«Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі» дейміз. Олай болса, табиғатпен үндес аң-құс, жануарлар дүниесі, тіпті қыбырлағанның барлығы дерлік – қоршаған ортаның төл перзенті. Бізге дейінгі ғалымдардың еңбегіне, дәлелдеуді қажет етпейтін теорияларға талас жоқ. Мәселе жылдан-жылға қатары азайып жатқан жануарлар дүниесін сақтап қалуда болып тұр.
Қазір қоғамда екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірі хайуанаттар бағын қажет деп санаса, екінші жақ жабайы жануарлар темір торда емес, табиғатта өмір сүруге тиіс деген түсінікті құптайды. Осы жайға экологтер да екіжақты қараса, қарапайым халықтан не сұраймыз. Расында, осы тақырып тек кейінгі жылдары көбірек айтылып, өзекті бола бастады. Ашық қоғамда әр азаматтың пікірі, көзқарасы құнды. Озық үлгідегі технологиялардың ауылы алыс кезде жұрт хайуанаттар бағына, цирктегі артист аң-құстардың өнерін тамашалауға ағылған. Сол шақ дарқан даланың табиғаты қандай көркем болса, жануарлар әлемі де сондай бай болған екен-ау. Қазір қоғамның дүниетанымы, түсінігімен қоса құндылығы өзгерді. Онсыз да азайып бара жатқан жануарлар дүниесін қорғау өзге тіршілік иелерінен бір саты жоғары саналатын жұмыр бастыны алаңдататыны орынды.
Сондықтан әр ел өзінің территориясында сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар әлемін көзінің қарашығындай қорып, көбейтудің қам-қарекетін жасап-ақ жатыр. Мысалы, Алматы хайуанаттар бағында бунақденелілер, қосмекенділер, бауырмен жорғалаушылар, сүтқоректілер, балықтар және басқа да аң-құстың 371 түрі кездеседі. Ірілі-ұсақты жануарлардың жалпы саны 4 мыңға жетеғабыл. Оның 76 түрі халықаралық және Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстарымен ерекшеленеді. Оның ішінде табиғатта өмір сүрсе зау биіктен жемтігін аңдып, ұрымтал сәтте, тіпті ірі аңдардың адымын аштырмайтын жыртқыштар тобы бар. Осыдан келіп, «жыртқыш құстар хайуанаттар бағына қайдан келді?» деген заңды сауал туады. Жыртқыш құстарды хайуанаттар бағына 1970 жылдары Қарашеңгел аңшылық шаруашылығынан Икар Бородихин деген азамат алып барған. Ол қорықта қанаты қайырылған, аяғы сынған, бір сөзбен айтқанда, табиғатта өмір сүруге қауқарсыз құстарды ғана тапсырған. Қазір хайуанаттар бағында жыртқыш құстардың 30 түрі бар. Олардың саны 236-ға жеткен. Оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген құмай, тазқара, бүркіт, дала қыраны, балтажұтар сынды құстардың түрі көп. Сол сирек кездесетіндердің қатарында үнді жайрасы, Тянь-Шань ақ тырнақты қоңыр аюы, арқар да бар.
Алматы хайуанаттар бағында даму бөлімінің меңгерушісі Ақжами Рахимованың айтуынша, қызғыштай қорып отырған жануарлардың басым көпшілігі хайуанаттар бағында бұрыннан мекен етеді. Табиғатта еркін ойқастаған жануарларды ешкім арнайы ұстап алып келмейді. Аңшылардан тәркіленген жаралы жануарлар, қақпанға түскен немесе енесі өлген бөлтіріктер, ақбөкен, түлкі сынды өзге де аңдар хайуанаттар бағын толықтырған. Ал Амур жолбарысы, арыстан, қабылан, маймыл және басқа да жануарлар әлемдегі өзге хайуанаттар бағынан жеткен. Хайуанаттар бағы еуразиялық, дүниежүзілік ассоциациялармен байланыста. Тәжірибе алмасып, бірінен-бірі жануарлар алып отырады. Мысалы, керқұлан (Прежевальский жылқысы) тәрізді жануарлар қазір тек қорықтар мен зообақтарды мекендейді. Былтыр хайуанаттар бағы ақтөс тукан, поляр қасқырлары, сервал сынды бірнеше аң-құспен толыққан. Онда ветеринарлық бөлім негізгі бөлім саналады. 9 мал дәрігері хайуанаттардың ахуалын жіті бақылайды. Бірі құстарға қараса, екіншісі жыртқыштарға дегендей әр мал дәрігерінің өзі баскөз болатын, тілін таба алатын жануарлары болады.
