Еліміздің жаңа тарихи шежіресінде ұлттық валютаның енгізілуі нағыз экономикалық және қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізудің, елдегі қалыптасқан дағдарыстан шығудың әрі жаңа кезеңге өтудің бірден-бір жолы болды. Англияда қазақ валютасының дизайны бекітілгеннен кейін мемлекет басшысының жеке тапсырмасымен отандық суретшілердің теңге кескінін әзірлеу жұмыстары Алматы қаласында ерекше құпия жағдайда жүргізілді. Бұл туралы осы жұмыстардың басы-қасында болып, тынымсыз еңбек еткен сәулетші, суретші дизайнер, ұлттық валютамыз – теңге дизайнын жасаушыларының бірі Хайролла Ғабжәлеловпен әңгіме барысында баяндалатын болады.
– Хайролла Мағауияұлы, ұлттық валютаның айналымға енгізілуі еліміздің тәуелсіздігін нығайту мен дербес дамуы жолында маңызды рөл атқарғаны белгілі. Өзіңіз басшылық еткен топтың ерен еңбегінің нәтижесінде теңгенің дизайны мен сапасы ойдағыдай іске асып, әлемдік өзге мемлекеттердің валютасы арасында өзіндік орынға ие болды. Сол кездегі теңгенің дайындалуы мен айналымға шығуы барысында түрлі қиындықты бастан өткердіңіздер. Өткенге бір оралсақ?
– Иә, өткенге көз жүгіртсек, 1991 жылдың аяғына қарай Кеңес өкіметі ыдырап, құрамындағы республикалар тәуелсіздіктерін алып, тарап жатты. Әрбір дербес мемлекеттің атрибуттары: Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, сонымен қатар тәуелсіздіктің айрықша белгісі ретінде ұлттық валютаның енуі негізгі шарт еді. Міне, осы аралықта конкурс жарияланған. Мен ол кезде «Қазақстан дизайн орталығын» ашып, бас директор қызметін атқарып жүрдім. Алдында біраз жыл қызметтес болған, Жоғарғы Кеңестің депутаты Тимур Сүлейменов екеуміз жаңа құрылып жатқан Ұлттық банкке бардық. Басшыларымен танысып, Ұлттық валютамыздың жобасын жасап жатқанымызды айттық. Эскизімізді Президент көрген соң Ұлттық банктің басқармасында бекітіліп, біз Ұлыбританияда алдын ала таңдалып қойған банкнот фабрикасына тез арада жетуімізге тура келді. Бірақ елімізде өз валютамызды енгізуге әлі қаулы шығарылмаған, Ұлттық банкпен де келісімшартқа отырмағанбыз. Ұлыбританияға жету үшін визаны Мәскеуден алу керек, ол да ұзақ уақытқа созылады, ал өзіміздің Сыртқы істер министрлігінде де ұзын-сонар кезекте тұрған адамдар жетерлік. Ойлана келе, осының бәрін өзім ұйымдастырып, сол кездегі шетелдік қызыл паспорт пен виза қолға тиген соң, өз қаражатыма бірге баратындарға ұшаққа билет алып, 1992 жылы қыркүйек айының басында Лондонға ұшып кеттік. Оның алдында салмақты да елеулі топ болсын деп, қазіргі дизайнер Меңдібай Алин мен Ағымсалы Дүзелхановтарды жұмысқа алған едім. Бірақ белгілі бір себептермен Дүзелханов пен Сүлейменов жұмыс тобынан шығып қалды да, Меңдібай Алин екеуіміз жұмысымызды жалғастырдық.
Банкнот, ақша шығару ұзақ уақыт пен үлкен қаржыны талап ететін өте күрделі, тек білікті мамандардың ғана қолынан келетін жұмыс екені белгілі. Ал бізде уақыт тығыз, ұлттық валютаны қысқа аралықта шығаруымыз керек. Лондонда бізге жедел түрде банкнот шығарудың қыр-сыры мен құпияларын оқытып, таныстырып, қалғандарын жұмыс барысында үйрете бастады. Ол жақта тынбай еңбек еттік, апта сайын, кейде айына бірнеше рет әрі-бері екі ел арасында құпия құжаттарды тасып жүруге тура келді. Бастапқыда Мәскеу арқылы, кейін Түрік әуе компаниясы келген соң Ыстамбұл арқылы ұшатын болдық. Маған сол кездегі Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов құпия құжаттарды қорғау мақсатында дипломаттық паспорт берген.
