Ұланбатырда Қазақстан-Моңғолия үкіметтерінің Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының тоғызыншы отырысы өтті. Комиссия отырысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылығы, көлік, мәдениет және спорт, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер қаралды.
Іс-шарада сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Дархан Қыдырәлі Моңғолия тарапының қонақжайлылығына алғыс білдіріп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көліктік-логистикалық, инвестициялық салалардағы байланыстардың қазіргі жағдайына тоқталды.
2020 жылы пандемияға байланысты тоқтап қалған «Ұланбатыр – Алматы – Ұланбатыр» бағытындағы әуе қатынасы қайта іске қосылды. Дегенмен екі ел астаналарының арасын қосатын әуе рейсін ашу, сондай-ақ «Ұланбатыр – Ховд – Өскемен» бағытында әуе және автокөлік байланысын іске қосу күн тәртібінде тұр.
«Қазақстан достас әрі бауырлас Моңғолиямен тығыз көпсалалы байланысты дамытуға мүдделі және бұған ерекше мән береді. 2022 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық мерейтойын атап өттік. Биыл Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойғанына да 30 жыл толып отыр», деді Д.Қыдырәлі.
Қос тарап Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және екі елдің экономикасының дамуына елеулі үлес қосатын ірі жобаларды жүзеге асыруға мән берді. Сондай-ақ мәдениет, білім, ғылым, туризм, ақпарат, дін, азаматтық қоғамды дамыту және жастар саясаты салаларындағы байланысты күшейту жайы қозғалды.
Моңғолияның қаржы ми-нистрі, Қазақстан-Моңғолия Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Болдын Жавхлан екіжақты қарым-қатынастың әлеуеті үлкен екенін айтып, Моңғолия ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал және егін шаруашылығы бағытында Қазақстанмен тәжірибе алмасуға мүдделі екенін білдірді.
Отырыс қорытындысында тең төрағалар комиссия хаттамасына қол қою рәсімін жасады. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Моңғолияның Қоршаған орта және туризм министрлігі табиғат қорғау бойынша өзара меморандумға қол қойды.
Осы сапар барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті.
«Моңғолия Қазақстан үшін сенімді серіктес саналады және еліміз әртүрлі салалардағы өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлкен мән беріп келеді. Халықаралық ұйымдарда да тығыз әріптестігіміз бар. Осы орайда екі ел арасында білім және ғылым, ақпарат, археология саласында, әсіресе, ортақ музей ашу, көшпелілер тарихын бірге зерттеуде бірігіп жұмыс істеуге ниетіміз бар. Күні кеше Моңғолияның UBS арнасы мен «Хабар» телеарнасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл бағыттағы жұмысымыз жалғасады», – деді министр.
Сонымен бірге Д.Қыдырәлі министрліктің жұмысынан ақпарат беріп, алдағы уақытта бірге жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Өз кезегінде Лувсанцэрэн Энх-Амгалан мырза қос мемлекет арасында тығыз байланыс бар екенін және білім, мәдениет, археология саласындағы ортақ жобалар жасау туралы Д.Қыдырәлінің ұсыныстарын қолдайтынын айтты. Тараптар үкіметаралық гранттар аясында студенттерді оқыту, академиялық байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту жайын талқылады.
Сондай-ақ Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 9-отырысына келген Қазақстан делегациясын қабылдады. Ол Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланысқа жоғары баға беретінін айтып, комиссия жұмысына сәттілік тіледі.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Дархан Қыдырәлі президентке тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, делегацияны қабылдағаны үшін алғысын жеткізді.Мұнан соң тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық, экономикалық байланыс туралы сөз қозғады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕДҚАЛИ