Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Аймақ жаңалықтарыЖаңалықтарҚоғамМәдениет

Сыр өңірінде Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына орай республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті

Бүгін Қызылорда облысының Қазалы ауданында қазақ тарихында өшпес із қалдырған даңқты қолбасшы, мемлекет қайраткері Жалаңтөс баһадүр Сейтқұлұлының 450 жылдық мерейтойына орай «Тұран жолбарысы атанған әмір» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен тағылымды шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртай, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, еліміздің әр өңірінен келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, Жалаңтөс баһадүрдің ұрпақтары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы сөз сөйлеп, облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың аудан жұртшылығына арналған арнайы құттықтауын оқып берді. Өз сөзінде мерейтойдың тарихи маңызына тоқталып, Жалаңтөс баһадүрдің ел тарихындағы орны мен ұрпаққа қалдырған өнегесін атап өтті.
Аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы конференцияға қатысушыларды мерейтоймен құттықтап, Жалаңтөс баһадүрдің қазақ халқының тарихындағы айрықша орнын, қолбасшылық қабілеті мен мемлекет басқару ісіндегі қайраткерлігін кеңінен дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Тарихи тұлғаның өмірі мен мұрасын терең зерттеу, оны жас ұрпаққа таныту – баршамызға ортақ міндет екенін жеткізді.
Тағылымды жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев «Жалаңтөс батыр және XVI–XVII ғасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азия тарихының мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов батырдың эпикалық мұрадағы бейнесіне тоқталды. Ал тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас Жалаңтөс баһадүрдің архитектуралық мұралары жөнінде ой өрбітті.
Сонымен қатар филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева тарихи тұлға туралы деректер мен көркем шығармалардағы бейнесінің сабақтастығын ғылыми тұрғыдан саралады.
Конференция барысында Жалаңтөс баһадүрдің әскери қолбасшылық қызметі, саяси қайраткерлігі, Самарқан қаласының дамуына қосқан үлесі, сәулет өнеріндегі мұрасы және Орталық Азия тарихындағы орны жан-жақты талқыланды. Қатысушылар батырдың тарихи тұлғасын терең зерделеу, ғылыми деректерді жүйелеу және оның мұрасын кеңінен насихаттау бағытындағы пікірлерін ортаға салды.
Жиынның маңызды сәттерінің бірі – жазушы, тарих зерттеушісі Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» атты тарихи романының тұсаукесер рәсімі болды. Кітапта Орталық Азия тарихында өзіндік із қалдырған Жалаңтөс баһадүр Сейтқұлұлының өмірі мен ерлік жолы, ел басқарудағы қайраткерлігі көркем тілмен баяндалған.
Бұдан бөлек, конференция аясында республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті Нәжмадин Мұсабаев сөз сөйлеп, баба мұрасын ұлықтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызына тоқталды. Өзге де ел ағалары мен қонақтар тағылымды ой-пікірлерін білдірді.
Конференция соңында аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы Жалаңтөс баһадүрдің 450 жылдық мерейтойына еліміздің әр өңірінен арнайы келген бірқатар азаматтарға батырдың 450 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медаль табыстады. Бұл – тарихи тұлғаның есімін ұлықтауға, оның мұрасын дәріптеуге үлес қосқан азаматтарға көрсетілген құрметтің белгісі.
Айта кетейік, Жалаңтөс баһадүр Сейтқұлұлы (1576–1656) – қазақ тарихындағы көрнекті қолбасшы әрі мемлекет қайраткері. Ол Самарқан қаласының саяси өмірінде маңызды рөл атқарып, әйгілі Регистан сәулет кешеніндегі Шердор медресесінің салынуына бастамашы болған тарихи тұлға ретінде белгілі.
Бүгінде Қазалы ауданында баһадүр есімін ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жалаңтөс баһадүр атындағы ауыл, көшелер, кенттегі орталық стадион, батырдың кесенесі мен еңселі ескерткіші – соның айқын дәлелі.
Тағылымды конференция Жалаңтөс баһадүрдің тарихи мұрасын тереңірек танып, ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың есімін ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталған маңызды басқосу болды.

Ұқсас жаңалықтар

Первое богатство – здоровье!

altyalash_kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды

altyalash_kz

Ақмола астығы Эстония арқылы Еуропаға жол салуда

altyalash_kz