Қазір қолма-қол ақша банкноттарын пайдалану азайып, банкнот шығару жолдары да техниканың жедел дамуының арқасында жеңілденіп келеді. Ол кездері «Англияның фунтстерлингіне 6 жыл, немістің маркасын жасауға 2 жыл кетті», дейтін. Банкнот шығару барысында көп жұмысты әлемдік деңгейдегі санаулы мамандар темірді қолмен ойып істейтін болғандықтан біздің банкноттарымызды жасауға ұзақ уақыт кететін болды. Желтоқсан айының басында болса керек, Ұлттық банк төрағасының кабинетінде отырғанымызда, тікелей телефон арқылы мемлекет басшысы хабарға шығып, «Теңге наурыз айының аяғында елде болсын!», деген тапсырма берілді. Сол күні таң ата мен дереу Лондонға ұшып кеттім. Бүкіл фабрикадағы мамандармен ақылдасып, басқа да фабрикадағы мамандарды жинап, жағдайды түсіндірдім. Жұмысты жеделдету жоспарын жасадым. Кейін асыққан істің шикілігі алдымыздан шықты, бірақ оны да абыроймен орнына келтірдік. Алғашқыда біз өз бастамамызбен жүрсек, кейін Ұлттық банк Лондондағы «Англияның ханшайымы банкнот басқан фабрикасы» деген банкнот шығаратын фабрикамен келісім шартқа отыратын болды. Алдағы міндет «әрбір банкнотты қанша данадан шығаруға тиіспіз және жалпы көлемі қандай болуы керек?» деген мәселелер тұрды. Бірақ бұл сұраққа бізден ешкім жауап бере алмағандықтан, ағылшындар өздерінің жасы келген экономисін ұсынғаны бар. Ол халқымыздың саны мен экономикамызды есептеп шығарып берді. Сонымен қатар теңгенің құнын белгілеу де күрделі мәселелердің бірі еді. Сол кезде әлемдегі ең тұрақты деген валюта неміс маркасы болатын, сондықтан «бір теңге бір маркаға тең болсын деген» шешім қабылданды. Олардың есебіне күмәнданған біздің басшылар Назаров атты банкирге тексеруге жіберді. Кеңес өкіметінің 1961 жылы ауысқан ақшасын 1991 жылға дейін елімізде болған айналымдағы ақшамен салыстырғанда, ағылшындар есебінің дұрыс екендігіне көздері жетті.
Теңгенің Лондонда басып шығарылуы Қазақстан мен Англияның экономикалық қарым-қатынасын жақындата түсті, соңғы технологиямен шығарылған банкноттар үшін Англияның ханшайымы алтын белгімен марапатталды. Фабриканың бас дизайнерінің айтуынша, сол кезде жаңа шыққан теңгенің үлгісі мен біздің суреттерімізді Британияның музейіне сұратып алыпты.
– Алғашқы кезде теңге қанша банкноттан болды?
– Теңгеміз негізі жеті банкноттан тұрды. Жеті – қазақ халқы үшін киелі сан. Англияның бар-жоғы төрт-ақ банкноты бар. Біздің алғашқы шыққан бір теңгелік банкнотта әл-Фарабидің, үш теңгелік банкнотта Сүйінбайдың, бес теңгелік банкнотта Құрманғазының, он теңгелік банкнотта бастапқыда Әбілхайыр ханның, елу теңгелік банкнотта Назарбаевтың суреті болған. Бірақ Назарбаев банкнотқа суретін шығаруды кейінге қалдырыңдар деген соң, он теңгелік банкнотқа Шоқанның суретін салдық. Жиырма теңгеге Абайдың суретін, елу теңгеге Әбілхайыр ханның суретін, жүз теңгеге Абылай ханның суреті енді. Сонымен осы жеті банкнот теңгеміздің негізі болды. Оған қоса инфляциялық ақша ретінде екі жүз теңге қарастырылған. Кейін еліміздегі инфляцияның салдарынан 500, 1000, 2000, 5000, 10 000 теңгеліктер шығып кетті. Біздің теңгемізде портреттер болған соң, оны «портреттер галереясы» дейді. Ал теңгенің алғашқы нұсқаларында неше түрлі ежелгі дәуірдегі құрылыстар, табиғат көріністері мен Қызыл кітапқа енген аң-құстар бейнеленген.
