Үндістанның халық көп тұратын екі штатында соңғы бірнеше күнде 96 адам көз жұмды, қазір бүкіл ел аптап ыстықтан зардап шегіп отыр. Уттар-Прадеш пен Бихар штаттарында ауа температурасы 45°C-қа дейін көтерілді, деп хабарлайды The Guardian сайты.
Өлім-жітім солтүстік Уттар-Прадеш штаты мен шығыс Бихар штатында көп тіркелген, билік аталған штаттардың 60 жастан асқан тұрғындарына және әртүрлі аурулардан зардап шегетін басқа да адамдарға күндіз үйден шықпау керектігін ескертті.
Уттар-Прадеш штатының Баллия ауданында 54 адам қайтыс болды. Билік өкілдерінің айтуынша, көз жұмған адамдардың басым бөлігі 60 жастан асқан.
Баллия ауданының медицина қызметкері С.К.Ядав соңғы үш күнде аудандық ауруханаға аптап ыстық салдарынан бұрынғы дерті асқынған 300-ге жуық науқас түскенін айтты.
Ауыр жағдайға байланысты билік жедел жәрдем бөліміндегі төсек санын көбейтті.