Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кәсіпкерлік саласындағы бірқатар заңнамалық актіге өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.
«Бұған дейін өзгертулер енгізуді талап ететін 66-ға жуық заңнамалық акт анықталды. Жұмысты дұрыс ұйымдастыру үшін өткен жылы сынақтан өткен тәсіл ұсынылды. Жұмыс топтары реттеудің әрбір саласы бойынша түзетулер әзірлеп, Ұлттық экономика министрлігіне бекітуге ұсынады», деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде біртұтас пул қалыптастыру үшін 15 бағыт бойынша түзетулер енгізілді, енді 17 бағыт қалды.
«Әзірлеу және бекітуден кейін Парламентке енгізу сатысында тұрған «Бизнесті жүргізу туралы» заң жобасына түзетулердің бірыңғай пулын енгізу жоспарланды. Осыған байланысты, мемлекеттік органдарға Жұмыс тобының мүшелерімен бірге кодекстерге/заңдарға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды жедел пысықтауды және бір апта мерзімде Ұлттық экономика министрлігіне жинақтауға ұсынуды, сондай-ақ тиісті заңнамалық актілерді енгізуді қамтамасыз етуді тапсыруыңызды сұраймын», деп толықтырды министр.