– Еске түсіп жатыр, теңге айналымға шыққан жылдары қағаз тиындар да қатар жүрді емес пе?
– Бастапқы кезде қағаз ақша Англияда, тиындар Германияда басылатындықтан, қағаз ақшаның жұмыстарымен өзім айналысып, ал Германияға бір рет барғаным болмаса, екі жаққа шапқылауға мүмкіндігім жетпеді. Кейін тиындарды шығару жұмыстары басқа адамдарға тапсырылып, бірақ олар ештеңе ұйымдастыра алмай, тиындар өз уақытында шықпай қалды. Тиындар дайын болмағандықтан амал жоқ «уақытша» деп қағаз тиындарды шығардық. «Екі айда шығады» деген тиын үш-төрт жылдан кейін ғана дайын болып, эшелонымен шыққан тиындардың пайдасы болмай, бәрі тікелей қоймаға кеткені бар.
– Дайын болған теңгелер елге қалай тасымалданды?
– Президентке берілген уәде мерзімінде орындалды. Наурыз айының соңында дайын болған банкноттарымызды елге жеткізу мәселесі тұрды. Ол кезде Алматыда жүк таситын «Саяхат» әуе компаниясы болған, бірақ оған сенімсіздік танытылып, Шымкенттің жүк таситын ұшағы жалданды. Басшысы Узифулла Әжмолдаев деген жігіт өзі басқарып басы-қасында жүрді. Бүтіндей бір мемлекеттің бүкіл ақшасын бірден шұғыл түрде тасып жеткізу оңай емес, бірақ алғашқы партиясы қайткенде де елге жетуі тиіс. Сонымен тағы бір қиындыққа тап болған кезіміз, Алматыдан шығатын ұшақтың жанармайы Лондонға дейін жетпейтіндіктен, Ресей аймағына қонып, жанармайын толтырып әрі қарай ұшуы қажет. Ал қайтқан кезде құпия жүкпен басқа елдің аймағына қонуға болмайды. Не істеу керек? Ақылдаса келе жер шарының айналуын есептеп, қырық тонна жүкпен әуеге көтерілген ұшақтың артынан жел соғып ұшаққа көп ауырлық түспейтіндей, құйылған жанармайдың Лондоннан Орал қаласына дейін жететіндігін есептеп шығардық. Сөйтіп, ақша тасу науқаны басталды. Осы жобаны Ұлттық банк орынбасары Мірсұлтан Тұрсынов басқарды. Сол кездегі операцияға қатысқан жігіттер күндіз-түні уақытпен санаспай керемет жұмыс істеді.
– Осы жұмыстың басы-қасында түгел өзіңіз жүрген екенсіз, теңгені шығару барысында түрлі пікірлер мен келіспеушіліктер де, қиындықтар да кезіккен шығар?
– Жұмыс барысында бәрі болды. Егемендікті енді алған елімізде төл теңгені дайындау қаншалықты жауапты жұмыс екенін тек сезіну керек. Алғашқы төл теңгені қолына ұстаған қазақтардың қуаныштарында шек болмады, рухтары көтеріліп, көздеріне жас алмаған қазақ кемде-кем шығар. Сонша қиыншылықтардан кейін елдің көкірегінде үміт оты жарқ етіп, өзінің тәуелсіз мемлекеті үшін мақтаныш пен үлкен сенімділік пайда болған еді. Ал сол ұлттық валютаны қолымызға ұстағанға дейін қанша тер төккеніміз өзімізге аян.
1993 жылдың тамыз айында Ресей өз ақшасын шығарып, бізге рубль бермей қойды. Сол кезде қоймада бірнеше айдан бері жатқан теңгемізді тез арада айналымға енгізу туралы, сол кездегі Премьер-министр Терещенко бүкіл үкімет құрамын жинаған кеңесте бәрі қашқалақтап баяндаманы өзім жасадым.
