«Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет», – делінген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында.
Құт-береке дарыған, ырыс-баққа жарыған Сырдың қасиетті өңірінің бірі – Шиелі. Ауданда 84010 тұрғын бар, олардың 36432-і экономикалық тұрғыдан белсенді деп саналады. Жұмыспен қамтылғандар саны – 34621, оның ішінде жалдамалы қызметкерлер – 18003, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 16618 адам. Статистикалық мәліметтер жұмыссыздар саны 1811 адам, жұмыссыздық деңгейі 5% құрайды деп көрсетеді.
Аудан халқы атамзаманнан бейнетке дағдыланған, атақты дала академигінің ізбасарлары еңбек ырғағынан ешқашан жаңылған емес.
Дегенмен, «мың қосшыға – бір басшы», еңбекті ұйымдастыру, халықты ұйытып, ұтымды табыс жолына салу – басшының ісі.
Өмір тәжірибесі мол, өзіне артылған міндетке адал Нариман Мақұлбековтің аудан басшылығына келгеніне аса көп уақыт өтпесе де, оның ел-жұртпен етене жақын араласып, жұмыс жүргізу тәсілі де танылып қалды.
Осыған дейін атқарылып келген он бір айдың қорытындысы осы ойымызды жоққа шығармайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауында пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесі тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, адам құқығын қорғауға бағытталған бастамаларын алға тартқан еді. Осылайша, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудағы 5 бастама айқындалған-ды.
Жолдауда айтылған барлық бағыттар бойынша Шиелі ауданында нақты іс-шаралар қабылданып, іске асырыла бастағаны байқалады.
Бұған аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша оң өсім дәлел.
Қара қазан қайнаса – баршаға ортақ
Аудандық бюджеттің кірістері 2021 жылға барлығы 22 млрд 401 млн теңгеге жоспарланыпты. Биылғы жылдың 1 қарашасында бұл жоспар 18 млрд 24 млн 472 мың теңге көлемінде орындалған. 2 млрд 442 млн 497 мың теңгеге жоспарланған ауданның өз кірістері 2 млрд 776 млн 681 мың теңгеге, яғни, 113,7%-ке орындалып отыр. Трансферттік түсімдер 15 млрд 581 млн 975 мың теңге жоспарланып, 100% межеден шықты.
Дербес бюджет бойынша кент және 22 ауылдық округ жоспарын асыра орындап отыр.
Тұтас ауданның қан тамырында тасыған тіршілікті алты, жеті нөл тіркескен цифрларсыз-ақ түсіндіруге болар еді, бірақ, бұл үлкен белес асуындағы табыстар болған соң нақты көрсетуімізді сұрап тұр.
Ендеше, мына мәліметтерді де нақтылап өтейік. «Дипломмен ауылға» – жобасы бойынша Шиелі ауданына 4 млн 375 мың 500 теңгеден 97 маманға, барлығы 424 млн 424 мың теңге қаржы бөлініп, тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтiк қолдау шаралары көрсетілген. Ауылдық елді мекендерге жұмысқа орналасуға және тұруға келген мамандарға көтерме жәрдемақыға 6 млн 878 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда бюджеттік кредит алу үшін 118 маман, көтерме жәрдемақы алу үшін 525 маман өз кезегін күтіп тұр.
Аудан әкімдігіне қарасты тапсырыс берушілер 5 млрд-тан аса конкурс тәсілдерімен жоспарлаған 151 мемлекеттік сатып алудың барлығы мерзімінде жарияланды. Соның ішінде, бөлімнің ұйымдастырумен 117, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы 28, тапсырыс берушілердің өздері арқылы 6 конкурс өткізілді.
Бүгінде 3 млрд-қа жуық теңгені құрайтын 125 сатып алу рәсімі аяқталып, шарт жасалған. Сатып алу рәсімдерінен үнемделген қаржы 388 млн 401 мың теңгені құрайды.
Әрине, мемлекет жұмысы сай-сала қуалап аға беретін су емес, оның заңдылықтары, арқаға салатын ауыр жүгі бар. Сатып алудан бас тартатын жағдайлар да кездеседі. Олардың қаржысы кері қайтарылады. Аудан мұндай жағдайларды оң үйлестіріп, жұмысты үдете отырып, бүгінді ертеңге қалдырмай, алға қойылған міндеттерді атқаруды ең басты ұстанымына айналдырды.
