АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіптерді азайту жөніндегі агенттігі (DTRA) 26 жылдан астам уақыт бойы ядролық қаруды таратпау бағытында елімізбен бірлескен іс-шараларға атсалысып келеді. Ұйым Семей ядролық сынақ полигонында жүзеге асырылған бірнеше жобаны қаржыландырды. Әсіресе 209 ядролық сынақ жүргізілген «Дегелең» сынақ алаңында көп іс тындырылды.
Қазақстандағы АҚШ елшілігінің мәліметі бойынша 1994 жылдың жазында Американың ведомствоаралық экспедициясы Қазақстанға келіп, алты апта бойы Семей полигонының Дегелең таулы аймағын зерттеді. 1963 жылы ядролық қаруды сынауға ішінара тыйым салу туралы шартқа қол қойылып, ауада, ғарыш кеңістігінде, су астында ядролық сынақтарға тыйым салынғаннан кейін, Кеңес үкіметі 340 жерасты ядролық сынақтың 186-сын Дегелең тау сілемінде өткізді. Осыны негізге алған АҚШ тарапы ядролық сынақтар үшін пайдаланған барлығы 181 тоннельді тез және қауіпсіз түрде жабуды Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) басшылығына ұсынады. Бұдан соң Қазақстан АҚШ Қорғаныс министрі Уильям Перриге ядролық сынақ жүргізу инфрақұрылымын қауіпсіз жоюға көмек көрсету жөнінде ресми сауал жіберді. Екі жақ уағдаласқан соң, қауіп-қатерді бірлесіп азайту бойынша «Нанн-Лугар» (CTR) бағдарламасы әзірленді. Көп ұзамай жоба басталды. DTRA мен Қазақстан жылына 60-қа жуық тоннельді жапты. Сынақ инфрақұрылымын жою процесі үш жыл ішінде аяқталды. Қазір барлық сынақ инфрақұрылымы қауіпсіз жағдайда.
Дегелең алғашқы жобасы аяқталған соң, бірнеше жылдан кейін ҰЯО бүкіл Семей полигонындағы радиологиялық мәселелер бойынша кешенді бағалау бағдарламасын бастады. Орталық қызметкерлері солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытты картаға түсіріп, ядролық қалдықтар қалған аймақтарды анықтады. Оларды жою үшін DTRA қайтадан ҰЯО-ға серіктес болды. 2013 жылы екі мекеме алғашқы ядролық сынақтар өткізілген алаңда толық жүйелі зерттеу жүргізуге келісті. Бастапқыда кейбір атмосфералық немесе жерүсті сынақтар қалған қалдықтар жер бетінен біркелкі жойылса, кейбір жағдайларда жиналған қалдықтарды қазып, оны алаңнан тыс жерде қауіпсіз сақтау үшін тасымалданды. Ал қалдықтар аз шоғырланған жерлерде, оны анықтау қиынға соқты. Ол үшін жерді жыртуға және одан әрі материалды сұйылтуға тура келді.
Қазір ҰЯО тобы Семей полигонындағы аумақта шынайы радиологиялық бағалау жұмыстарын жалғастырып келеді. Барлық аймақ 2021 жылдан бастап зерттеліп жатыр.
«Ядролық қаруды таратпау режімін Қазақстан өте қолайсыз кезде қабылдады, сол үшін осы елге өте ризамын. Менің ойымша, біздің сынақ алаңындағы жұмысымыз әлемді қауіпсіз жерге айналдыру жөніндегі күш-жігеріміздің жалғасы», дейді DTRA таратпау бағдарламасының менеджері Марк Гибсон.
АҚШ Елшісі Уильям Мозер бұл лауазымға тағайындалысымен көп ұзамай Семей полигонына барды. Сапар барысында елші Дегелең аласа тау сілемінде де болды. Бұл аймақта АҚШ үкіметі ядролық сынақтар үшін пайдаланылған 181 тоннель жойып, ИГР зерттеу реакторын құруға көмек көрсетті. Ол жоғары байытылған реактор отынын аз байытылған отынға айналдырады.
Айта кетсек, DTRA агенттігінің негізгі мақсаты АҚШ Қорғаныс министрлігіне, АҚШ үкіметіне және халықаралық серіктестерге жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұруға және оның таралуын тоқтатуға ұсыныс беру. Бұрынғы Семей сынақ полигонында өткізілетін жоба DTRA агенттігінің халықаралық одақтастармен және серіктестермен бірге жүргізіп жатқан ядролық қаруды таратпау бойынша маңызды жұмысы осының бір мысалы болып табылады. DTRA агенттігі – қаржылық қолдау жағынан, сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздылығы жағынан Ұлттық ядролық орталықтың ірі серіктестерінің бірі. Сондай-ақ ядролық қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы екіжақты қатынастың басым бағыттарының бірі.
