Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Біріккен Араб Әмірліктерінің «Dalil Information Technology» технологиялық компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар мемлекеттік басқаруға инновациялық шешімдерді енгізу және елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту перспективаларын талқылады. Негізгі назар азаматтың бірыңғай цифрлық профилін құру, ЖИ технологияларын қолдана отырып, электрондық шекара және көліктік бақылау жүйелерін жаңғырту мәселелеріне аударылды.
Жаслан Мәдиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан деректер экожүйесін жүйелі түрде құрып жатқанын және тек технологиялар трансфертін ғана емес, сонымен қатар білімді бірлесіп құруды және жергілікті кадрларды дамытуды көздейтін серіктестік үшін ашық екенін атап өтті.
Компания өкілдері цифрлық сәйкестендіру саласындағы өздерінің флагмандық жобаларын, соның ішінде мемлекеттік қызметтерге арналған «Super App» әзірлемесін, әуежайларда «Smart Gates» биометриялық жүйелерін енгізуді және кедендік әкімшілендіруге арналған зияткерлік шешімдерді таныстырды.
«Dalil Information Technology» компаниясының киберқауіпсіздік пен үлкен деректерді талдауға бағытталған технологиялық базасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің алдына қойған міндеттермен жоғары синергияны көрсетеді. Жекелей алғанда, халықты сәйкестендірудегі қағазбастылықты толық жоюға және биометриялық қамтудың жоғары деңгейіне жетуге бағытталған «Golden Record» тұжырымдамасын іске асыру мүмкіндігі талқыланды.
Күн тәртібіндегі ерекше тармақ араб серіктестерінің 2026 жылғы мамырда Алматыда ҚР Президентінің патронажымен алғаш рет өтетін GITEX халықаралық көрмесіне қатысуын талқылау болды. Жаслан Мәдиев компанияны осы алаңда өз шешімдерін көрсетуге шақырды және тараптардың ниетін тиісті Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою арқылы бекітуді ұсынды. Мұндай қадам талқылаулардан бірлескен жобаларды іс жүзінде іске асыруға, соның ішінде технологияларды локализациялауға және мемлекеттік цифрлық бастамаларға ықтимал инвестицияларға көшуге мүмкіндік береді. Тараптар Қазақстанның цифрландыруға бағытталған стратегиялық курсы мен «Dalil Information Technology» компаниясының терең сараптамасын біріктіру ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық үшін берік негіз қалайтынына сенім білдірді.