Ақмаржан, «көгілдір отын», көгалдандыру және үй мен жол
Аудан еңбеккерлері биыл су тапшылығына қарамастан, егіннен табысты өнім алды. Басты дақыл – күріштен орта өнім 55 центнер болып, жалпы 66214 тонна Сыр маржаны жиналды. Осындай көрсеткіштермен аудан күрішшілері жоғары өнімге қол жеткізіп, жыл қорытындысымен егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанды.
Сонымен қатар, өмір сапасын жан-жақты арттыруды қолдау үшін қабылданған «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» партиялық жобаларын іске асыру жұмыстары жалғасын тауып отыр. Биыл аудандық бюджеттен 16 елді мекенге барлығы 153 млн теңге қаржы бөлініп, көшелер жарықтандырылды.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарды баспанамен қамту – Жол картасында камтылған негізгі міндеттердің бірі. Себебі, жер кезегінде тұрған тұрғындар саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Биыл ауданның 100 отбасын жер учаскесімен қамтамасыз ету жоспарланған. Инфрақұрылым тартылған учаскелерден 154 отбасыға жер берілді. Баспана мәселесін шешу үшін де көптеген жобалар қолға алынды. Аудан орталығының «Береке» шағын ауданында 25 тұрғын үй мамыр айында пайдалануға берілді. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 458 млн теңге қаралып, игерілді. Ал, 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы жұмысына республикалық және облыстық бюджеттерден 709,7 млн теңге қаралған. Жоба бойынша әр тұрғын үйде 2 бөлмелі 12 пәтер, 3 бөлмелі 6 пәтер орналасқан. Келесі жылы әлеуметтік осал топтағы бірнеше азамат жаңа қоныс иесі болмақ.
Ауданда «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары да қызу жүргізілуде. Тұран ауылдық округіне газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерін салуға республикалық бюджеттен 557,4 млн теңге қаржы қаралған. Жоба бойынша 3,2 шақырым жоғары қысымды, 30,24 шақырым төмен қысымды газ құбыры, екі шкафты газ реттегіш тірегі бар нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт есебінен Керделі ауылдық округіне газ құбырын жүргізуге барлығы 327,3 млн теңге қаржы қаралған. Жуантөбе, Ақмая ауылдық округтерін газдандыруға облыстық бюджеттен 745,9 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталды. Қазір жобалау-монтаждау жұмыстары басталды. Бұл елді мекен тұрғындары алдағы жылы қатты отынның күлін шығарудан қолы босап, табиғи отынның тамашасын көрмек.
Шиелі ауданы аумағында автомобиль жолының жалпы ұзындығы 323,4 шақырымды құрайды. Бұл жолдар республикалық және облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолы санаты болып бөлінеді. Аудан көлеміндегі жолдың 136,7 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Оларды аздырмай, айдау жолға айналдырмай, сапасын сақтап отыру – аудан міндеті. Жолшылар жұмысына ешкім шағым айтпайды. Жалпы, шаруашылықтары жақын орналасқандықтан болар, кеңес дәуірі кезінде-ақ барлық ауыл жолдары асфальтталған тек Шиелі ауданы болатын. Бұл жолдар жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп отырады. Биыл 66,1 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге барлығы 1 млрд 383,29 млн теңге қаржы қаралған.
Экологиялық түйткілдерді жоюдың бір алғышарты – көгалдандыру. Осы орайда биыл ауданда 16400 түп ағаш отырғызылды. Кент және ауылдық округ елді мекендерінің айналасына қосымша 1 гектар алаңға жасыл белдеу жасалып, барлығын қоса алғанда 25 мың түп көшет отырғызылды.
Алдағы жылы да «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы жобаларды жүзеге асыру жалғастырылады. Жолдарды күрделі, орташа жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 220 млн теңге қаржы қарастыру жоспарланған.
Ынтымақ – ырыс алды, денсаулық – өмір деңгейі
Ауданда көп жылдан бері стандартқа сай аурухана ғимараты жоқ еді. Халық тілегіне орай 2019 жылы жаңа аурухана бой көтерді. Жаңа медициналық мекемеде барлық қызмет түрі көрсетіледі. Аурухана қазір қызметі бірнеше есе жетілдірілген лапароскопиялық ота жасайтын видеостойка, шала туған нәрестелерді бірқалыпты жылуда ұстап тұратын кювез секілді жаңа техникалық жабдықтармен қамтылған. Мұнан өзге де заманауи құрылғылар қызмет көрсетеді.
