Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Air Astana әуе компаниясы басшылығының есебін тыңдады. Онда компанияның қазіргі қызметі мен дамудың негізгі бағыттары бойынша жоспарлары баяндалды.
Жиын барысында халықаралық және ішкі маршрут желісін дамыту, әуе кемелері паркін жаңарту, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар әуе тасымалдаушының стратегиялық жоспарларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдармен және серіктестермен үйлестіруді күшейту шаралары талқылады.
Air Astana әуе компаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыелдің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания 9,7 млн жолаушы тасымалдаған. Бүгінде компанияның әуе кемелері паркінде 62 ұшақ бар, ал 2030 жылға қарай олардың санын 86-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар әуе компаниясы былтыр 25 жаңа бағыт ашса, биыл тағы 16 бағытты іске қосуды көздеп отыр.
Кеңес соңында компания басшылығына негізгі бағыттар бойынша жұмысты жалғастыру, әсіресе ішкі әуе бағыттары желісін дамытуға ерекше көңіл бөлу тапсырылды.