– Хайуанаттар бағы керек емес, жабылсын! Байғұс аңдар, жүдеген, тамақ бермейді деп жазып, айтып жүргендер бар. Ал шынтуайтында, хайуанаттар бағы арқылы жануарлардың бірнеше түрі сақталып қалды. Қазір хайуанаттар бағының мақсаты – жануарлар әлемін көрсетіп, соның есесіне халықтан ақша жинау емес, гендік қорды сақтау. Себебі көптеген жануардың табиғатта мекен ететін аймағы жоқ. Мысалы, қазірдің өзінде орманды даланың көлемі азайып, өзен-көлдер тартылып, батпақтар құрғап жатыр. Бір сөзбен айтқанда, жыл өткен сайын табиғатта мекендейтін жануарлардың өрісі тарылып барады. Мәселе күрделі. Жүздеген жыл бұрын хайуанаттар бағының мақсаты қонақтардың көңілін көтеру, сергіту болса, қазір жануарлардың генофонын сақтауға басымдық берілген. Бүгінде әлемдегі хайуанаттар бағы жануарларды табиғаттан тыс өсіруге машықтанды. Атақты жазушы, натуралист Джеральд Дарреллдің кітаптарын оқып өстім. Ол «Хайуанаттарда еркіндік деген түсінік жоқ» деген. Яғни жануарлар еркіндік дегенді түсінбейді. Еркіндік деген біздің түсінігімізде, біз ойлап таптық. Жануарларда қауіпсіздік, өзі мекен ететін аймақ, тамағы, көбею сынды түсініктері болады. Осы қажеттіліктің барлығын біз толықтырып отырмыз деп айта аламыз, дейді А.Рахимова.
Әлемдегі хайуанаттар бағы жануарлардың санын көбейтіп, кейін оларды табиғатқа шығарудың методикалық әдіс-тәсілдерін меңгеріп жатыр. Мамандар жыртқыш құстарымен танылған Алматы хайуанаттар бағындағы қанаттыларды да еркіндікке жіберуге болмайтынын ескертеді. Өйткені мұндағы аң-құстар еркіндікке шықса, тамағын тауып жей алмауы да әбден мүмкін. Қала берді ол құстардың адамдардан қорықпайтыны да кері әсер етеді. Әлемдегі хайуанаттар бағы жануарларды табиғатқа шығаруға машықтап жатыр. Неге десек, табиғатта белгілі бір аң-құстардың қатары сиресе, дәл сондай жануарлардың санын хайуанаттар бағынан алып орнын толтырса, ғажап емес пе?
А.Рахимова бізге бірнеше жылдың бедерінде хайуанаттар бағының жұмысына қатысты туындаған мәселелер жөнінде тарқатып айтып берді.
– Алматы хайуанаттар бағы әлемдегі ең озығы немесе нашары деп айта алмаймыз. Өйткені мұнда хайуанаттарға қажетті жағдай жасалған. 2018 жылы аюларға, қасқырларға, жолбарыстарға қоршау салып бастап, былтыр соны аяқтадық. Тоғандарды жөндеуден өткіздік. Ендігі кезекте «Африкалық саванна» кешенін салу жоспарда бар. Онда сусиыр, піл, керік, мүйізтұмсық, зебраға арналған қоршаулар болады. Біз мүмкіндігінше хайуанаттардан төл алып қалуды ойлаймыз. Бұл хайуанаттар бағының ең үлкен олжасы саналады. Мысалы, біз былтыр жануарлардың 21 түрінен 71 төл алдық. Олардың арасында екі ягуардың төлі, керқұланның құлыны, керік төлі, мысықтектес лемурлар, ақтөсті аю, көк қошқар, еуропалық кербұғы, бүркіт және басқа аң-құс түрлері бар. Тіршілікте кез келген жануардың өмір сүру уақыты тоқтайтын кез болады. Мысалы, 2-3 жыл өмір сүретін балықтар, жылға жетпей өлетін жәндіктер бар. Жолбарыстар табиғатта 8 әрі асса 12 жыл өмір сүрсе, хайуанаттар бағында өмірі 18 жылға дейін ұзаруы мүмкін. Аюлар орта есеппен 20-25 жыл өмір сүреді. Біздегі аюлардан Кристина 24 жыл, ал Алькор 31 жыл жасады. Қар барыстары жайында айтсақ, 2016 жылы шу шыққанын білесіздер. Сол тұста ақпарат көздері қар барыстарын бірінен соң бірі қырылып жатқандай көрсеткен. Біздегі жұмысшылар жануардың өлгенін қаламайды. Оларға жанашырлықпен қарайды. Бауыр басып қалады. Ешкім олардың қорегінен жырып, пайда көрмейді. Біздегі екі қар барысы туыстық жағынан жақын барыстардан туған. Содан екеуі де бізге ауру болып келді. Операция жасаттық. Өкінішке қарай, бәрібір оңалмады. Айдың-күннің аманында Томирис деген шимпанземізден қатерлі ісік анықталғаны Приматтар бөлімінің меңгерушісі Шолпан Қайыпқызының жанына қатты батты. Тағы бір айтарым, біз циркке жануар бермейміз. Керісінше, бізге артист арыстан, пума әкелгендер болды. Олар қартайғанда келгенімен ұзақ өмір сүріп, тіпті төлдеді, дейді ол.