Жаңадан пайдалануға берілген аурухананың заманауи талаптарға сәйкес келуіне байланысты дәрігерлер биыл мыңға жуық науқасқа ота жасады. Оның ішінде 300-дің үстінде лапароскопиялық ота жасалған. Былтырғы жылмен салыстырғанда жергілікті жерде ота жасау 118 жағдайға, лапароскопиялық ота 129 жағдайға артқан.
Бұл – әрине, тәуелсіздіктің жемісі. Аудан халқына медициналық қызмет сапасының артуы ең алдымен адамдардың денсаулығын арттыруға бағытталған шара.
Әлемді жайлаған Covid-19 ауданда 2021 жылдың басынан бері 1568 адам шалдығыпты, олардың 1522-сі құлантаза жазылып шыққан. Жұқпалы ауру құрығына қанша адамның ілінгенін көрсеткішпен жіктеп айтпаса да болады, біздің негізгі айтпағымыз – осы жолда аудан бойынша аурудың алдын алуға жол іздеген жұмыстар.
Аудан көлемінде 18-69 жас аралығындағы 43285 адамды екпеден өткізу жоспары болса, наурыз айынан бастап осы күнге дейін екпенің бірінші кезеңімен 34810, екінші кезеңімен 30009 адам қамтылған. Ал, бүгінде «Pfizer» вакцинасын салу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Пандемия туу көрсеткішіне де әсер етпей қалмады. Соған қарамастан ауданда жыл ішінде 2063 нәресте дүниеге келіп, өткен жылмен салыстырғанда 97 нәрестеге артыпты. Ең қуаныштысы ана өлімі тіркелмеген.
Ауданда амбулаториялық емханалық мекемелер бойынша барлығы 179 дәрігер, 863 орта буын медицина қызметкері жұмыс жасайды. Олар медициналық қызметтің 27 түрі бойынша мамандандырылған көмек көрсетеді.
Биылғы жылы аудандық ауруханаға 8240 науқас түсіп, 8125 науқас емделіп шыққан.
Руханиятта қуат, білімде шуақ бар
Шиелі ауданы қазақ тарихында дара орны бар жеті әулиенің мәңгілік байыз тапқан жері, қайталанбас тарихи ескерткіштерге де кенде емес. Солардың бірі «Сауысқандық» шатқалы – елдің теңдесі жоқ рухани мұрасы әрі қазынасы. Қаратау жотасындағы 500 гектар жер аумақты таңбалы тас шатқалы алып жатыр.
Петроглифтер негізінен үлкен Сауысқандық тауының солтүстік шығыс етегінде орналасқан. Шатқалдағы тастарға 12 мыңдай қашап салынған адамдар мен жануарлар бейнелері белгіленген. Бұл жәдігерліктер 2013 жылы мемлекеттің қорғауына алынып, 2016 жылы «ЮНЕСКО»-ның алдын ала тізіміне енгізілді.
2019 жылы аудандық бюджеттен 410 мың теңге бөлініп, «Сауысқандық» шатқалындағы жартастағы бейнелер біздің заманымызға дейінгі II мыңжылдық ескерткішіне төрт жағынан қорғау аймағының шекарасын білдіретін белгілер қойылған. Шатқалға санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді және табиғат аясында келіп демалушыларға тазалықты сақтау жөнінде ескертпе тақтайшалар орнатылған.
Аудан әкімдігі ғасырлардан бергі қайталанбас мұраны одан әрі сақтап өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында арнайы Жол картасын әзірлеп, бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Бабадан мирас болып қалған құндылықтарды мемлекетіміздің мәртебесі, келешегіміздің қазынасы, халқымыздың рухани жаңғыруы жолында іске жарату үшін әрине, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бірінші міндет.
Ауданда жалпы білім беретін 40 мектеп жұмыс істейді, 3 мыңнан астам педагог қызметкер еңбек етеді. Мектептің бәрі де – заманауи қалыпқа түскен білім ошақтары. Үш ауысымдық және апатты мектептер жоқ. 3-6 жас аралығындағы 6 жарым мыңға жуық баланы толық қамтыған 18 мемлекеттік, 75 жеке балабақша бар.
