Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында елорданың дамудың жаңа үлгісіне көшуге тиіс екенін мәлімдеді.
«Астана инновациялық шаһар болуы қажет. Әлемде қаланы басқарудың жаңа цифрлық тәсілдері қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Біз де бұған баса назар аударуымыз керек. Мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі 42 компаниясының басшыларымен арнайы кездестім. Бұл компания жасанды интеллектіні дамыту ісінде көш бастап отыр. Олар «ақылды қала» жобасы аясында осы саладағы озық тәжірибесін бізге ұсынуға дайын. Әкімдікке Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, бұл жұмысты дереу қолға алуды тапсырамын. Жалпы, ІТ бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың Digital nomads орталығына айналмақ»,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамыту керек.
«Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек. Жалпы, Астананың қазіргі ауыр жағдайын тез арада өзгерту маңызды. Елорданы жаңғырту қажет. Осы мақсатпен қаланың даму стратегиясын қайта қараған жөн. Құжатта қаланы кешенді түрде дамытудың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілуге тиіс. Әкімдікке арнайы қоғамдық тыңдау өткізіп, қаланың жаңа Бас жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Сосын Үкімет оны жыл соңына дейін мақұлдауы керек. Президент Әкімшілігі жұмыстың уақытылы әрі сапалы орындалуын бақылауға алады. Сіздерден нақты нәтиже күтемін», – деді Президент.