Атырауда жол апатынан бір отбасының 6 адамы мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы бүгін, жергілікті уақытпен сағат 9:10 шамасында болған. Бұл деректі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Атырау-Ақтөбе бағытындағы тасжолда Lada Priora пен Yutong автобусы соқтығысқан. Жол апатының салдарынан жеңіл көліктегі 5 жолаушы мерт болды. Көз жұмғандардың арасында 1985 жылғы әйел, 2013, 2016, 2019 және 2021 жылғы балалар бар. Lada Priora жеңіл көлігінің 1982 жылғы жүргізушісі Атырау облыстық ауруханасында алған дене жарақаттары салдарынан көз жұмды. Мерт болғандар бір отбасының мүшелері – ерлі-зайыпты мен олардың төрт баласы», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жеңіл көлікпен соқтығысқан Yutong автобусы Атырау қаласынан Қызылқоға ауданындағы Сағыз стансасына күн сайын жолаушы тасымалдайтын қоғамдық екені анықталды.
Қазір аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол апатынан 4 адам көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.
Жол-көлік оқиғасы кеше, 17 маусымда болған. Жергілікті уақытпен сағат 16:15 шамасында республикалық маңызы бар Доссор-Құлсары-Бейнеу тасжолының 10-шақырымы тұсында Lada Priora және Toyota Camry автокөліктері соқтығысқан.
«Соның салдарынан Lada Priora автокөлігі отқа оранды. Көлікті тізгіндеген 1992 жылғы жүргізуші мен 22 жастағы жолаушы, Camry автокөлігінде отырған 1972 жылғы жолаушы оқиға орнында мерт болды. Toyota Camry көлігінің рөлінде болған 42 жастағы жүргізуші дене жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.