Ал эколог Азаматхан Әміртайдың айтуынша, түз тағысын қоршауда ұстауға болмайды. Неге десеңіз, тар жер жануардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
– Хайуанаттарды қамап ұстауға болмайды. Мұндай жағдайда тордағы жануар ауруға шалдығуы мүмкін. Түздің аң-құсын асырауды ойласақ, оларға ең әуелі жайлы орын сайлау қажет. Осыдан соң олардың ұзақ өмір сүруіне барлық қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Әрине, аумағы кең орын қала ішінде емес, сыртында болатыны түсінікті. Ал елдегі хайуанаттар бағы қаланың ішінде орналасқан. Дала жануарларының денсаулығын ерекше қарап отырған зоологтер жоқ. Азып кеткен жыртқыштарды да кездестіресің. Міне, осылайша алдымен кең жерді дайындап, қоршап, жануарларды ашық аумақта асырауға болады. Әрі осы орынды қонақтарға хайуанаттар бағы деп емес, «жануарлар әлемі» деп те көрсетуге әбден болар еді. Бірақ – бұл өте үлкен шаруа, дейді эколог.
Өз кезегінде Зоология институты директорының орынбасары Марина Чирикова елдегі үш хайуанаттар бағын сақтап қалу маңызды екенін айтты.
– Хайуанаттар бағы бізге қажет дер едім. Біріншіден, табиғатта түптамырымен жойылғалы тұрған аңдар сонда қорғалып, қайта көбейіп жатыр. Мысал ретінде, Германияның хайуанаттар бағында сақталып, кейін өзге хайуанаттар бағына тараған керқұланды (Прежевальский жылқысы) айтсақ болады. Есесіне, керқұлан бізге де жетті. Екіншіден, осындай жануарлардың тұқымын көбейтіп, арнайы бағдарламалар арқылы табиғатқа шығаруға мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, біздегі хайуанаттар бағы да осы жайға басымдық беріп отыр деп айта алмаймыз. Себебі бізде хайуанаттар бағына қатысты қордаланған өзге де мәселелер баршылық. Үшіншіден, аң-құстардың санын арттыруды ғылыми тұрғыда зерттеп-зерделеуге болады. Егер жануарларға дұрыс көңіл бөліп, қарайласа, олар кәнігі табиғатта еркін көсіліп ойқастап жүрген аң-құстардан да ұзағырақ өмір сүреді. Өйткені жабайы жануарлардың қарны тоқ, жауы жоқ болса әрі дәрігерлер ұдайы бақылап отырса өмірі де ұзағырақ болады. Кез келген жануар ауырып немесе қартайып өлуі мүмкін. Қазір әлемдегі хайуанаттар бағында табиғаттан алынған аң-құстар ілуде біреу. Олар қарасы азайып бара жатқан жануарларды бір-бірінен алып отырады. Сондықтан біз кем дегенде Шымкент, Қарағанды және Алматыдағы үш хайуанаттар бағын сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын, дейді биолог ғалым.
Ресми деректерге сүйенсек, әлемде 1 500-ге жуық хайуанаттар бағы бар. Оның ішінде Берлин, Лондон, Сан-Диего, Сингапур, Париж хайуанаттар бағы сынды көш ілгерілері де кездеседі. Онда жер жүзінен жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған хайуанаттардың небір түрі қайта көбейген. Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан сафари-парктердің де төресі бар. Олар иен даланы мекен ететін жануарлар әлемін қорғаумен шектелмей, жақсы табыс тауып отыр. Сан-Диегоға туристердің басым көпшілігі пандаларды көруге барса, бізде жыртқыш құстар тобы мен өзге елдерде өте сирек кездесетін ақбөкендерді тамашалауға келетіндерге жақсы жағдай жасалса, қанекей? 1937 жылы ашылған Алматы хайуанаттар бағында қызметкерлердің жалақысын, аң-құстардың қорегін мемлекет қаржыландырады. Қонақтардан түскен аз-маз табыс жануарлардың дәрі-дәрмегіне, жөндеу жұмыстары сынды өзге де шығындарға жұмсалады. Міне, сондықтан хайуанаттар бағы керек пе деген сауалға келгенде қоғам екіұдай ойда қалады. Білікті экономистер қызмет көрсету сапасына көңіл бөлінсе, кез келген іс алға басатынын үнемі айтып отырады. Ендеше, хайуанаттар бағына да осы қағида бойынша назар аударатын шақ таяған секілді.