Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарҒылым-БілімЖаңалықтар

Қазақстанда сапалы жоғары білім алу мүмкіндіктері кеңейіп келеді

17 қараша – Халықаралық студенттер күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, студенттік инфрақұрылымды дамыту, халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту және жастардың кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылған жұмыстың негізгі нәтижелерін ұсынады.

Елімізде студенттерді әлеуметтік қолдауды күшейтуге, халықаралық білім беру бағдарламаларын дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және заманауи экономиканың қажеттіліктеріне сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Басым бағыттардың бірі – жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру. Соңғы жеті жылда бакалавриат студенттеріне арналған мемлекеттік стипендия мөлшері 2,5 есеге өсіп, 52,4 мың теңгеге жетті. Осы кезеңде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға 655,7 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінді.

2026-2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік білім беру гранты қарастырылған. Оның ішінде 75 371 грант бакалавриатқа, 11 007 грант магистратураға және 3 079 грант докторантураға бөлінді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған квоталар шеңберінде 9 527 грант көзделген.

Студенттік инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. 2018-2025 жылдары Қазақстанда жалпы сыйымдылығы 72 125 орын болатын 281 студенттік жатақхана салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жатақхана орындарының тапшылығы 82 мыңнан 5,2 мыңға дейін қысқарды.

Ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатарында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 656 орындық жатақханасы және Алматыдағы 4 280 студентке арналған Academic City кешені бар. Заманауи жатақханаларда білім алуға, демалуға, спортпен шұғылдануға және бірлескен жобалармен айналысуға арналған кеңістіктер қарастырылған.

Жасанды интеллект технологияларын енгізу және технологиялық кәсіпкерлікті дамыту жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. AI-SANA бағдарламасы аясында еліміздің 106 жоғары оқу орнының студенттері 8 мыңнан астам қорытынды жоба мен 22 мыңнан астам бизнес-жоспар әзірледі. Жасанды интеллект және кәсіпкерлік бағытындағы оқытуға 104 мыңнан астам студент қатыса бастады. Олардың 67 мыңнан астамы білім беру курстарын аяқтады.

Бағдарлама аясында әзірленген жобалар түрлі салаларда практикалық қолданыс тауып жатыр. Атап айтқанда, Astana IT University командасы ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жасанды интеллект көмегімен күн панельдеріндегі ақауларды анықтауға арналған EnergyDronesAI жобасын әзірледі. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Signbridge жобасы Jibek Joly телеарнасында қазақ тіліндегі медиаконтентті ымдау тіліне аудару үшін қолданылып келеді.

Қазақстандық университеттер халықаралық білім беру кеңістігіндегі позицияларын нығайтып жатыр. QS Asia University Rankings 2027 халықаралық рейтингіне еліміздің 51 жоғары оқу орны енді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті университетке көп. Сонымен қатар Қазақстан Азияның үздік 100 университетінің қатарына бірден үш жоғары оқу орны енген Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет атанды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 46-орынға, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 62-орынға, ал Satbayev University 89-орынға тұрақтады.

Сонымен қатар қос дипломды білім беру бағдарламалары мен шетелдік университеттер филиалдарының қызметі арқылы халықаралық академиялық ынтымақтастық кеңеюде. Kozybayev University мен АҚШ-тың University of Arizona университеті арасындағы серіктестік аясында қос диплом және халықаралық диплом бағдарламалары бойынша 1 520 студент білім алады. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Ұлыбританияның Heriot-Watt University университетімен бірлесіп, энергетика және мұнай инженериясы бағыттары бойынша 864 студентті қамтитын білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады.

Шетелдік университеттердің Қазақстандағы филиалдары да халықаралық білімді ел ішінде алуға қосымша мүмкіндіктер ұсынып отыр. Алматыдағы британдық De Montfort University филиалында 985 студент, Астанадағы Coventry University Kazakhstan университетінде 842 студент, ал Cardiff University филиалында 664 студент білім алуда. Халықаралық ынтымақтастық өңірлерде де дамып келеді. Атап айтқанда, Таразда Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің, ал Талдықорғанда Италияның Università Politecnica delle Marche университетінің филиалдары жұмыс істейді.

Студенттердің практикалық даярлығын күшейту де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Университеттер өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейтіп, заманауи зертханаларды дамытып, дуальды оқыту элементтері мен микробіліктілік бағдарламаларын енгізеді.

2025 жылы елімізде өнеркәсіптің қажеттіліктеріне сай мамандар даярлауға бағытталған алғашқы үш озық инженерлік мектеп ашылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Jiangsu Huibo Robotics компаниясымен бірлесіп робототехника орталығы құрылды. Мұнда студенттер өнеркәсіптік роботтармен, машиналық көру жүйелерімен және цифрлық өндіріс технологияларымен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асырып жатқан шаралар студенттердің сапалы білім алуымен қатар ғылыми қызметпен айналысуына, халықаралық ынтымақтастыққа қатысуына, инновациялық жобаларды іске асыруына және практикалық тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беретін заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жоғары білім беру жүйесі мен студенттік инфрақұрылымды кешенді дамыту жастардың әлеуетін ашуға және Қазақстан экономикасына қажетті білікті мамандарды даярлауға қолайлы жағдай жасайды.

Ұқсас жаңалықтар

ҚазҰПУ-да Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана ашылды

altyalash_kz

Қызылордада «Таза Қазақстан» жобасы аясында экологиялық сабақтар өтті

altyalash_kz

Dalil Information Technology-мен мемлекеттік басқаруда ЖИ жүйелерін пайдалану мүмкіндіктерін қарастырылды

altyalash_kz