Теңге айналымға шығар алдында құрамында О.Жандосов, Ө.Шөкеев, Б.Ізтілеуов, С.Мыңбаев, Г.Марченко сияқты қаржыгерлер мен экономистерден құралған комиссия болды. Олар бізге «неміс маркасының не керегі бар? Бізге Ресейдің рублі керек», деп бір теңгені Ресейдің 500 рубліне теңеп, теңгені айналымға енгізді. Алғашқы күні 1 доллар 4 теңге 50 тиын болған. Бірақ барлық республикалар өз валюталарын шығарып, теңгені онсыз да құнсызданып жатқан Ресейдің рубліне теңеген комиссия мүшелерінің қателігінен теңгеміз әу бастан-ақ инфляцияға ұшырап құлдырап кетті.
Банк басшылары жиі ауысып, төрағалыққа келгендердің бәрі аты тарихта қалу үшін тез арада өз қолдарын қойып, жаңа теңге шығаруға асыққандары белгілі. Бір рет маған халықаралық сарапшы хабарласып, «Марко Полоның сіздерге қандай қатысы бар?», деді. Мен таңғалып, не болғанын сұрасам, «Сіздердің банктеріңіз сондай теңге шығарғанын білмейсіз бе?», деп кітабын жібергені бар. Кейін бірнеше рет «Хабар» телеарнасы эфирден көрсетіп, айдаладағы Марко Полоның портретімен банкнот шығарғанын, онымен қоймай елімізде болып жатқан спорт ойындарына, өтіп жатқан әртүрлі конференцияға арнап, түрлі банкнот шығарғандарын қарапайым халық түгіл, біздер де, бұрынғы банкирлер де бейхабар. Үлкен жиындар да журналистердің, «қашан қазақша сөйлейсіз?», деген сұрағына, «қазақ тілінде сөйлемеймін», деп басынған Марченконың алдыңғы шыққан теңгелердің бәрін тиынға айналдырып жібергенінің ар жағында үлкен бір саяси сыр болғаны анық.
Теңгеміздің шыққанына 12 жыл толғанда Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов Әбілхайыр хан, Абылай хан, Абайдың суреттерін Қазақстанның картасы, Назарбаевтың алақаны салынған суретпен жаңа теңгеге айырбастады. Жаңа теңгеге халық қарсылық білдіріп, көптеген басылымда ашық хаттар жарияланды. Сол кездегі Мәжіліс депутаттары Виктор Егоров, Амангелді Айталы, Әлихан Бәйменов сынды депутаттардың ұйымдастыруымен қырық екі депутат қол қойған хат Президентке жолданғаны бар. Бірақ ол жетер жеріне жетпеді. Жаңа ақшаларды өзіміздің банкнот фабрикасы бола тұра Мальтаға апарып басып, оны ұшақпен тасып, соңы қып-қызыл үлкен дауға айналған оқиғалар да болды.
– Теңгенің жарыққа шығуына қосқан үлесіңіз бен сіңірген еңбегіңіз бағаланды ма?
– Теңге – тарихымыздағы орны бөлек, тәуелсіздігімізбен байланысты маңызы ерекше атқарылған үлкен іс. Бірақ оны бағалап отырғандардың аз екені белгілі. Мемлекет өз тәуелсіздігін теңге арқылы алды деуге болады. Рубльді Ресейден 65%-бен алып жатқанда, теңгені тез арада дайындауымыздың арқасында мемлекетімізге жүздеген триллион рубль пайда келтірдік. Оны көпшілік біле бермейді, ал білетіндер жұмған ауыздарын ашпайды, айтқылары келмейді. Қазіргі көптеген журналистің қолдарында ешқандай дәлелі болмаса да, «теңге жасауға мен қатыстым», дегендерге сеніп, соларды насихаттап жаза беретіндері бар. Тіпті атын естімеген адамдардың есімдері «теңге жасауға қатысты» деп Википедияға енгізген. Бас банкирлердің жиі-жиі ауысуына байланысты теңгенің шынайы шығу тарихын білетіндерден санаулы адам қалды. Менің қолымдағы келісімшарттар, сол кездегі фабрикада теңгеге қатысты жұмыс барысындағы суреттерім, паспорттарым болғанның өзінде, Қазақстандағы бір телеарна журналисінің мен туралы күмәнданғанын естігенімде, оның жас екенін біліп,«мен теңге жасап жүргенде ол қайда болды екен?», деп таң қалған едім.
