Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарКәсіпҚоғам

Бұл жолды саналы түрде таңдадым, агросала маған шынымен жақын

Қанат Әлмұхамедов өзінің 20 жылға жуық еңбек жолын тау-кен өнеркәсібіне арнады. Қарапайым маманнан ірі кәсіпорындардың басшысына дейінгі еңбек жолынан өткен ол 2018 жылы қызмет бағытын түбегейлі өзгертіп, өмірін аграрлық саламен байланыстыруға бел буды.  Осы жылдар ішінде жинақтаған басқарушылық тәжірибесі өндірісті тиімді ұйымдастырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруына септігін тигізіп келеді.

«Агроөнеркәсіп кешенінде жүргеніме алты жылдан асты. Бұл саланың тыныс-тіршілігі мүлде бөлек: қарбалас тірлік, үздіксіз қозғалыс, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктер. Мені қызықтырғаны да – осы. Бұл жолды саналы түрде таңдадым, агросала маған шынымен жақын», – дейді «Агрофирма «Приречное» серіктестігінің басшысы Қанат Әлмұхамедов.

Кәсіпорын бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Соның бірі – өсімдік шаруашылығы. Шаруашылық қарамағында жалпы сыйымдылығы 12–13 мың тоннаны құрайтын жеті көкөніс сақтау қоймасы бар. Бұл қоймалар жиналған өнімді ұзақ уақыт сақтап, жаңа егін піскенге дейінгі маусымаралық кезеңде халықты көкөніспен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шаруашылықтың жер қоры 38 мың гектар жайылымдық және 3,8 мың гектар егістік алқаптан тұрады. Оның ішінде 1,8 мың гектары суармалы жер. Мал шаруашылығында қазақтың ақбас және әулиекөл тұқымды ірі қара малын өсіруге басымдық берілген. Қазіргі таңда мал басы 4 мыңға жуықтап отыр.

Өндіріс тиімділігін арттыруда инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану маңызды рөл атқарады. Биыл шаруашылық көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін «Кең дала 2» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланған. Сонымен қатар өткен жылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен Қытайда өндірілген сегіз жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылды. Бұл жабдықтар суармалы егіншіліктің тиімділігін арттырып, су ресурстарын ұтымды пайдалануға жол ашып отыр.

Шаруашылықта еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасауға және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де ерекше мән беріледі. Кәсіпорын ауылдық округтің қоғамдық өміріне белсене араласып, демеушілік көмек көрсетеді, түрлі қоғамдық іс-шараларды қолдайды, жолдарды жөндеуге және көшелерді жарықтандыру жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысады.

Алдағы уақытта елді мекенді абаттандыру жұмыстары жалғасын таппақ. Кәсіпорын ауылдық жерлердің тартымдылығын арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін «Қаладан ауылға» бастамасын да қолдап отыр.
Қанат Әлмұхамедовтің пікірінше, тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін инвестиция, заманауи технологиялар, мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктері және білікті мамандар қажет. Дегенмен кез келген кәсіпорынның ең басты капиталы – адам.

Өйткені өндірістің өркендеуі мен кәсіптің табысты болуы ең алдымен мамандардың кәсібилігіне, біліміне және өз ісіне деген жауапкершілігіне байланысты.

«Біздің тәжірибеміз жеткілікті. Алдымызда ауқымды жоспарлар мен үлкен міндеттер тұр. Меніңше, оның барлығын жүзеге асырып, мақсатқа жетуге болады. Ең бастысы – тоқтап қалмай, белсенді болу, күш-қуатты сақтап, үнемі алға ұмтылу. Табандылық пен іскерлікті ұштастырып, ерінбей еңбек ету керек», – дейді Қанат Әлмұхамедов.

Ұқсас жаңалықтар

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл

admin_altyalash

Балаларға берері мол: Аягөздік оқушы «Шешендік өнер» үйірмесін ашты

admin_altyalash

Жартыжылдық қорытындысы: мемлекеттік сатып алуда ОТӨ қолдау шаралары, салықтық әкімшілендіруді жаңғырту және «Ұлттық қор – балаларға»

admin_altyalash