Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
Басты жаңалықтарЖаңалықтарҚоғамМәдениет

Алматыда Сәуле Жанпейісованың 60 жас мерейтойына орай халықаралық іс-шаралар өтіп жатыр

25-27 қараша аралығында Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сәуле Жанпейісованың 60 жас мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өтіп жатыр.

25 қарашада «Түркі әлемінің дәстүрлі музыкалық мұрасы: вокалдық және аспаптық ерекшеліктері мен заманауи ұлттық құндылықтарды оқытудың, зерттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің ғалымдары, музыкатанушылары, өнер зерттеушілері, оқытушылары мен орындаушылары қатысты.

Жиында түркі халықтарының ән өнерін сақтау, күйшілік мектептердің сабақтастығын жалғастыру, музыкалық мұраны жүйелеу және кәсіби білім берудегі ұлттық музыканы оқыту мәселелері талқыланды.

Конференция аясында Сәуле Жанпейісованың «Айнамкөз» әндер жинағы таныстырылды.

Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Сәуленің сәйгүліктері» атты мерейтойлық концерт өтті. Сахнада Қазақстан мен Қырғызстанның өңірлерінен келген орындаушылар, жыршылар, өнер қайраткерлері және Сәуле Жанпейісованың шәкірттері өнер көрсетті.

Кеште қазақтың дәстүрлі әндері, жыр-термелер, әр өңірдің орындаушылық мектебіне тән туындылар мен Сәуле Жанпейісованың «Сырдашым», «Ақ Жайық», «Сағыныш» шығармалары орындалды.

26 қарашада жыршылық өнер, Маңғыстаудың орындаушылық дәстүрі және түріктің бағлама аспабында ойнау бойынша шеберлік сабақтары өтіп жатыр. Сабақтарды Қазақстан мен Түркияның өнерпаздары Елмұра Жаңаберген, Елдос Еміл және Ирфан Гөрдал жүргізеді.

Мерейтойлық бағдарлама 27 қарашада «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтетін Сәуле Жанпейісованың «Бір тойым бар!..» атты шығармашылық кешімен қорытындыланады.

Іс-шаралар дәстүрлі музыканы насихаттауға, оқыту тәжірибесімен алмасуға және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Аталған шаралар өнеркәсіптің өсуіне, экономика салаларының дамуына мүмкіндік береді

altyalash_kz

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы нәтиже бермеді – Мәулен Әшімбаев

altyalash_kz

Ыстамбұлда жас сәулетшілерге арналған Kazakhstan-Türkiye Youth Bridge жобасы өтіп жатыр

altyalash_kz