Жалпы, Семей сынақ полигоны кеңес одағының ядролық бағдарламасы шеңберінде құрылған еді. 1947 жылы Шығыс Қазақстанда сайын даланың ортасында салынған полигон шамамен 7 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Онда 1949 жылы 29 тамызда кеңес одағы алғашқы ядролық сынақ өткізді. 40 жыл ішінде Семейде 456 ядролық жарылыс жасалды, оның 116-сы жер үстінде, 340-ы жер астында сыналды. 1991 жылы кеңес одағы ыдырағаннан кейін сынақтар тоқтатылды, көптеген ғалым мен әскери қызметкер полигоннан ғана емес, елден де кетті. Алаңда көптеген тоннель мен ұңғыма қалды. Бұған қоса, мүлдем пайдаланылмаған ядролық материалдар қалды. Олар халыққа қауіпті болды, ал оның таралуы бүкіл әлемге қауіп-қатер төндірді. Алайда жас мемлекет Қазақстан халқы жаңа үкімет бұл мәселені шешеді деп үміт артты. Сынақ алаңы жабылған соң, 1993 жылы 15 мамырда Ұлттық ядролық орталық құрылды. Орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков полигон жабылғаннан кейін ҰЯО бірнеше мәселені шешуге мәжбүр болғанын айтады.
«Ядролық қару сынақтарының инфрақұрылымын, салдарын жою қажет болды. Осы үлкен және маңызды мәселені қалай жүзеге асырамыз деген қорқыныш болды. Алайда көптің көмегімен, атап айтсақ, халықаралық ынтымақтастың шеңберінде шешімін таптық», дейді ҰЯО-ның бас директоры.
Ұлттық ядролық орталық DTRA-дан басқа, АҚШ Энергетика министрлігімен, яғни Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасымен (NNSA) тығыз жұмыс істейді. NNSA Қазақстанмен бірге бұрынғы Семей сынақ полигонында орналасқан «Байкал-1» реакторлық кешенінде ұзақ уақыт сақтау үшін Ақтаудағы БН-350 нысанынан 775 ядролық қару жасауға жететін 10 метрикалық тонна жоғары байытылған уранды (ЖБУ) және 3 метрикалық тонна плутонийді тасымалдады. Бұған ҰЯО мен «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты-Қазатомөнеркәсіп» (МАЭК-Қазатомөнеркәсіп) маңызды рөл атқарды.
NNSA Нидерландымен серіктестікте радиоактивті көздер бойынша екі ірі жобаны 2019 жылдың шілдесінде аяқтады. 2012-2019 жылдар аралығында негізінен Нидерландтың Сыртқы істер министрлігімен қаржыландырылған және NNSA-ның қолдауымен жүзеге асырылған екі жоба ҰЯО мен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптегі» радиоактивті көздерді түгендеп, тіркеді және оған басшылық жасады. Екі ұйым қызмет мерзімі аяқталған Қазақстандағы радиоактивті көздерді басқару бойынша ұзақмерзімді шешімдерді ұсынады. Бұл жерде мамандар радиоактивті көздер барлық кезде қауіпсіз және сенімді түрде басқарылуы керек екенін алға тартады, өйткені олар қызмет мерзімі өткен соң да жоғары радиоактивті болып қала береді. Мұндай техникалық жағынан ауқымды жобалар екі нысандағы 13 300-ден астам радиоактивті көздердің қауіпсіздігін арттырды. ҰЯО, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп», Ядролық технологиялар қауіпсіздігі орталығы және басқа да техникалық ұйымдардың мамандары бұл жұмысты ірі, пайдаланылмаған медициналық және өндірістік құрылғылардан көздерін шығарып алу, сипаттамаларын анықтау, оларды ыстық камераларда кондициялау, ұзақ уақыт қорғауыш контейнерлерде шоғырландыру арқылы жүзеге асырды.
«Нидерланд әріптестерімізге осы маңызды жобаларды қолдағаны үшін алғысымызды айтамыз. Радиоактивті көздерді жою процессін басқару – радиологиялық қауіпсіздіктің маңызды аспектісі. Атом қуаты халықаралық агенттігі пайдаланылмаған көздер реттеуші бақылаудан шығу қаупін тудыратынын мойындайды. Олар жоғалуы немесе қараусыз қалуы мүмкін», дейді Ядролық қаруды таратпау жөніндегі NNSA әкімшінің қорғаныс жөніндегі орынбасары доктор Брент Парк.
NNSA-ның Материалтану және азайту (M3) әкімшілігі материалдарды басқарудың толық циклі арқылы ядролық материалдардан туындайтын қауіпті жоюға кешенді тәсіл ұсынды. Бұл ИГР және ИВГ.1M зерттеу реакторларын жоғары байытылған уран реакторларын (ЖБУ) пайдаланудан гөрі төмен байытылған уранды (ТБУ) пайдалану қажетін дәлелдеп отыр.
ИГР реакторынан жаңа отын Үлбі металлургия зауытына 2019 жылдың желтоқсанында жеткізілді. Отын ТБУ-ға дейін сұйытылған. Бұл материал ИГР реакторында пайдалану үшін ҰЯО-на қайта тасымалданды. Ал ИВГ.1M зерттеу реакторы жоғары байытылған ураннан (ЖБУ) төмен байытылған уранға (ТБУ) 2021 жылы ауыстырылды. Жұмсалған ЖБУ отыны Ресей Федерациясына 2023-2024 жылдары ИВГ.1M реакторы ТБУ отынына сәтті ауысқаннан кейін тасымалданады деген жоспар бар.
Гүлнар ЖОЛЖАН