2022 жылдың І тоқсанында Байсын елді мекенінде 250 орындық мектептің құрылыс жұмыстары басталғалы тұр.
Мемлекет тарапынан бүгінгі таңда педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлініп, әлеуметтік мәселелеріне тиісті жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп келеді. Жасыратыны жоқ, кейінгі бес жылда ауданның білім саласын басқарған жекелеген басшылардың сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беріп, құзырлы органдардың тарапынан қылмыстық істер қозғалды.
Ауданның жаңа басшылығы бұл мәселеге мейлінше қатаң мән берді. Сыбайлас жемқорлықпен күресу ымырасыз жолға қойылды.
Салауат пен салтанаттың мәйегі – спорт пен мәдениет
Дене шынықтыру және спортты дамыту бағытында 1 стадион, 3 спорт кешені, 44 спорт зал, 96 жазықтық құрылғылар жұмыс жасайды. Аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде 26155 адам шұғылданады, бұл көрсеткіш аудан халқының 31,6 процентін құрайды.
Ауданның 9 спортшысы ҚР құрама командасына енген.
Ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, насихаттау мақсатында жыл басынан бері 150 аудандық, 6 облыстық, 3 республикалық іс-шаралар ұйымдастырылған. Оның ішінде отбасылық жарыс, ұлттық спорт түрлерінен, мекеме қызметкерлері арасында дойбы, пневматикалық мылтық атудан жарыстар және тұрғындар арасында футбол, қазақ күресі, волейбол, үстел теннисі, таеквондодан жарыстар өткізілді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында спорттық іс-шаралар тұрақты түрде ай сайын өткізіліп келеді. Жалпы аудан көлемінде балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерінде барлығы 1842 жас пен жасөспірім қамтылған.
Жыл басынан бері аудан спортшылары республикалық жарыстар мен Қазақстан чемпионаттарынан 54 алтын, 42 күміс, 68 қола, Әлем біріншілігі мен Әлем кубоктарынан 2 алтын, 1 қола, Азия біріншілігінен 1 алтын, 1 қола медаль иеленген.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында биылғы жылы аудан бойынша 16 елді мекенге балалар ойын алаңы мен жаттықтыру алаңын салуға аудандық бюджеттен 168 млн теңге қаржы бөлініп, нысандар толығымен халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Бұл жұмыстарға аудан әкімі ерекше көңіл бөліп келеді.
Жастар арасында ауыр атлетшілер Әлем және Азия біріншілігінде алтын жүлде иеленіп, ауданның ғана емес, қазақ елінің мәртебесін асқақтатты. Биылғы жылдың өзінде Ташкент қаласында ауыр атлетикадан жасөспірім қыздар арасында өткен Азия чемпионатында Айсамал Сансызбаева алтыннан алқа тақты. Зілтемірші Айзада Мүптілда Қызылорда қаласында ауыр атлетикадан өткен Қазақстан чемпионатында әйелдер арасында бірінші орынды жеңіп алды.
Жыл басынан бері ауданда әділдігімен қара қылды қақ жарған Балабидің, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың және «Атымтай жомарт» атанған, меценат Әбдіманап Шорабаевтың атындағы түрлі деңгейде күрестен, бокстан, ауыр атлетикадан дәстүрлі республикалық турнирлер тұрақты түрде өткізіледі. Осындай шараларға ҚР Жоғары дәрежедегі ұлттық спорт төрешісі, күрестің бірнеше түрінен ел чемпионы Ғабит Тәжбенов көшбасшылық көрсетіп, ауданның құрметті азаматы, кәсіпкер Темірхан Әлімқұловтың демеушілік жасап келе жатқанын да айту парыз.
Енді мәдениет тарапына ауысайық. Аудан көлемінде мәдени-шығармашылық орталығы, «Арман» кенттік мәдениет үйі, 10 ауылдық мәдениет үйі мен 15 ауылдық клубы, 2 мәдени-демалыс кешені және «Нартай өнер мектебі» жұмыс істейді. Сонымен бірге халыққа 32 кітапхана, 5 халықтық ұжым – Алғабас ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы, «Жас дәурен» халықтық ән-би ансамблі, Ноғайбаевтар халықтық отбасы ансамблі, ұлт аспаптар халық оркестрі, «Нартай сазы» халықтық фольклорлық ансамблі мәдени қызмет көрсетеді.
