Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарҒылым-БілімЖаңалықтарҚоғамЭкономика

Қазақстан мал шаруашылығында америкалық озық технологияларды пайдаланатын болады

Қазақстан мен АҚШ мал шаруашылығы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтермек. Атап айтқанда, асыл тұқымды, өнімділігі жоғары мал басын жеткізу, америкалық озық генетикалық технологияларды енгізу және заманауи өндірістік тәжірибені игеру мәселелері талқыланды.

Бұл  туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің АҚШ-тың Айдахо және Монтана штаттарына жасаған жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы департаменттері басшыларымен және америкалық агробизнес өкілдерімен өткізген кездесулерінде айтылды.

Кездесуде Аманғали Бердалин Қазақстанның мал шаруашылығын дамытудағы әлеуетіне тоқталды. Айтуынша, жайылымдық жерлер көлемі бойынша әлемде бесінші орынға жайғасқан Қазақстанның ( 180 млн гектар) сиыр еті мен қой етін, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруда мүмкіндігі зор.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, іске асырыла басталды.

Жоспар аясында малдың генетикалық сапасын жақсарту, жемшөппен қамтамасыз ету жүйесін нығайту, саланы қаржыландыруды кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және өнімді қайта өңдеу бағыттарын дамыту көзделген.

Осы ретте тараптар мал басының өсімін молайту саласында технологиялық әріптестікті дамыту мәселелерін қарастырды.

Сапар  нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен америкалық Trans Ova Genetics, LC компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстанда ірі қара мал эмбриондарын алу, сапасын бағалау, криоконсервациялау және трансплантациялау жұмыстарын жүргізетін мамандандырылған эмбриологиялық зертхана құру жоспарланып отыр. Сонымен бірге шетелдік сарапшыларды тарта отырып, отандық мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі.

Бүгінде елімізде қызыл ет өндірудің толық өндірістік цикліне негізделген алты жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде алғашқы мамандандырылған мал биржасының құрылысы қолға алынуда.

Осы бағытта тәжірибе алмасу аясында тараптар америкалық үлгідегі ашық баға белгілеу стандарттарына сәйкес мал аукциондарын өткізу бойынша қазақстандық мамандарды оқытуға келісті.

Бұдан бөлек, сүтті мал шаруашылығы екіжақты ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі екені айтылды. Қазақстанда сүт өндірісін ұлғайту және саланың заманауи инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Соңғы жылдары елімізде 100-ден астам заманауи тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысының орташа құны 9 млн АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар цифрлық технологиялармен жабдықталған, жоғары өнімді тағы 50 тауарлы -сүт фермасының құрылысын жеңілдетілген несиелендіру арқылы қолдау жоспарланған.

Осыған байланысты америкалық компанияларға өндірістік кешендерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ жабдық құрастыру өндірісін Қазақстанда жергіліктендіріп, кейін Орталық Азия нарығына шығару мүмкіндіктері ұсынылды.

Келіссөздер соңында қос тарап  қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты инвестициялық және сауда жобаларына айналдыру жөнінде ортақ ұстанымға келді. Бұл ретте етті бағыттағы ірі қара шаруашылығында Монтана штатының, ал өнеркәсіптік сүт өндірісі мен өнімдерді қайта өңдеуде Айдахо штатының тәжірибесін пайдалану көзделіп отыр.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ету және өзара іс-қимылды үйлестіру үшін мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен ғылыми ұйымдардың қатысуымен тұрақты жұмыс алаңын құрмақ.

«Қазақстанның әлеуетін америкалық әріптестердің технологияларымен және тәжірибесімен ұштастыру өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Аманғали Бердалин.

Ұқсас жаңалықтар

ҚЫЗЫЛОРДА: ҒАРЫШКЕР КЕЙПІНДЕГІ ЕРЕКШЕ САЙЛАУШЫ

altyalash_kz

«Астана ірі мәдени және мультимедиялық жобалар өтетін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді» – көрме комиссары Ольга Риго

altyalash_kz

Депутаттар Алматы облысындағы жылыжайды аралады

altyalash_kz