Әлемдегі халық саны ғасыр соңына қарай азаюы мүмкін деген болжам бар. Табысы жоғары болған сайын адамдардың бала туу көрсеткіші төмендейді. Мұның себептерін Aikyn.kz ресейлік РИА Новости материалына сілтеме жасап түсіндіреді.
Рим клубы халықаралық сараптама орталығының тапсырысымен жасалған болжам бойынша сегіз миллиардқа жеткен әлем халқының саны XXI ғасырдың ортасында өсуін тоқтатады. Осыдан кейін ол құлдырай бастайды.
Зерттеушілер бұл болжамды құрастыру кезінде туу көрсеткішінің төмендеуіне әсер ететін әлеуметтік және экономикалық факторларды ескерген. Олардың қатарында табыстың өсуі мен білім деңгейінің жоғарылауы бар.
Ғалымдар үкіметтердің ұстанатын саясатына байланысты туу көрсеткіші екі сценарий бойынша дамитынын айтады. Егер бүгінгідей саясат өзгермесе, онда 2046 жылға қарай әлем халқының өсімі тоғыз миллиардқа жақындайды, ал ғасырдың соңына қарай бұл сан 7,3 миллиардқа дейін төмендейді.
Ғылыми болжам бойынша, толық экологиялық немесе климаттық құлдырау болмайды. Бірақ жергілікті дағдарыстардың ықпалы ғасырдың ортасына дейін артады.
Екінші сценарийге сәйкес, әлем халқы 2040 жылға қарай небәрі 8,5 миллиардқа дейін өседі, ал алдағы 60 жылда 6 миллиардқа дейін төмендейді. Зерттеу авторларының пікірінше, егер үкіметтер білімге, әлеуметтік қызметтерге инвестицияны арттырса дәл осы болжам орындалуы мүмкін.
Ғалымдар тобы адам санының азаюы адамзат өркениетіне және қоршаған ортаға оң әсер етеді деп есептейді. Парниктік газ шығарындылары күрт төмендейді. Жаһандық жылыну екі градустық белгіден төмен түседі, жабайы табиғат бірте-бірте қалпына келеді.
Бұл жерде айтарлықтай теріс салдарлар да бар: халықтың орташа жасы ұлғайған сайын әлеуметтік салаға түсетін салмақ айтарлықтай артады. Қазірдің өзінде Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерде бұл тенденция айқын көрінуде.
2020 жылы да Сиэтлде (АҚШ) орналасқан денсаулықты бағалау ғылыми ұйымының зерттеуі де 2100 жылға қарай әлем халқының саны 6,3 миллиардқа дейін төмендейді деген болжам жасаған. Олар демографиялық шығыны 48 пайызды құрайтын Қытай елінде депопуляция күшейгенімен, 2035 жылға қарай бұл мемлекет әлемдегі ең ірі экономикаға айналатынын, бірақ ғасырдың аяғында ол қайтадан АҚШ-қа жол беретіні айтылған.
2022 жылдың жазында БҰҰ да жаһандық демографиялық болжамды жариялады. Оған сәйкес, Жер халқының өсуі баяулағанымен, ол жылдам және соншалықты күшті болмайды. Дүниежүзілік ұйым адам халқының саны 2080-жылдары 10,4 миллиардқа жетеді деп болжайды.
Бұл туралы Aikyn.kz былтыр қазан айында мақала жариялады. Ресейлік демографтар БҰҰ-ның халық саны жөніндегі болжамын ықтимал деп санайды. Олардың пікірінше, ең батыл болжамдарға сәйкес, Жер халқының саны жеті миллиардтан төмен түсуі екіталай.