Қазір елімізде 5,7 миллион жас бар. Олардың басым бөлігі шетелде білім алуды, саяхаттауды армандайды, мақсат қойғандары да бар. Тіпті соңғы жылдары Қазақстанда сыртқы көші-қон толастамай тұр. Жалпы, жастар шетелге қалай шыға алады? Өзге елде олар үшін қандай мүмкіндіктер бар?
Қазақстан жастарына шетелге шығуға бірінші мүмкіндік – «Болашақ» бағдарламасы. Мемлекеттің қаржыландыруымен жаһандағы дамыған, оқу-тоқуы жетілген елдерге барып, магистратура, резидентура, докторантура бойынша білім алуға, тағылымдамадан өтуге болады. Былтырдың өзінде осы бағдарлама аясында қазақстандық жастар үшін 1055 стипендия бөлінген екен.
Нұрбану Темірбайқызы – «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты. Ол «Қонақүй бизнесі» мамандығы бойынша Швейцарияның елінің Монтре қаласында магистратурада оқыған. Түлектің айтуынша, бағдарламаға құжат тапсыру үшін сіздің ағылшын тілінен халықаралық тестіңіз, өзіңіздің таңдаған оқу ордасына, мамандығына қажетті шекті балдан жоғары болуы қажет.
– Стипендия тағайындалған соң, мен әуелі Ұлыбританияда тілдік курста оқыдым. Кейін мамандығым бойынша Швейцарияда білімімді тереңдетуді ұйғардым. Өйткені бұл ел қонақүй бизнесі бойынша оқытатын әлемдегі жетекші ел. Бастапқы кезде әрине әр елдің ортасына бейімделу оңай болған жоқ. Уақыт айырмашылығы, климат өзгешелігі қанша дегенмен әсер етеді. Оқу бағдарламасына бейімделген соң, университетіміздің әр сенбі немесе ай сайын ұйымдастырылатын саяхаттарымен өзге қалаларға баратын болдым. Ескере кететін жайт, бағдарламамен оқуды аяқтап, елге келген соң, өңірлерде 5 жыл немесе ірі мегаполистерде 3 жыл жұмыс істеуіңіз міндетті, – деді Н.Темірбайқызы.
Сонымен қатар талабы таудай жастарға кез келген елде қолдау көрсететін Erasmus Mundus Joint Master Degrees халықаралық бағдарламасы бар. Стипендия көмегімен жастар екі елде оқуға мүмкіндік алады. Бағдарлама оқу ақысын, медициналық сақтандыруды, жолыңыз бен орналасуыңызды толық өтейді.
Ал Chevening Scholarship халықаралық бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпіріндегі жастарға магистратура бойынша білім алуға ықпалдасады. Мұнда сіздің оқу, жол, диссертациялық жұмысыңызды қаржыландырудан бөлек, тіпті виза алудағы шығыныңызды да өтеп береді. Бұған қоса ай сайынғы шәкіртақы қарастырылған.
Еуропада да білім қуып жүрген қазақ жастары көп. Әсіресе, Чехия, Аустрия, Германия, Мажарстан университеттері қазақстандық студенттердің жоғары сұранысына ие. Мәселен, Аустрия мен Мажарстанда оқығыңыз келсе, Орталық Еуропа университеті ағылшын тілінде магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша білім гранттарын ұсынады. Сондай-ақ Чехия елінде оқуға түсу үшін ҰБТ-ның нәтижесі қажет емес. Орта білім жөніндегі куәлік болса жеткілікті. Тек, чех тілін жетік меңгеру қажет. Бұған қоса бұл мемлекеттерде ғылыми зерттеу жүргіземін деуші қазақстандықтарға да грант жетерлік.
Fulbright гранты АҚШ елінің университеттеріндегі оқу ақысын толығымен төлейді. Әрі ай сайынғы шәкіртақы, медициналық сақтандыру және жол жүру шығындары өтеледі. Бұл – білім саласындағы ең беделді бағдарламалардың бірі. Өйткені осы білім жүйесі арқылы Нобель және Пулитцер сыйлығының лауреаттары оқыған. Жалпы Fulbright 75 жыл бойы 300-ден астам түлекті түлеткен.
Қытай Халық Республикасы да қазақстандық жастардың білім алсам деген меселін қайтарып отырған жоқ. Бүгінде Қытай мемлекетінде шетелдік студенттер үшін бөлінетін білім гранттарына қол жеткізу жеңілдеу. Оның үстіне, құжат тапсыру да қиындық тудырмайды. Яғни талапкерлер интернет арқылы құжаттарын қажетті оқу орнына жіберіп, Қытайдағы білім ордаларының жауабын күтеді. Тек мұнда оқу үлгерімі жоғары талапкердің қабылдану мүмкіндігі жоғары.
Сингапурдың білім беру жүйесі – әлемдегі ең озық үлгінің бірі. Мұнда оқудың өз артықшылығы бар. Біріншіден, білім алушылар ағылшын тілін жетік меңгеріп шығады. Екіншіден, оқытудың әлемдік стандарттарын және заманауи экономикалық талаптарды игереді.
