Altyalash.kz ақпараттық агенттігі
ЖаңалықтарҚоғамСаясат

Қарағандыда сарапшылар өңірдің дамуындағы мәслихаттардың рөлін талқылады

2026 жылғы 26 қарашада академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде «Өңірдің дамуындағы мәслихаттардың рөлі» атты сараптамалық дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, қоғамдық кеңес мүшелері, саясаттанушылар және «Талдау» аналитика мектебінің сарапшылары қатысты.

Дөңгелек үстелдің модераторы, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ғалымжан Құсманғали 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының сайлауы жаңа Конституцияның қабылдануымен басталған өкілді билікті республикалық деңгейден аудандық деңгейге дейін жаңарту кезеңін қорытындылайтынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы 23 жылда алғаш рет мәслихаттар Парламенттен бөлек сайланады. Сайлау науқанының негізгі өзегіне жол, жылумен және сумен қамтамасыз ету, абаттандыру сияқты жергілікті мәселелер айналып отыр. Қарағанды облысында депутаттар 196 бірмандатты сайлау округі бойынша сайланады. 612 кандидат тіркелген, орта есеппен бір мандатқа 3,1 кандидаттан келеді.

Модератор биыл жазда қабылданған заңның нормаларына да тоқталды. Атап айтқанда, депутаттық сауалға жауап беру мерзімі күнтізбелік 15 күнге дейін қысқартылды, депутат өз округінің сайлаушыларымен жылына кемінде екі рет кездесуге міндетті, ал аудандық мәслихат мүлік салығының ауылдар мен кенттердің бюджеттерінде қалатын үлесін айқындайды.

«Бұл өкілеттіктерді сайлаудың өзі емес, заң береді. Ал сайлау осы өкілеттіктерді кімнің және қаншалықты кәсіби деңгейде жүзеге асыратынын айқындайды», – деп атап өтті ол.

«Қазақстанның жаңа саяси жүйесіндегі мәслихаттар» тақырыбында ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының бұрынғы депутаты, I шақырылымнан бастап Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты болған, төрт шақырылым бойы оның хатшысы қызметін атқарған Құдайберген Бексұлтанов баяндама жасады.

Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы айқындаған мәслихаттар институтын нығайту, олардың өкілеттіктерін кеңейту, депутаттық бақылауды күшейту және депутаттардың жауапкершілігін арттыру жөніндегі міндеттерге тоқталды. Спикер халықтың өзекті мәселелерін шешудегі және өңірлік бастамаларды жалпыұлттық деңгейде ілгерілетудегі мәслихаттардың рөліне ерекше назар аударды. Сондай-ақ саяси партиялар мен депутаттық фракциялардың халықпен жүйелі жұмыс жүргізуінің, сайлауалды міндеттемелердің орындалуы туралы тұрақты есеп беруінің және қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Нұртас Смағұлов «Мәслихаттардың нақты өкілеттіктері мен қызметінің тиімділігі» атты баяндамасында жаңа Конституцияның нормаларына тоқталды.

Конституцияның IX бөлімі жергілікті өкілді органдардың мәртебесін айқындаса, 88-бабына сәйкес аумақты дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және олардың орындалуы туралы есептерді бекіту мәслихаттардың құзыретіне жатады.

Сарапшының пікірінше, бұл мәслихаттардың жергілікті мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылайтын маңызды институт ретіндегі рөлін айқындайды. Ол депутаттар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етудің, тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізудің және сайлауалды бағдарламалардың орындалуы туралы есеп берудің маңыздылығын атап өтті.

Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің философия және психология факультетінің деканы, PhD докторы Анара Мақатова «Жергілікті өкілдік пен өзін-өзі басқаруды дамыту перспективалары» тақырыбында баяндама жасады.

Ол орталықсыздандыру үдерісін өзара байланысты үш бағыт – әкімшілік, фискалдық және саяси тұрғыдан қарастырып, Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің 1993 жылдан бастап жаңа Конституцияның қабылдануына дейінгі даму кезеңдеріне тоқталды.

Сарапшы төртінші деңгейдегі бюджетке, яғни жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін аудандық мәслихат бекітетін ауылдардың, кенттер мен ауылдық округтердің бюджеттеріне, сондай-ақ азаматтардың шешім қабылдауға қатысу тетіктеріне – жергілікті қоғамдастық жиындарына, қоғамдық тыңдауларға, цифрлық платформаларға және халық қатысатын бюджетке ерекше назар аударды.

Оның пікірінше, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту үш негізгі қағидатқа – пәрменді өкілді органдарға, өңірлердің қаржылық дербестігіне және азаматтардың белсенді қатысуына негізделуі тиіс.

Пікірталас барысында қатысушылар облыс тұрғындарының депутаттарға жиі жүгінетін мәселелерін, депутаттардың сайлаушылар алдындағы есеп беруін тиімді бақылау тетігіне айналдыру жолдарын, сондай-ақ мәслихаттарға жастар мен түрлі сала мамандарын тарту мәселелерін талқылады.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, модератор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәслихат депутаттарының III республикалық форумында айқындаған міндетін еске салды. Атап айтқанда, депутаттар халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етуі тиіс.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан қыздар құрамасы ватерполдан Азия чемпионатын жеңіспен бастады

altyalash_kz

Маңғыстауда 10 мың орындық заманауи стадионның құрылысы басталды

altyalash_kz

Рафаэль Надаль ресми түрде карьерасын аяқтады

altyalash_kz