Осы мәдени ошақтардың қатысуымен жыл басынан бері 176 онлайн, 208 оффлайн форматта мәдени шара өткізілген.
Жол картасы шеңберінде Жиделіарық ауылынан 150 орындық клуб ғимаратын салуға жалпы 224,3 млн теңге қаржы қаралып, оның құрылысы аяқталуға жақын.
Шиелі – дарындылар отаны. Досбол мен Балабидің, Иманжүсіптің, Нартайдың, Қалмаханның, Манаптың, Маханбетқалидың топырағы. Барған жерінен бәйгесіз қайтпайтын жас таланттар – сол асылдардың сынығы. Өнерімен биік белестерді бағындырып жүрген жастар 32 облыстық байқауға қатысып, 5 бас жүлде, 7 мәрте 1-орынды олжалапты.
Алматы қаласында өткен «Бозторғай» балалар шығармашылығының Халықаралық өнер байқауында домбыра үйірмесі жанры бойынша Жансейіт ауылынан қатысқан Жансерік Ақжол мен Нартай ауылынан қобыз үйірмесінің мүшесі Айару Сұлтанбек I орын иеленіп оралды.
«Бейнет қыл да, міндет қыл» дегендей, аудан басшылығы тарапынан өнер адамдарын жоғарғы марапатқа ұсыну, оларға құрмет көрсету әрқашан өз деңгейінен табылады.
Жақында Бәйгеқұм ауылында облыстың бас ақыны атанған, әйгілі айтыскер, Шиелі ауданының құрметті азаматы Маханбетқали Тұрсановты еске түсіру кеші өтті. Осы кеште сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов алдағы кезеңде аудан мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосқан ақынға жасалатын құрметтің өз жалғасын табатынын, Бәйгеқұм ауылдық мәдениет үйіне Тұрсановтың есімін беру мәселесінің күн тәртібінде тұрғанын айтты. Мұның өзі өнер адамына деген құрмет және ұрпаққа өнеге.
Ақмаяның кешесі мен бүгіні
Ақмая – табиғаты тамылжыған жер, шығысында Қаратау мұнартып, батысында сарқырап Сырдария жатыр. Қырғауылы қыт-қыттап жолыңды кескен, жидесі жұпар атып, танауыңды жарған көрініс келбеті қандай! «Әр бұтаның түбі бір асым ет» деп Асан Қайғы әулие айтқандай, қалың тоғайды паналап балалаған аң-құсқа бай жер.
Күллі маңайға көрік берген көк майса шаруа шалғысына түскенде жазық далада мая-мая болып теңкиіп көрінеді. Күн көзіне кепкенде сол көделер аппақ болып, осы жерге дамылдап аяқ суытқан сарбаздардың ақ шатырындай сап түзеп жатады. Мал соңында жүрген қазекем бұл көріністі ақ жүні үлпілдеген үлек маяға көбірек ұқсатады. Ал, енді «Ақмая» атауының этнолингвистикалық төркінін осы тұстардан шығара берсек болады.
1937-1938 жылдары кеңес үкіметі Қиыр Шығыстан, басқа да аймақтардан «сенімсіз халықтар» деген желеумен көптеген ұлт өкілдерін Қазақстанға депортациялаған, яғни, күштеп көшірген. Сол кезде облыс атын иемденген Қызылордаға көшіп келгендердің көбі корей ұлтының өкілдері еді. Олардың бір бөлігі №22 теміржол бекеті маңына қоныстандырылып, «Авангард» колхозы ұйымдастырылған. Еңбеккеш корейлер күріш өсірудің нағыз білгірлері болып шықты. Кейін бір ғана Шиелі ауданынан 29 корей ұлтының өкілі Кеңес одағының еңбек адамына берілетін ең жоғарғы атағы Социалистік Еңбек Ері атанса, «Авангардтың» өзінен осындай атақты 16 еңбеккер иеленген.
«Авангард» 1973 жылға дейін колхоз, 1997 жылға дейін совхоз болып, ауданның алдыңғы қатарлы шаруашылығына айналды. Ал, нарық заманы келіп, шаруашылықтар он-он беске бөлініп жатқанда бұл еңбек ұжымы іргесін сөкпей, негізін сақтап қалды. Тарихи атауына оралып, «Ақмая» ауылдық округі болып құрылып, керегесін кеңейтті. Бүгінде «Ақмаяда» аудандағы ең әлеуетті күріш ақтау зауыты жұмыс істейді. Осының өзі-ақ бұл ауыл адамдарының атакәсібіне айналған күріш өсірудегі дәстүрлі біліктілігі мен өзара ауызбіршілігін танытып тұр.