Міне, теңгенің шыққанына отыз жыл болды, біраз нәрсе ұмытылып барады, араласқан адамдардың көбі дүниеден өтті. Мүмкін теңгенің тарихын бүгін соңғы рет жазып отырған да шығармыз, бұдан кейін ешкімге қызық та болмауы мүмкін ғой. Сондықтан теңге тарихына қатысты барлығын айтып кеткім келіп отыр.
Қазақстан алғаш тәуелсіздігін алған кезде Джек Лондонның алтын іздеушілерін жазғанындай, біздерге де барлық саладан нарыққа кіру үшін іскер мамандар ағылып келіп жатты. Сол сияқты түрлі мемлекеттердің банкнот фабрикаларынан, «ақшаларыңызды басып береміз», деген ұсыныстар да көп болды. Англияның ханшайымы банкнот басқан фабрикасы Қазақстаннан жұмыс алу үшін өте тәжірибелі маман, жасы келген Джон Брайс Гибон деген лордты шақырды. Біраз жұмыс жасалынып жатты. Бірде ең алғашқы теңгелердің үлгісін қарасам, микротекстері біздердің көрсеткеніміздей емес, айтқан құпиялардың біразы жоқ. «Мынауың не, бұл біздегі лоторея билеттерімен тең ғой», деп атып тұрып, бетіне бір-ақ лақтырдым. Мен бірден Ұлттық банкке, «мыналар тыңдамай масқара болып жатырмыз», деп қоңырау шалдым. Банк төрағасының орынбасары Мірсұлтан Тұрсынов та қызуқанды жігіт еді, төрағаның кабинетінде жиын болып жатқанына қарамастан, кіріп барып, жағдайды баяндаған екен. Төраға, «өзің шеш», депті. Ол кезде ең алғашқы факс сол банкте болған, төрағаның қолымен «Ұлттық банктің өкілі Ғабжәлеловті тыңдаңдар, болмаса басқа фабрикаға кетеміз» деген факс келді. Жаңағы факстен кейін фабриканың бүкіл басшылары келіп, кешірім сұрап, айтқандарымызды екі етпей, теңгенің өте сапалы шығуының басты себебі де осы болғаны бар. Кейін Ұлттық банкті де көп араластырмай шығармашылықпен еркін жұмыс істедік, теңгені басып шығаруда соңғы технологиялық жаңалықтарды пайдаландық.
Тағы бір оқиға, ағылшындар көп қақпайлап, банкнотқа әл-Фарабиді салдырғылары келмеді. Біз алғашқы уақытта бүкіл әлемнің қаржы саласында жаңа шыққан теңгеміздегі әл-Фарабидің сәлдесімен Қазақстанның мұсылман мемлекет екенін көрсеткен екенбіз. Батыстың Ресей империясы мен алып Қытайдың ортасындағы мемлекетке өз идеологияларын кіргізу ойлары болған екен. Қазір жаңа теңгенің жалпы саны қанша екенін білу қиын. «Халықаралық көрмелерде жүлде алып жатыр» дегенді естиміз. Ол қандай көрмелер, кімдер ұйымдастырып жатыр, табыс табу үшін ұйымдастырылған болса, олардың құны көк тиын. Кезінде Кеңес өкіметінен қуылған Солженицынға Кеңес өкіметін жамандап жазған кітабы үшін Нобель сыйлығын берген еді. Сол сияқты өз ұлтыңды төмендететіндей беті жылтыр, іші мағынасыз тірліктер жасасаң, Батыс қол шапалақтап қарсы алып, жүлделердің неше түрлерін бере береді, себебі біз – ұлттық мемлекетпіз.
Иә, қысқаша теңгенің тарихы осындай. Алғашқы шыққан теңге өз міндетін атқарды, бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің бәрі сол теңгеміздің арқасында. Ұлттық банктің төрағасы болған Дәулет Сембаев бір сұхбатында «Үлкен жұмыс жасалып еді, бірақ теңге мемлекетіміз тарапынан елеусіз қалды» деген. Шынында да, солай болды, ешкім алғыс та айтпады. Бірақ мен өкінбеймін, төл теңгеміздің шығуына өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Өйткені билікке емес, халыққа қызмет істеп жүрген адаммын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлмира Бағытқызы