеттің қос қазынасы тоғысқан күн

Бүгін Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Alatau Creative Hub орталығында мәдениеттің жаршысына айналған айтулы қос мереке – Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне орай «Кітапханашы – мәртебелі мамандық» атты салтанатты іс-шара өтті.

Сала мамандары мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан бұл жиын кітапхана ісінің қоғамдағы маңызы мен мәртебесін айқындай түсті.

Алқалы жиынға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшылығы, мәдениет және өнер қайраткерлері, кітапхана ісінің ардагерлері, сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген кітапхана басшылары мен мамандары қатысты. Сонымен қатар, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының қоғамдық дипломатия бөлімінің маманы Корина МакГрегор құттықтау лебізін жеткізді.

«Бүгін әдебиет пен мәдениеттің қос қазынасы тоғысқан ерекше күн. Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні құтты болсын! Кітап – қоғамның рухани әрі зияткерлік дамуының негізі, ал кітапханашы – білім мен мәдениетке жол көрсететін тұлға. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әрдайым жоғары құрметке лайық. Кітап оқуға деген қызығушылық ешқашан бәсеңдемесін, ал қызметтеріңіз жаңа жетістіктермен толыға берсін. Мереке құтты болсын!», – деді жиналған қауымды қос мерекемен құттықтаған Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев.

Іс-шара барысында марапаттау рәсімі өтіп, кәсіби жетістіктері үшін Алматы қаласы әкімінің және Мәдениет басқармасы басшысының атынан алғыс хаттар табысталды. Бұл марапаттар кітапхана ісінің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер мен үздік мамандарға берілді.

«Баршаңызды Ұлттық кітап күнімен және кітапханашылардың кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Кітап пен кітапханаға деген құрмет күн санап артып келеді. Сіздердің ұлттық сана мен рухани құндылықтарды нығайту жолындағы жүйелі еңбектеріңіз ерекше бағалауға лайық. Маңызды әрі жауапты қызметтеріңіз үшін шынайы алғыс білдіремін», – деп жиналған қауымды мерекемен құттықтаған жазушы Бауыржан Жақып.

Іс-шара әдебиет пен мәдениетті ұлықтап, кітаптың ұлттық құндылық ретіндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады. Сонымен қатар, қазіргі қоғамдағы кітапхана институтының жоғары мәртебесін айшықтап берді.

Ұқсас жаңалықтар

Астанада бірінші сыныпқа қанша бала барады

admin_altyalash

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы 15 наурыз күні өтеді – Ақорда

admin_altyalash

ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУДЫҢ БІР ЖОЛЫ – ҚАУІПСІЗ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫН САЛУ

admin_altyalash