Дәулет Жұмбеков басқаратын «Ақмая» шаруа қожалығы – 130 адамды жұмыспен қамтып отырған шаруашылық. Жыл сайын мол өнім алып, ауданда ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Биылғы жылы шаруа қожалығы 2405 гектар жерге егін салған екен. Оның ішінде күздік бидай 254 гектар, күріш 1235 гектар, 916 гектар жерге жоңышқа дақылы егілген. Биыл әр гектардан 50-60 центнер өнім жинаған диқандар мол астықты қамбаға құйды. Бұл – еңбекшілердің ыстықта сая, суықта пана іздемей, ынта-жігермен атқарған жұмыстағы маңдай терінің өтеуі.
Шаруа қожалығында мал басы да бар, мысалы биыл ірі қара саны 200-ге жетіпті. Шаруашылық шабындықтан мал азығы ретінде 7480 дана пресс шөп жинаған, оның 2500-і ауыл тұрғындарына таратылған. Шынында, қыс шанасын жаз сайлай алмайтын адамдар да бар. Жалқаулықтан емес, жағдайы жоқтықтан, ендеше оларға қожалық қашан да көмек көрсетуге әзір.
Сонымен бірге Жұмбеков жаңалық құмар. 2020 жылдан бастап өсімдік шаруашылығын цифрландырудың басым элементтерін енгізу жұмыстары «Ақмая» шаруа қожалығында іске асырылды. Бұл жоба «019-Өндірістегі инновациялық даму» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде, облыстық бюджет есебінен 2018-2019 жылдар аралығында қолға алынған-ды. Қожалықтың 800 гектар егістік жерінің топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізілді, қоректік бөлудің картограммалары жасалды. Бұл платформа (3D қоса алғанда) барлық деректерді, яғни, өсімдік айналымын, егу мерзімдері, сорттарын және будандардың кезеңдерін, топырақтың агрохимиялық құрамын, топырақ түріне пестицидтер мен тыңайтқыштарды ұтымды пайдалану және т.б. автоматты бақылау және басқару жұмыстарын көрсетеді.
«Ақмаяда» қазіргі заманғы сенсорлық технологиямен жабдықталған John Deere және Claas комбайндары жұмыс жасайды. Жоба барлық ықтимал деректер көздерімен тығыз интеграцияны болжайды, сондықтан ауыл шаруашылық техникасының бірегей мүмкіндіктері толығымен пайдаланылатын болады, тракторлар мен комбайндар сенсорларының ақпараттары біріктіріліп, «Ақмая» шаруа қожалығында «Ақылды ферма» басқарады.
Биылғы құрғақшылыққа байланысты қиындыққа тап болған аралдықтарға қожалық төрағасы ерекше көңіл білдіріп, «Аралға көмек» ретінде Шиелі ауданынан 1000 пресс, 54 бума жоңышқа шөбін жөнелтті. Ауданнан шыққан көмек Арал ауданы Құланды ауылдық округіндегі Ақбасты ауылының тұрғындарына таратылды.
Жақсылық жасауға жаны құмар Дәулет Жұмбеков қос шаңырақты шаттыққа бөледі. Ауылдағы ағайынның жай-күйін жақсы білетін төраға 73 жастағы Зоя Өмірбековаға 5 бөлмелі баспана тарту етті. Жолдасы марқұм Е.Батырбеков аталған шаруа қожалықта зейнет жасына дейін механизатор болып еңбек еткен болатын. Бес баланың анасы қабырғасы сылағына ілініп тұрған жарамсыз үйден жаңа үйге көшкенде жомарт азаматқа алғаусыз алғысын білдірді.
Бұған дейін де қайырымды істің басы-қасынан табылып жүрген аудандық мәслихат депутаты Д.Жұмбеков Ш.Қодаманов ауылының тұрғыны, 68 жастағы жалғызбасты ана Айзан Мұратбековаға да жаңа үйдің кілтін табыстаған еді.
Шиеліде өз еңбеккерлерінен көмегін аямай, көлік мінгізіп, үй салып беретін шаруашылықтар көп. Біз солардың бірін ғана айттық.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