Сұлулық әлемді құтқарады» дейді. Бірақ сұлу болу үшін үйлесімді киіне білу қажет. Сән әлемінде уақыт өткен сайын жаңа леп, жаңа трендтердің пайда болғанын байқауға болады. Сұлулық индустриясы да күн сайын мың құбылып, әр-түрлі трендтер пайда болып жатыр. Десе де соңғы жылдары көне стильдердің қайта жаңғырғанын аңғару қиын емес. Сол баяғы классика, кең балақты шалбар, үлкен өлшемді пиджак. Бұларсыз ешбір арудың гардеробын елестете алмайсыз. Ал, мезгілге қарай киініп мың құбылатын арулардың киіну стильдері де әр түрлі екені анық. Қыз көңілі де, күз көңілі секілді құбылмалы емес пе? Жыл мезгілдеріне қарай жаңа киімдер топтамасы шыққаннан-ақ бұрымдылар болмысы өзгеріп шыға келеді. Әсіресе, сылқымдар көктем мезгілінде ерекше киінгісі келеді. Сонымен биылғы жылдың көктемгі трендтерді бірге білейік.
Сан ғасырлар өтсе де сылқымдар сан алуан құбылып, ажарын аша түсуден шаршаған емес. Әлемдік деңгейдегі сән әлемінің сұлулары да жыл өткен сайын жаңа киімнің түрліше үлгісін жасап шығарып, оны әр-түрлі жанрдағы брендке қосуда. Былтырғы мен биылғы үлгі де бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Осы жылы жылы «клетка» және «ляпарт» стильдеріндегі сырт киімдер трендте. Киімге қарай түстері де өзгере бермек. Мәселен, сары, қоңыр, қара және ақ түстегі пиджактар сатушының да сатып алушының да назарында. Сондай-ақ жастар арасында бірден көзге түсетін «джинс» маталары. Олардан жасалған шалбарлар, жеңі ұзын күртешелер, сөмкелер бүгінгінің көшін бастап тұр. Джинс маталарын бүгінгінің «фавориты» деуге болады. Мұндай образдар кез-келген аруға бірден жараса кетеді. Және де «кейп». Бұл сырт киімнің өзгелерден ерекшелігі – қолсыз келеді(безрукавка). Отандық дизайнерлер осы жылы мұндай жұқа күртешелердің сәнде екенін айтып отыр. Және ең қуантарлығы бірнеше жылдардан «этно стиль» трендте. Өз қалауыңызша отандық дизайнерлердің көмегімен киімдеріңізді қазақша нұсқаға айналдырып алуыңызға әбден болады. Түрлі әшекей бұйымдардан жасалған тақияларды, қажекейлерді де ойланбастан сатып ала беріңіз. Тек оған сәнді белдіктерді тағуды ұмытпасаңыз болғаны. Ең бастысы өзіңізге жарасымды киініп, әр кез көңілге қонымды түстерді таңдап, дене-бітіміңізге сай стильде жүргеніңіз жөн.
Қыз-келіншектер әдетте дүкен аралағанда, киім таңдағанда, жарасымды түстерді таңдай алмай әбден әбігерге түседі. Қызыл да ұнайды, көк те ұнайды. Тіпті, қараны жақсы көретіндер де жетіп артылады. Жылдың ең сәнді түстерінен тігілген киімді киетін болсаңыз, сіз «трендтегі ару» боласыз. Мамандар биыл жайлы киімдер мен ашық түстер сәнде дейді. Сондықтан көбіне ақ түсті жейделер мен сары-қоңыр түстес шалбарлар ажарыңызды аша түседі. Ал, образыңызды әдемі әшекейлер мен аксессуарға толықтырсаңыз әдемілігіңіз әрлене түседі. Оған қоса, таза теріден жасалған түрлі-түсті сөмкелер нағыз лук екенін есте сақтаңыз. Көлемді сырға және табиғи таспен көмкерілген білезіктер де ажарыңызды аша түсіп, биік өкшемен толықтырылған бұл образ сізді кештің гүлі етері анық.
Киімдерді дұрыс таңдағыңыз келсе, алдымен өмір салтыңызға мән бергеніңіз жөн. Мәселен, кеңсе қызметкері болсаңыз, сізге «классикалық» үлгідегі іскерлік киімдерді сатып алған жөн. Ең бастысы киіміңіз кемінде үш киіммен жарасуы керек. Мысалы кеңсеге арналған костьюммен де бірнеше образ жасауға болады. Біреуі қанық түс, қалғаны «базалық» болуы шарт. Ал, күнделікті өмірде қарапайым киінгеніңіз дұрыс. Спорттық үлгідегі костьюмдерді таңдар болсаңыз, өзіңізге жайлысын киіп көріңіз. Оған қоса, жәй табанды «кросовка» сатып алыңыз. Бұл киімдер сіздің жүріп-тұруыңызға жеңіл әрі өте ыңғайлы болмақ. Ең бастысы гардеробыңызды сапалы киімдермен толықтыруды әдетке айналдырыңыз. Сән мен сымбатыңыз үйлесімін тапса, әлем де ажарлана түспек.