Оңтүстік Корея үкіметі өзге ел азаматтары үшін арнайы Global Korea Scholarship бағдарламасын әзірлеген. Оның негізінде KOICA стипендиясы шетелдіктердің толық оқуын, екі бағытта ұшақ билетін өтейді. Сондай-ақ жатақхана, үш мезгіл тамақтану, экскурсиялар және медициналық сақтандыруды ұсынады. Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігінің мұндағы мақсаты – өз елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса алатын дамушы елдердегі негізгі көшбасшыларды тарту.
Түркия мемлекеті де жастар үшін өте тиімді Turkiye Burslari атты мемлекеттік оқу гранттары жүйесін әзірлеген. 2012 жылы ашылған бағдарлама бакалавр, магистратура мен докторантура, сондай-ақ ғылыми ізденістерге де грант бөледі. Бұған әлемнің әр түкпірінен жыл сайын жүз мыңнан аса адам өтініш береді. Олардың тек бес мыңы ғана білім алу үшін стипендия ұтып алады. Үміткерлердің арасында қазақстандықтар да көп. Стипендиаттарды тегін жатақхана мен тамақ, екі бағытқа әуе билеттері және медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді.
Алысқа барғанша, барға қанағат етіп, еліміздегі университеттерде де білім алып, 6 айға академиялық ұтқырлық бағдарламасымен шетел асуға болады. Осы игілікті ұтымды пайдаланғандардың бірі – Данара Жұмакенова. Қазір ол Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетінің 4-курс студенті.
– Түркия еліне баруды бала кезімнен армандадым. Отбасылық жағдайыма байланысты, бакалавр дәрежесімен оқуға бара алмадым. Бірақ академиялық ұтқырлық арқылы баруға болады дегенді естігенде мүмкіндігімді жібермеуге тырыстым. Ол кезде мен 3-курста оқитынмын. Түркия елінің Денизлі қаласындағы Памуккале университетінің мұғалімдеріне байланысқа шығып, құжаттарымды жинақтадым. Үй жағдайын, оқу мәселелерін алдын ала шешіп алдық. Сөйтіп осы уақытқа дейін оқыған түрікшеммен қолдорбамды арқалап, 5 айға Түркияға бардым. Әрине, туған жеріңе жетпейді. Десек те мұндағы білім беру жүйесі ұнады. Ұстаздарымыз дәрістерін өз қалауынша, университет ауласында, кафеде еркін форматта өткізе береді. Мен «түрік тілдес халықтардың тілдері» мамандығы бойынша білім алдым. Сабақ барысында түркі тілдес елдердің мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүріндегі ұқсастықтар мен айырмашылықтарды тереңірек оқыдық. Алдағы уақытта осы бағытта ғылыми жұмыс жазсам деген жоспарым бар. Дәрістен бөлек, студенттермен Түркияның Ыстанбұл, Анталия, Измир, Мармарис, Тавас, Каппадокия сынды әсем қалаларына саяхаттадық. Жалпы, шетелде білім алу адамның ой-өрісін өзгертеді. Әрі өзін өзі жетілдіруге таптырмас мүмкіндік, – деді Данара Жұмакенова.
Жалпы, шетелде білім алудан бөлек, жастарға 2-6 айлық курстар, халықаралық конференциялар мен семинарларға да қатысуға болады. Мәселен, АҚШ-тың TechGirls атты бағдарламасы қыздар қауымына 25 күндік семинарларын ұсынады. Бағдарлама ғылымда, технологияда, инженерияда және математикада мансап құрғысы келетіндерге тереңірек білім алуға мүмкіндік береді. Әрі медициналық сақтандыруды, виза алу, тұрақжай, жол жүру шығындарын толық өтейді.
Бұған қоса Американың жастарға арналған Humphrey стипендиясы да бар. 10 айлық бағдарлама барлық шығындарыңызды толық өтейді. Тек ағылшын тілін жақсы меңгеруіңіз шарт. Сондай-ақ Гарвард та адам құқықтары жөніндегі жазғы тағылымдамаларын ұсынады. Бағдарлама қатысушыларға кәсіби және интеллектуалды тұрғыдан даму мүмкіндіктерін береді. АҚШ-тан тыс адам құқықтарымен айналысатын үкіметтік емес және үкіметаралық ұйымдармен кемінде сегіз апта жұмыс істеуге болады.
Осы жылдың жазында Швейцарияның Лугано қаласында жазғы саммит өтеді. Бұл іс-шараға 25-35 жас аралығындағы осы аймаққа қызығушылық танытатын жастар қатыса алады. Ұйымдастырушылар оқу ақысын, тұрағын, жол жүру шығындарын жартылай немесе толығымен өтейді.
Жастардың талпынысы мен талабына, қабілет-қарымына сай шетелде білім алуға, саяхаттауға мүмкіндік мол. Тек білімнің көкжиегін кеңейту үшін жастар осы игілікті тиімді пайдалана алса игі. Ең бастысы, өзге мемлекетте алған білім-білігін жаңартып, туған елінің даму жолына арнайы алса, қажетті іске жарата білсе болғаны.
Зейін ЕРҒАЛИ