Тоқаев: Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат – Altyalash.kz ақпараттық агенттігі

Тоқаев: Еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысы басталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бірлігі  мен ынтымағы бәрінен де маңызды екеніне тоқталды.

«Еліміз жақында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат.

Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналды. Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара. Мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылады.

Мен былтырғы сессияда Ата заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді.

Біз «бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайды» дейміз. Әрине, бұл – дұрыс пайым. Бірақ бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі.

Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек.

Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!» – деді Президент.