Алимент төлеуші жұмыссыз болған жағдайда балалары алдындағы қарызын кім өтейді? Мәселені шешудің қандай жолдары қарастырылған? Аталған сауалдардың жауабы Әділет министрлігі ұсынған мәліметте берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Егер борышкердің жалақысы болмаған жағдайда алимент тағайындау еліміздегі орташа айлық жалақы мөлшерін негізге ала отырып айқындалады. Жұмыссыз борышкердің алимент бойынша төлемі бюджет қаражатынан және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы ретінде беріледі», – делінген агенттік жолдаған сауал жауабында.
Министрліктің хабарлауынша, еңбек етуге ниетті алимент борышкерлеріне жұмыс ұсынылады.
«Әділет органдары, жеке сот орындаушыларының палаталары мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп 2018 жылдан бастап тоқсан сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізеді. Өткен жылы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 2150 борышкер тұрақты жұмысқа. орналастырылды», – дейді ведомстводан.